Пікір • 11 Қыркүйек, 2022

Бәсекеге қабілетті маманға сұраныс жоғары

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің халыққа Жолдауы қоғамның барлық саласын жаңғырту бағыттарының жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін анықтап берді. Жолдауда қойылған нақты міндеттердің индикаторлары еліміздің 19 миллионнан астам халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды көздейді.

Бәсекеге қабілетті маманға сұраныс жоғары

Ең маңыздысы «азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы өзара қатынасты нығайту арқылы ұлттық экономикамыздың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті қойылып отыр. Президент мұны жүзеге асырудың келесі тетіктерін ұсынады: «азамат – бизнес – мемлекеттің» бірдей дамуына мүмкіндік беру, әділдік, көрсетілетін қызмет деңгейінің жоғары болуы, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсету, халықты нарық тұрақсыздығынан қорғау және шағын және орта бизнесті мейлінше дамыту. Жолдауда Президент реформалаудың нақты 5 бағытын анықтап берді. Олар: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп. Ұсынылған жаңа экономикалық саясаттың негізгі басым бағыттары: жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру; бәсекелестікті дамыту; ұлттық табысты әділ бөлу. Айтылған ұсыныстар мемлекетіміздің әлемдік жүйеге интеграциялануы және бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы дамытуға қажетті тетіктер.

Жолдауда Президент Үкіметке жоғары оқу орындарын қолдау саясатын жалғастыруды жүктеді. Бұл өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің алдына оқу бағдарламаларын жаңа шындыққа бейімдеу міндетін қояды. Сонымен қатар тиісті ведомство жоғары білімнің сапасын қамтамасыз етуі қажет. Маңызды құжатта бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттілігі және ұлттық экономиканы дамытудағы маңызы айтылған. Әлемдік экономика жаһанданудың  қазіргі жағдайында басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген мамандарға деген қажеттілік күннен-күнге артып келеді.

Сол себепті де «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларына жаңа серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Өйткені мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінде және экономиканы цифрландыру заманында бізге кәсіби білікті, озық ойлы және бәсекеге қабілетті мамандар аса қажет. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі үздік 200 университеттің ішінде 150-орынды иеленіп отыр. Университет – жоғары бағаға қол жеткізген, QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» артықшылығына ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз оқу орны.

Бүгінде университеттің «Менеджмент» кафедрасында Болон үдерісіне сәйкес әлемдік сұраныс талаптарына сай келетін 3 деңгейде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Студенттер, магистранттар, докторанттар АҚШ, Еуропа университеттерінде білім алмасу бойынша академиялық тағылымдамадан өтуде. Кафедра даярлайтын «Менеджмент» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарының білім алушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жүзеге асырып жүр. Сонымен қатар профессор-оқытушылардың халық­аралық қауымдастыққа енуіне де үлкен көңіл бөлініп отыр. Алдыңғы қатарлы ғылы­ми орталықтармен өзара тәжірибе алма­суы, ынтымақтастық үрдістері нығая түсіп, халықаралық білім беру кеңіс­тігі мен ғылыми-зерттеу жобаларын­да отан­дық ғалымдарымыздың танымал­дығы ар­туда. Осы орайда жетек­ші ғылыми орта­лық­тарды анықтау және тағылым­дам­а­дан өтетін ғалымдарды таңдау өлшемд­ерін белгілеу қажеттілігі туындайтыны белгілі.

Жолдауда қойылған нақты міндеттердің индикаторлары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда жаңа серпін береді. Бұл мақсатта кафедраның профессор-оқытушы ғалымдары Жолдауда айтылған басым бағыттарды басшылыққа ала отырып, олардың табысты жүзеге асуына өз үлесін қосары сөзсіз.

 

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры