Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жалпы білім беру мектептері және колледж түлектері арасында математика мен физикадан осы жоғары оқу орнының гранттары үшін пәндік олимпиада өткізілді.
Олимпиаданың мақсаты – дарынды оқушыларды қолдау болып табылады. Шараға облыстың 31 жалпы білім беру мектебі мен 2 колледжінен 179 түлек қатысты. Пәндік олимпиадада қазақ тілінде оқитындар арасында математикадан бірінші орынды облыс орталығындағы М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің түлегі Инабат Сұлтанғалиева жеңіп алды, екінші орынды Алға қаласындағы №3 орта мектептен Сандуғаш Құсайын мен Ақтөбе қаласындағы №36 орта мектептен Санат Орысбаев бөлісті. Үшінші орынға Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиядан Ерболат Қабыл, Қарғалы ауданындағы №2 орта мектептің түлегі Айнұр Баймағамбетова және Ырғыз гимназиясынан Қонысбек Қайыров лайықты деп танылды.
Орыс тілінде оқитындар арасында Ақтөбе қаласындағы №11 орта мектеп-гимназияның түлегі Садық Гюльмамедов математика пәнінен жеңімпаз болды.
Облыс орталығындағы №9 орта мектеп-гимназиясынан қатысқандар Назерке Кұлмұханова мен Мәдина Өтегенованың білімдері екінші орынмен бағаланды. Үшінші орынға Хромтау қаласындағы №4 орта мектебінің түлегі Алина Диярова, Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектебінің түлегі Александр Резник және №11орта мектеп-гимназиядан Жансерік Данияров ие болды.
Физикадан қазақ тілінде оқитындар арасынан бірінші орынды Ақтөбе қаласының Благодар орта мектебінің түлегі Нұрсайын Әнесов алды. Екінші орынды Ақтөбе қаласындағы №15 орта мектептің түлегі Нұрбол Мәденов пен №2 Бадамша орта мектебінен Даяна Кұмарова өзара бөлісті.
М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің түлегі Нұртуған Исатаев, Благодар орта мектебінен Ержан Пазылбекұлы және №36 орта мектептен Нұрлыбек Әлібеков үшінші орынды қанағат тұтты.
Орыс тілінде оқитындар арасында Ақтөбе қаласындағы №23 орта мектеп-лицейдің түлегі Даяна Кожахметова бірінші орынды жеңіп алды.
Екінші орын осы №23 орта мектеп-гимназияның түлегі Меруерт Киянбаева мен №20 орта мектеп-лицейден Динара Нұрғожиеваның еншісіне бұйырды. Үшінші орынды Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектептің түлегі Ғазиза Ахметова, №11 орта мектеп-лицейдің оқушысы Диана Әлімбекова және №23 орта мектеп-лицейден Абылай Шупанов иеленді. Олимпиада жеңімпаздарына бір жылға тегін оқу гранттары тапсырылса, екінші орын алғандар жылдық оқу ақысының 50 пайызынан және үшінші орын алғандар 33 пайызынан босатылатын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.