Қоғам • 13 Қыркүйек, 2022

«25 жыл тендер өткізбе дейсің бе?..»

1241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел ішінде «тендер» дегенше, «жеңдер» десейші!..» деген ажуа сөз нақылға айналып кеткелі қашан. Тендер атаулының мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың «сара жолына» айналғаны рас. Заң қатайтылып, жаза күшейтіліп жатса да, алтын көрген періштедей жолдан тайған шенеуніктер саны азаяр емес. Қалыптасқан кінәратты жүйені түбегейлі өзгертпейінше, бұл ке­лең­сіз құбылыстың тамырына балта шабу қиын екеніне көзіміз жеткендей.

Осы жағдай ескерілген болар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық саясатының басты басымдықтары жайлы айта келіп: «Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», деп, аталған салада жүйелік өзгеріс, жаңа тәсіл енгізуді ұсынды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды әзірлеу кезінде ерекше көңіл бө­луді керек ететін бір көкейкесті мәселе бар. Ол – кез келген өңірде мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылатын сан алуан жұмысқа сырттан келетін сыры белгісіз кәсіпкерлердің қатысуын барынша шектеу қажеттігі. Себебі олардың көбі тендерде төмен баға ұсынып, басқа да «аттың жүрісіндей» айлалы амалдармен жеңіске жеткенімен, шынтуайтында, жал­ған кәсіпкерлер болып шығып жүр. Ондай пысықайлар тендерде ұтылып, мем­ле­кеттік тапсырыссыз қалған жергілікті кә­сіпкерлерді еш ұялмай-қызармай, өзде­рі­не қосымша мердігер болуға үгіттеп көн­діріп, оңай пайда тауып жататыны белгілі. Осынау алаяқтықпен пара-пар көпе-көрінеу әділетсіздікті тыятын кез жетті.

Бұған мысал көп, соның ішіндегі ең сора­қысының бірі – Семей медицина уни­верситетінің 1000 орындық жаңа жатақ­ханасының құрылысында қалыптасқан жағдай. Республикалық бюджеттен бөлінген 2 миллиард 246 миллион теңгеге жуық қаржыға 2014 жылдан бастап салынып жатқан бұл объект белгіленген мерзімде бітпей, «сақалды құрылысқа» айналған. Себебі осы жатақхананы салушы мердігердің – Алматы қаласының екінші санаттағы құрылыс ұйымының мұндай ірі объектіні салу тәжірибесі де, қажетті материалдық-техникалық базасы да болмаған. Оның басшысы Алматыдан Семейге тек өзі ғана келіп, құрылысшыларды жергілікті жұ­мыссыздардың арасынан жалдаған, қажетті техниканы да семейліктерден жалға алған. Алайда мердігер маңызды объектінің құрылысын уақтылы жүргізе алмағандықтан, тапсырыс беруші оның үстінен сотқа шағым түсірген. Сот процесі ұзаққа созылып, ақыры 2018 жылғы 26 қарашада Жоғарғы сот университет пен құрылыс ұйымы арасындағы мердігерлік шарт заңды күшін жойды деп таныған. Осыған орай, жоғары оқу орнының басшылығына құрылыс материалдарының жылдан-жылға қымбаттауына байланыс­ты жатақхананың жобалау-сметалық құ­жаттамасын қайтадан қарап, қосымша қаржы және жаңа мердігер іздеуіне тура келген. Соның салдарынан сегіз жылға созылған құрылыс әлі күнге аяқталмай, қазір Семей медициналық университетінің мыңдаған студенті пәтер жалдауға мәжбүр болып жүр.

Тендердің шенеуніктердің «майшел­пегіне» айналғанының бір шектен шыққан мысалы жадымнан шықпайды: «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып, Қа­зақстанға оралған бір жас маман озық тех­нология бойынша жұрт серуендейтін көшелердің бойы мен демалыс орындарына қойылатын сәнді орындықтар шығаратын өндіріс ашқан-ды. Олар заманауи, аса берік материалдан жасалғандықтан, ширек ғасыр пайдалануға жарайды екен. Өнімдерін отандық тауарлар көрмесінде ел басшылары да көріп, мақтау айтқан соң жас кәсіпкер астанадағы аудандардың бірінің әкімінің орынбасарына келіп, алда болатын тендерге қатысуға ниеті барын білдіріпті. Сонда әлгі шенеунік: «Мен тозған және сынған орындықтарды ауыстыру үшін жыл сайын дерлік тендер өткізіп жүрмін. Сен маған 25 жыл бойы бірде-бір тендер өткізбе дейсің бе? Олай болмайды...», депті беті бүлк етпестен. Енді жағдай өзгеруге тиіс.