Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Құпиясы көп Көккөл

598 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Расында да, табиғаттың тамашасына тамсанудан жалықпайсың. Меркі ауданындағы Қарақыстақ жайлауында тұрған Көккөлдің құпиясы таңдай қақтырмай қоймайды. Жергілікті жұрт «Әулиекөл» атап кеткен Көккөлде айдаһар бар деген аңызды да жиі естиміз. Өзге елден келген туристер де Көккөлді көруге құлшынып тұрады.

Құпиясы көп Көккөл

Асқақ Алатаудың ұшар басында орналасқан бұл көл Ақтоған елді мекенінен жүз шақырымнан астам жерде тұр. Тақтайдай тегіс жол болмаса да, Көккөлді көргісі келетіндер ебін тауып тау басына ұмтылады. Жыл он екі ай суы тартылмайтын көлге қатысты ел арасында айтылатын аңыз да аз емес.

«Расында, «Әулиекөлден» айдаһар көрдік. Кескін-келбеті жыланға ұқсай­тын бір өркешті түйе де осында жүреді. Ол аз десеңіз, біздің Көккөлде айдаһар бар. Мұнда кейбір кезде бура­ның ақыр­ған даусы естіледі», деген сарын­дағы әңгі­мелерді жергілікті тұрғын­дардың аузынан сан мәрте естіген болатынбыз.

Шынтуайтында, қазақ даласында құ­пияға толы жерлер аз емес қой. Көккөл – соның бірі. Тау ортасында орна­ласқан көлдің пішіні бір қарағанда жүрекке де ұқсайды. Ең қызығы, аталған көлге ешқандай ағын су құйылмайды. Одан бөлек Көккөлдің суы да ешқайда жіберілмейді. Соған қарамастан судың деңгейі төрт маусым бойы асып-таспайды да, кемімейді де. Құдайдың құдіреті демей көр...

Жергілікті жұртшылықтың айтуын­ша, мұнда түрлі экспедициялар ұйым­дастырылғанымен, әзірге құпия көлдің жұмбағының шешімі табылар емес. Ал мұнда көл бетімен ұшқан құс, су ішуге келген малдың барлығы да ғайыптан тайып суға тартылып кетеді екен.

Қырық жылдан астам уақыт бұрын тұңғиығы сырға толы көлді зерттеу­ге кел­ген мамандар өздерінше байлам жа­саған. Нәтижесінде геологтер Көк­көлдің мұз­дықтар мен мореналық қыр­тыстар қа­батында пайда болғанын анықтаған көрінеді. Әлбетте, әр маман­ның өз айтары бар екені даусыз. Бірақ оның қайсысы ақи­қат, қайсысы аңыз екенін кім білсін?!

Тағы бір деректерде Көккөлдің 2 542 метр биіктікте құлаған тау орта­сын­да орналасқаны туралы айты­лады. «Ана тілі» басылымында жарияланған мақа­лада журналист Досжан Балабекұлы «География институты» ЖШС қыз­меткері Виктор Благовещенскийдің пікірін назарға алыпты.

«Ол 2 542 метр биіктікте оң жақ аңғар беткей мен құлаған таудың қап­талы арасында орна­ласқан. Болжам бойынша көлдің орташа тереңдігі шамамен 10 метр, ең терең жері 30 метр болуы мүмкін. Көл грунт сулары­мен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Көлдің мезгілдік деңгейінің ауытқуы үлкен емес. Спутниктік түсі­рілімге қарағанда көл­дегі су кемерінен ақ жиектер бай­қа­лады.

Көккөл көлінде су таза, ашық көк түсті, оның «Әулие» деп аталуы соған бай­ланысты болуы мүмкін. Бұл море­налық көлге жатпайды, ол тек үйінді көл. Мореналық көлдер болуы үшін оның айналасында мұздықтар болуы керек. Бұл аймақта қазіргі кезде мұз­дықтар жоқ. Бірақ бұл жерден ежелгі мұздықтардың табаны байқалады», депті аталған мақалада ой білдірген маман.

Қалай алып қарасақ та, Көккөлдің құпиясы әлі күнге жұмбақ болып тұр. Тіпті су айдынының нақты тереңдігі де қазірге дейін анықталмаған. Соған қарағанда мерейлі Меркі тауындағы көлдің жұмбағын шешу үшін әлі талай жұмыстар атқарылуы керек сияқты. Көккөл секілді табиғат ғажайыптары түптің түбінде туристік орталыққа айна­луы керек-ақ. 

 

Жамбыл облысы