Өнер • 11 Қыркүйек, 2022

Алтай суреттері

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі Өнер музейінде қос бірдей сурет көрмесі өтіп жатыр. Бірі белгілі суретші Құдаш Нұрсадықовтың 60 жыл­дық мерейтойына орай ұйымдастырылса, екін­шісі «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің «Алтай ажары» атты көрмесі. 

Алтай суреттері

Суретті түсірген Тілеубек Шаяхмет

Әуелі айта кетерлігі, екі көрме де Құдаш Дәулет­қан­ұлының есімімен байланыс­ты. Неге десеңіз, шығыстың әр түкпірінде қылқалам ұс­тап жүрген жастардың басын біріктіріп, «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігін құрған Құдаш Нұрсадықов. Өнер десе, өмешегі үзіліп тұ­ра­тын ол осыдан екі-үш жыл бұрын суретшілерді бір ар­наға тоғыстырып, бірлестік құрды. Оны «Жаңғыру» деп атады. Ондағы мақсаты – таланты бола тұра көріне алмай жүрген жас қылқалам шеберлерін шыңдау еді. «Қа­зақ­тың өнерлі жастары аз емес. Бірақ қоғамда көріне ал­май жүр. «Жалғыздың үні шық­пайды...» демекші, бәріміз бірігіп іс қылсақ, берекелі болар деп ойладым. Бірлестікті «Жаңғыру» деп атағанымыз, осынау сурет өнерін өңірімізде жаңғыртайық, жаңартайық дедік. Ойымыз, арманымыз жүзеге асып келеді», дейді алпыс­тың асқарына шыққан суретші Қ.Нұрсадықов.

Аз уақыттың ішінде «Жаң­ғыру» шығармашылық бірлес­тігі бірнеше рет салмақты, танымдық тақырыпта сурет көр­мелерін өткізді. Ерек­ше айта кетерлігі, Алаш қай­рат­­­керлеріне арналған көр­мені көруге келген халықта есеп болмаған. Өскеменде бұ­­рын-соңды өткізілмеген бұл тақырыптағы көрме көп­ші­­лікті рухтандырғандай, жі­герлендіргендей болды.

Ал бүгінгі Құдаш Нұрса­дықовтың мерейтойлық көрме­сінде пейзаждар, пор­трет­тер, сюжеттік кө­рініс­терді көрер­мен назарына ұсы­нылған. Қыл­қалам ше­берінің картиналарынан ұлт­тық құндылықтың да иісі аңқиды. 1984 жылы Семей педагогикалық инсти­ту­тының графика факуль­тетін тәмамдаған Құдаш Дәулет­қанұлы осы уақытқа дейін бір сәтке қылқаламын қолынан тастамаған. Оның салған суреттерінің саны мыңнан асады. 2014 және 2015 жылдары Қытай мен Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі халық­аралық көр­мелерге, 2019 және 2021 жыл­дары Кипр мен Түркістанда өткен сим­по­зиумдарға қатысты. Бү­гінде ол «Сурет» балалар студия­сында ұстаздық етеді. Қ.Нұр­­садықовтың және «Жаң­­ғыру» бірлестігінің шығар­машылық көр­месін тамашалаймын де­се­ңіз, облыстық өнер музейінің есігі әрқашан ашық.

 

Шығыс Қазақстан облысы