Айтыс өнеріне кештеу келсе де облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарда атой салған Тәушен (Тәуіркөз) Жорабекқызы 1932 жылы 2 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Шәуілдір ауданына қарасты (қазіргі Отырар ауданы) Қостерек ауылында дүниеге келіп, 2004 жылы осы ауданның Балтакөл ауылында 72 жасында қайтыс болған.
Тәушен апа айтысқа табиғатындағы дарын талантының арқасында ауыл арасында болатын түрлі той-томалақ, өнер кештерінде, айтта кездесетін қыз бен бозбаланың өлең айтып әзілдесуі мен қайымдасуында, сөз қағысуларында ысылып, тәжірибе жинап, көркемсөз құпиясын терең ұғынып, өз заманының әлеуметтік өмірінің зерттеушісі, айтыс әлемінің озық ойшылы деңгейінде келді. Сондықтан да ол айтыс өнерін көркемдігі мен мазмұны жағынан байытып, оны белгілі бір белеске көтеріп кетті. Ақынның айтыстағы ақындық тәсілі қарсыласын қысқа, ұтқыр да ұшқыр, ойлы, дәлелді жауаптармен қыспаққа алып, тұқыртып тастайтын.
Жасынан өлеңқұмар болған ол көптеген қиыншылықты көре жүріп, ақыры өзінің арманына жетіп, айтыстың қайнаған ортасына түсті. 1986 жылы Алматыдағы республикалық айтыста бірінші орынды иеленді. Қазақстанның халық ақыны, қызылордалық Манап Көкеновпен, Қырғызстанның халық ақыны Әшірәлі Айтаевпен, көкшетаулық халық ақыны Көкен Шәкеевпен де айтысқа түскен Тәушен апамыз өзінің оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екенін анық аңғартты. Тәушен ақын шынында да шаршы топта шашасына шаң жұқтырмайтын шайыр, «Отырардың Ақберені», «Ақ анасы» деген атпен ел есінде қала бермек.
Сәбира АЙТБАЙ,
Мәдениет саласының үздігі Түркістан облысы