Филиалдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев: «Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Білім беру жүйесін жеке ғылыми орталықтармен және технопарктермен біріктіру – мықты зерттеу университеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Президент өз Жолдауында техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше мән бере отырып, әсіресе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді дамытуға стартегиялық басымдық беріп келеді. Бүгінде әлемдегі 500-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен тұрақты әріптестік байланыстағы ҚазҰУ-да МИФИ филиалының ашылуы – елімізде білікті техникалық мамандар даярлауға үлкен серпіліс береді», деп атап өтті.
Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президент басымдық беріп отырған жоғары білім беру саласында білікті мамандар даярлау мәселесінің өзектілігіне, сонымен қатар алдағы жылдарда ғылыми кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, әдістемесінің, қаржыландыру жағының пысықталатындығына жіті тоқталды. Ал келесі жылдан бастап ғылым саласын қаржыландыру екі есеге дейін көбейеді.
Жаһандық өзгерістер тұрақты даму мәселесінде жаңа технологиялық серпілістің аса қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл заманауи кадрлар даярлаумен тығыз байланысты. МИФИ филиалының басты мақсаты – ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энергетикасы, наноматериалдар салаларында мамандарды бірлесіп даярлау. Ол бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтиды. Білім беру бағдарламалары болашақтың мамандықтарына бағдарланған әрі халықаралық инженерлік стандарттарға сәйкес келеді. Осы орайда филиал студенттері сапалы инженерлік білім алумен қатар, ғылыммен де айналысады, зерттеушілік дағдыларды игеріп, заманауи ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өтеді. Оқыту ҚазҰУ, сондай-ақ МИФИ базасында, ал тәжірибелік бағыттағы сабақтар Ядролық физика институтында оқытылады.
Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарова филиалды ашу барысындағы екі жақты келісімдер, ықпалдастыққа қатысты жүзеге асқан жұмыстар барысына тоқталып, техникалық жоғары оқу орнының қызметін шетелдерде ұйымдастырудың өзіндік қиындықтары туралы айтып өтті. Осыған қарамастан, қысқа мерзімде жоба жүзеге асып, ғылымға қызығушылық танытқан жастар үшін мол мүмкіндік ашылып отыр. Ал «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева елімізді ғылым мен білім саласындағы стратегиялық серіктес ретінде атап өтті. «Росатом» соңғы он жылдан астам мерзімде әріптес мемлекеттер үшін ұлттық ядролық бағдарламаларға мамандар даярлау бағытындағы жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінде көрші елде ядролық бағыттағы мамандықтарда екі мыңнан астам студент білім алуда. Ал заманауи мүмкіндіктер кезеңінде мамандарды бірлесіп даярлаудың маңыздылығына қатысты «МИФИ» ҰЯЗУ ректоры Владимир Шевченко тоқталып, ары қарайғы ықпалдастыққа сенім артты.
Қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған МИФИ ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының естелік тақтасына қол қойып, физика-техникалық факультетіндегі аудиториямен танысты.