Туризм • 11 Қыркүйек, 2022

Шымкент еліміздің туристік орталығына айналады

1177 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқарма­сы негізінен төрт бағытта жұмыс істейді. Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілге­рілетуі. Үшінші бағыт – сыртқы байла­ныстар. Және ең соңғысы – креа­тивті индустрия. Бұл қызмет атал­ған басқармаға жуырда ғана қала әкі­мінің тапсырмасына сәй­кес қо­сылды. Бүгінгі таңда Шым­кент қа­ла­лық мәслихаты бас­қар­ма ата­уын өзгерту бойын­ша ше­шім шығарып қойды. Тір­кеу жұ­мыс­тары аяқталған соң бас­қар­ма атауы өзгереді. Енді туризм, сыртқы байланыстар және креа­тивті индустрия басқармасы болып аталады.

Шымкент еліміздің туристік орталығына айналады

Шымкентте туризмді дамыту мақса­тында қаладағы инфрақұрылымдарға мо­ниторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады? Осы мәселеге алдымен көңіл бөлінуде. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Яғни ескі қала аумағындағы бұрынғы қалпына келтірілген қорған ғимараты. Тарихи құндылығына орай ол әлеуметтік желілерде басқа да жарнамалық құралдар арқылы насихатталып отырады. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Ол жерде тал-теректің, ағаштардың 500-ден аса түрі өседі. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнына да көп келеді.

Осыған орай Шымкент қаласында туризм сұранысқа қарай бірнеше бағыт­қа бөлінген. Мәселен, кейбіреулер киелі орындарға барғанды қалайды. Осы ретте басқарма Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Малайзия, Тайланд елінен Өзбекстанның тарихи жерлерін аралау­ға жыл сайын миллиондаған турист келеді екен. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сол ­саяхатшыларды бізге қарай бұру мақса­тында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін де киелі орындарға саяхат Оңтүстіктен бас­тау алады деген ұғымды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қожа-Ахмет Ясауи баба­мыздың кесенесі Түркістан қаласында орналасса, оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабірі – Шымкент қаласына кіретін Сайрам тұрғын алабында. Яғни зиярат етушілердің көбі алдымен Сайрамға келеді, сосын бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа барады, содан соң Түркістанға жол тартады.

Әкімдік өз тарапынан өзбек ағайындар­ға осы сакралды туризмді бірге дамыту бо­йынша ұсыныс беріп отыр. Мұндағы мақ­сат – егер туристер тарапынан қызығушы­лық болып жатса, Шымкент қаласында балама ретінде саяхаттау нысаны ретінде ұсыну. Осыған байланысты басқарма зиярат етушілерге барлық жағдайды жасау­ға дайын. Мәселен, тегін гид беріледі. Осы арқылы шетелден келетін туристер ағы­мын көбейтуді жоспарлап жатыр.

Одан бөлек те туристердің саяхат­тау нысанына байланысты әртүрлі сұра­ныстары болады. Оған, айталық, экстремалды туризмді жатқыза аламыз. Осы ретте қала іргесінде Бүркіт спорт ұйымы қызмет көрсетеді. Ол жерде мәселен, парашютпен секіруге болады. Сонымен бірге картинг бар. Сондай-ақ қала ішін аралау, балалар туризмі секілді бағыттар қосылған.

Биыл 1 қаңтардан бастап туризмді да­мыту бағытында елімізде арнайы бағдар­лама іске қосылды. Ол бойынша егер сіз Қазақстан ішінде кемінде 5 күн саяхат жасайтын болсаңыз және өзіңізбен бірге балаларыңызды алып жүрсеңіз, 17 жасқа дейінгі барлық балаңызға да әуе билеттері тегін. Бірақ сіз бүтін туристік маршрут сатып алуыңыз керек. Мәселен, Шымкент­ке келсеңіз, кемінде 5 күн тү­неу керексіз. Жататын қонақүй, баратын нысандар туристік оператор арқылы белгіленеді. Осы кезде ғана мемлекет әуе билетіне субсидия жасап береді. Сон­дықтан басқарма осы бағдарлама ар­қылы келетін туристердің балаларына арнап қызықты нысандар­ды әзірлеп жатыр.

Шымкентте сонымен қатар медици­налық туризм де ерекше қанат жайып келеді. Мәселен, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емде­луді қалайтын науқастар саны арта түс­кен. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу, онкологиялық кеселдермен кү­ресу, басқа да күрделі оталар жасау, соның ішінде трансплантология бойынша рес­публиканың үшінші мегаполисі оқ бойы озық келеді. Медициналық туризм­нің жарнамасын күшейту мақсатында бү­гінде арнайы буклеттер әзірленген. Онда Шым­кентте медицинаның қай саласы ерекше дамығаны, тіпті сол салада қандай білікті дәрігерлер бар екені туралы нақты мағлұматтар берілген.

Білім туризмін де ерекше атап өтуге болады. Осыған сәйкес қазіргі уақытта ше­­телдермен тығыз байланыста жұмыстар қолға алынып жатыр. Мысалы үшін Шым­кенттегі медициналық жоғары оқу орнында бүгінгі таңда 1 200-ден аса үндістан­дық студент оқиды. Сонымен бірге басқа да оқу орындарында әртүрлі елдерден ­кел­ген шетелдік студенттер білім алуда. Осы қарым-қатынасты ілгерілету мақ­са­тында білім туризмін дамытуға айрық­ша көңіл бөлініп отыр. Көбінесе ше­тел­дік студенттерді Шымкенттегі оқу орын­дары­ның бағасы мен осындағы жайлы орта қызықтырады.

Қалада туристерді жайғастыратын 140 орналастыру орны бар. Оның 28-і – қонақүй. Шымкент бір күнде 10 мыңға жуық саяхатшыны қабылдай алады. Ха­лықаралық стандартқа сәйкес бес жұл­дызды «Риксос Хадиша» қонақүйін айрық­ша атап өтуге болады. Одан бөлек «Қай­нар» қонақүйі де қазақстандық стандарт бойынша бес жұлдызды қонақүй санатына жатады. Сондай-ақ төрт, үш, екі жұлдызды және санаты жоқ қонақүйлер де бар.

Шымкентте туризмді өркендетудің, алдағы даму бағыттарын айқындайтын тұжырымдамасы әзірленіп, ол таяу уақытта жергілікті әкімдік тарапынан бекітіледі. Тұжырымдамада қаланың туристік әлеуеті жан-жақты сараланады. Соның ішінде туристік инфрақұрылымды қолға алу бо­йын­ша жоспарлар белгіленеді. Мұндағы бас­ты мақсат Шымкентке қыдырып кел­ген туристің қалада аралап көретін мә­де­ни-танымдық, серуен құратын қызық­ты орын­дары көп болуы қажет. Мега­по­лис республиканың оңтүстігінде орналас­қан­дықтан қалада шуақты күндер көп болады.

Ескеретін бір жайт, Өзбекстанға келе­тін ең көп туристердің ішінде Қазақстан бірінші орында тұр екен. Ал біздің елімізде ресейлік туристердің басқалардан қарағанда саны басымдау. Сосын Өзбекстан мен Түркия елдерінен келетіндер саны көп. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, өткен үш айда Шымкентке саяхаттаған азаматтар 94 мың адам болған. Алты айлық көрсеткіш бойынша 214 мың адам мегаполиске турист ретінде ат ізін салған. Мәліметті тарқата түссек, осы алты айдағы туристердің 14 мыңы шетелдіктер болды. Қалғанын ішкі туризмнің үлесі алып отыр. Яғни Шымкентке саяхат жасайтындардың басым бөлігі – республиканың түкпір-түкпірінен келетін өзіміздің отандастар.

уы

Сондай-ақ төрт халықаралық әуе рейсі арқылы Мәскеумен, Түркияның екі қаласы Анталья, Ыстанбұлмен және Грузияның Кутаиси қаласымен тіке­лей байланыс ор­натылған. Ендігі жерде Анкара қаласына бесінші тікелей әуе рейсі ашыл­ғалы отыр. Сонымен бірге чартерлік рейстер арқылы Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері елдерімен де туристік байланыс нығайып жатыр.

Шымкентте миллионнан аса халық тұрады әрі тұрғындар қалада өте тығыз орналасқан. Ал мегаполистің 500 шықы­рым айналасындағы халық саны 5 мил­лионға жетеді. Мың шақырым радиус­пен есептесек халық саны 10 миллионға шығады. Оның ішінде Ташкент қаласының да тұрғындары бар. Жергілікті әкімдік туристік белсенділікті арттыру үшін осыншама халықты қызықтыратын республика көлемінде ең ауқымды аквопарк салуды ойластырып отыр. Осыған байланысты Бадам су қоймасы маңынан арнайы жер аумағы айқындалып, оған баратын айналма жол салынып жатыр. Енді жаңа аквопарктің тұжырымдамасы әзірленеді. Ол бойынша аквопаркте қонақүйлер, отбасымен демалып, көңіл көтеретін орындар, балалар ойнайтын аттракциондар, түрлі сауда орталықтары болуы шарт. Қосымша инженерлік-коммуникациялық жүйелерге қосылатын нүктелер анықталды. Ендігі қалғаны – әлеуетті инвесторды табу. Егер инвестор аквопарк жобасын қолға алуға келісімін беріп жатса, әкімдік те өз тарапынан тиісті деңгейде қолұшын беруге әзір. Бүгінгі таңда жобаны бастап кетуге 3-4 инвестор дайын отыр. Сонымен бірге әкімдік жергілікті кәсіпкерлермен де тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр.

Одан бөлек қаладан туристік нысандарға баратын жол сілтегіштер қойылады. Және де Сайрам тұрғын алабынан 4 ақпарат­тық табло орнатылады. Таблода туристке керекті бүкіл мәліметтер жарияланады. Мәселен, турист осы нұсқамадан қай жерде жақын аурухана, полиция бекеті және сейіл құратын немесе зиярат ететін қасиетті орындар бар екенін оқып біле алады.

Бүгінгі таңда қаланың Шымкент си­ти аумағынан халықаралық деңгейдегі брендті 2 қонақүйді салу бойынша және брендті қонақүйлерді мегаполиске тарту жағынан тиісті жұмыстар қолға алынуда.

«Туризмді ілгерілетудің бірден-бір кө­мекшісі – ол маркетинг, яғни жарнама. Өз мүмкіндігін басқа біреулерге көрсете алған кәсіпкер сырттан туристерді өзіне шақыра алады. Егер әлеуметтік желілерге видео­мен көрікті бір жердің қандай керемет екені көрсетілсе, адамдар шынымен сонда баруға талпынады. Сондықтан маркетинг, жарнамалау туристік салада өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені адам жақсы бір жерді алдын көріп, естімеген болса, оны қайдан білсін. Сондықтан алдын ала жасалған жос­парымыз бойынша шетелдегі және барлық ішкі туризм бағытындағы туроператорлар­ға біздің әлеуетімізді көрсететін әртүрлі жарнамалық өнімдер ұсынамыз. Олар соны өздерінің тұтынушыларына жеткі­зіп, нәтижесінде Шымкент қаласында туристерге арналған қандай көрікті нысан­дар бар екенін жұрт біліп жүретін болады», дейді Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.

Шымкент қаласы мен Түркістан облы­сының туристері бір-біріне өте жақын, ал қала мен облыстағы туристік нысандар екеуіне де ортақ дүние болғандықтан басқарма аталған өңірмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Сондықтан Сарыағаш секілді бүкіл елге танымал шипажайлар жарнамасы Шымкентте де жасала береді. Ресми дерек бойынша бір турист Шымкентте 35 мың теңге жаратады. Сонда жоғарыда айтылған 6 айлық көрсеткіш бойынша Шымкентке келген 214 мың туристер санын 35 мың теңгеге көбейтсек, 7,4 млрд теңге шығады. Туристер ең кемі қалада 1 күннен 5 күнге дейін саяхаттайды. Сонда орта есеппен 2 күнді алсақ, жарты жылда қала экономикасына 14 млрд теңгеден астам табыс кіріп тұр. Ол тікелей бюджетті толтырмаса да осы салада қызмет көрсетіп жатқан қонақүй, такси, ойын-сауық орталықтары секілді кәсіпкерлік нысандардың пайдасына кенелді. Дей тұрғанмен олардан алынатын салық есебінде бюджеттің де бүйірі томпаятыны анық. Сонымен бірге бүгінгі таңда туризм саласында 30 мыңға жуық адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.

Маркетингті қолға алу аясында оқи­ғалы туризм де өркендейді. Шымкентті көп­шілік бір жағынан басқа өңірлермен салыстырғанда тамағының арзандау әрі дәмді екенімен көбірек таниды. Мега­полис гастрономиясын насихаттау мақ­сатында осы жылы тұңғыш рет нау­рыз «Дәмдәстүр» атты ауқымды іс-шара ұйым­дастырылды. Осы іс-шара аясында қала­дағы барлық белгілі дәмханалар мен желілік тамақтану орталықтары өздерінің өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сол кезде «Дәмдәстүрден» дәм ауыз тию­ге қаланың 20 мыңға жуық халқы жиналды. Оқиғалы туризм деп міне, осындай іс-шараларды айтады. Осылайша, ел тұрғындары арасында Шымкент – рес­публиканың гастрономиялық орталығы деген ұғым қалыптасса, екінші жағынан бұл да жергілікті бизнес үшін үлкен қолдау болып саналады. Ендігі ретте «Дәмдәстүр» жылда ұйымдастырылатын мерекелік дәстүрлі іс-шара айналмақ.

Сонымен бірге өткен жылы жастар арасында республика бойынша алғаш рет мобилография фестивалі өткізілді. Мұнда да көзделген жалғыз мақсат біреу ғана – туристік саланы дамыту үшін оның іргетасы болар маркетингті ілгеріле­ту. Мо­билография дегеніміз әдемі видео түсі­­ріп, әлеуметтік желіде жариялауды айта­ды. Осы кәсіпті меңгерген жас өзіне қо­сымша жұмыс тапса, екіншіден қала­ның кө­рікті жерлерін телефон камерасы­ның объек­тивіне іліндіреді. Фестивальды ұйым­дас­тырудағы екінші мақсаттың бірі міне, осы болды. Сол іс-шараға ша­қырылған 17 өңірдің 14-інен жастар келіп қатысып кетті. Сол қатысқан жастардың 70 пайызға жуығы – Шымкент қаласына бірінші мәрте келгендер. Бас жүлдеге Iphone 13 Pro Max ұялы байланыс телефоны қойылды. Айта кету керек, бұл фес­тивальда ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Орын алмағандардың өзіне іс-шараға қа­тысқаны туралы арнайы сертификат берілді. Фестиваль қала тұрғындарына ерекше ұнады. Тіпті респуб­лика көлемінде танылып, екі айдан соң дәл осындай байқауды Алматы қаласы да өткізді. Бүгінгі таңда белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаев Шымкенттен бастау алған бұл бастаманы іліп әкетіп, өзінің қоры арқылы республика бойынша фестивальды ұйымдастырып жатыр. Дегенмен биылғы екінші іс-шара алдағы уақытта Шымкент қаласында Нұрлан Қоянбаевтың қатысуымен тағы да өткізіледі.

Басқарма атауының сыртқы байла­ныстар болуының себебі, мекеме Шым­кент­тің әсіресе туризм саласындағы сырт­қы бай­ланыстарына да тікелей жауап береді. Өткен жылы осы мақсатқа орай басқарма мамандары шетелдерге шығып, мегаполисті алыс елдерге таныстырып, сол жақтың бизнес өкілдерімен, туристік операторларымен келіссөздер жүргізіп қайтты. Сондай-ақ қолға алынған тағы бір мемлекеттік бағдарлама туралы айтсақ, елге алып келген әрбір шетелдік турист үшін мемлекет 15 мың теңге субсидия төлейді. Бұл да болсын отандық туризмнің дамуына серпін берері сөзсіз. Қазір­дің өзінде жергілікті туроператорлар осы мем­лекеттік көмекті алу аясында туристік әлеуетті көтереміз деп білек сыбана іске кірісіп жатыр.

Өткен жылы Дубайдағы ЭКСПО ке­зінде Шымкент қаласының күндері өткізілген болатын. Араб елінде Шым­кенттен барған үлкен делегация іскерлік кездесулер ұйымдастырып, әлемнің 120 мемлекетіне Шымкенттің туристік әле­уеті таныстырылды. Біріккен Араб Әмір­ліктерімен жылы қарым-қатынас орнатудың арқасында мегаполис тарихында алғаш рет БАӘ-нің бас консулдығы Шымкенттен ашылғалы жатыр. Осыған дейін Бас елші­лік елордада, ал бас консулдық Алматы қаласында болатын. Өз кезегінде БАЭ бас консулдығын Шымкенттен ашуды ұйғарған. Осы жұмыстардың аясында қала­дағы әуежай маңынан консулдық ғима-­
­ра­ты таңдап алынды. Бас консулдықта ­алда­ғы уақытта 11 дипломат жұмыс істейді. ­Осы бастаманың нәтижесінде Шымкентке ­алдымен тікелей әуе рейсі ашылады. Со­сын оның артынан туристер легі бастала­ды. Келетін жаңа инвестицияларды да ұмыт­пау керек. Соның арқасында мәдени байла­ныстар жаңғырып, рухани қарым-қатынастар күшейеді. Осы ретте әкімдік басқа да елдер­дің бас консулдықтарын Шымкенттен ашу жөнінде тиісті ұсыныс­тар әзірлеп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы ресми іссапары аясында Шымкент күндері ұйымдастырылды. Баку төрінде қазақтың ақшаңқан киіз үйлері тігілді. Шымкенттің опера және балет театрын басқарып отырған елге танымал әнші Майра Мұхамедқызы сонда өнер көрсетті. Шымкенттен шыққан вео­ленчелист Бағжан Октябрь де өз өнерін туысқан ел әзербайжан халқының алдында паш етті. Қос Президент те Шымкенттің мәдени концерттік бағдарламасына арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ Қазақстан бойынша алғаш рет ашылған «Сандық» ұлттық мейрамханасы өзінің қазақы дәстүрмен әзірлеген тағамдарын қонақ боп келген қос Президентке де арнайы ұсынды. Осы Шымкент күндері аясында әзербайжандық туроператорлармен және бизнес өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Онда мегаполистің туристік және инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты баяндалды. Осы орайда 27 қыр­күйек Халықаралық туризм күніне орай басқарма арнайы іс-шара ұйымдастыр­­ға­лы жатыр. Оған шақырылған әзербайжан­­дық әріптестер аталған іс-шараға қатысуға ­зор қызығушылық танытып отыр. Турис­терді шақыру мақсатында ұйымдастырыл­ған түрлі презентациялардың көздейтін мұраты сол іс-шараны өткізуге бюджеттен 1 теңге жаратылса, артынан келетін туристердің есебінен ол мемлекетке 20-30 теңге пайда ретінде қайтады.

Шымкент 11 қала, 10 елмен бауыр­лас­тық қатынас орнатқан. Соның ішінде Түр­кияның 3 қаласы бар. Мұнда тек бауыр­ластық байланыстар орнап қана қоймай, сонымен бірге Шымкенттің іскерлік әле­уетінің артуына да зор септігін тигізіп отыр. Кабинетте отырғаннан іс бітпейтіні бел­гілі. Сондықтан басқарма көбінесе ше­телдік туроператорларымен тікелей кездесуге өздері бастап шығады. Және жай ғана презентация өткізіп қайтпайды. Сол жерде туроператорлармен келісімге келіп, Шымкентке туристерді тартады. Басқарма сол арқылы қала экономикасына қосымша табыс түсуін және туристік бизнесте нәпақа тауып жүргендердің жұмыс орындарының сақталуын көздейді.

Шетелдерде туроператорлық қызмет жақсы дамыған. Бұл үрдіс біздің елде де енді-енді жанданып келеді. Яғни турист бір жерді аралап қайту үшін алдын ала турмаршрут сатып алады. Бұрын адамдар бір қалаға жетіп алып, сосын қонақүй іздеп жүретін. Ыңғайлы сервис шетелде әлдеқайда аяққа ерте тұрып қойған. Сондықтан осы үрдіс бізде де кең етек жаю үшін жоғарыда аталғандай, балаларға тегін әуе билеттерін ұсынатын мемлекеттік жеңілдіктер әдейі қарастырылып отыр. Сонда адамдар саяхаттаған кезде тек туроператордың дайын қызметіне сүйеніп қыдыруды үйренеді.

 

ШЫМКЕНТ