Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2022

Берік достық пен сенімді серіктестік

410 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгін Қытай Халық Рес­пуб­ликасының басшысы Си Цзиньпин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге мем­лекеттік сапармен келеді. Бұл COVID-19 пан­де­мия­сына байланыс­ты үш жылдан бері елі­нен шықпаған Қытай көш­бас­шысының алғашқы шетел­дік сапары болмақ. «Қазақ­стан үшін бұл елеу­лі оқиға және үлкен мәр­тебе», дейді сарапшылар. Сондай-ақ олардың айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты. Екі ел байланысының негізі экономикалық, дипло­матиялық және достық си­патқа құрылған.

Берік достық пен сенімді серіктестік

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Си Цзиньпиннің осы сапарын қосқанда биыл Қазақстан мен Қытай басшылары екінші рет кездескелі тұр. Ақпан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қысқы Олимпия ойындарын өткізу аясында Бейжіңге барған болатын.

Ал ҚХР басшысы 2013 жылы қыркүйекте Орталық Азияға жасаған алғашқы сапарын­да алдымен Қазақстанға ат басын тіреген еді. «Сол кезде Си Цзиньпин Назарбаев универ­ситетінде жасаған баяндамасында «Жібек жолы – экономикалық белдеуін ортақ құрайық» немесе «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсы­нып, Қытай мен Қазақстан қаты­настарын жаңа белеске көтерген-ді. Екінші рет 2017 жылы маусым айында елімізге жасаған сапарында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты, сондай-ақ екі ел басшылары Қытай мен Қазақстан арасында Ланьюйнганнан жол тартқан Логистика темір жолының іске қо­сылуына куә болған еді. Осы­лайша, Қазақстанның тікелей Тынық мұхитына шығуына жол ашылды. Бұл да тарихи оқиға», деп атап өтті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы дипломатиялық сапарлардың нәтижесін саралап.

Ал ҚСЗИ бас сарапшысы Әділ Кәукеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға жасаған мемлекеттік сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа парағын ашты, бұл саяси диалогті сапалы жаңа деңгейге көтеріп, екіжақты қарым-қатынастың тұрақты болуына ықпал етті. Бұрын қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде орындалуына түрткі болды. Қытай төрағасының жауапты сапары туралы келісім дәл сол кезде жасалған көрінеді, алайда пандемия басталып кейінге қалдырылған.

«Екіжақты ынтымақтас­тық­тан басқа, Қазақстан мен Қытайда БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және т.б. құрылымдарда көпжақ­ты ынты­мақтастық жобалары­ның үлкен пакеті бар. Біздің мемлекеттер арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейінің жаңа көрсеткіші Бейжіңнің биылғы Қазақстанды әлемдегі ең ірі БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүс­тік Африка Республикасы) бір­лестіктерінің бірінің жұмысына толыққанды мүшелікке ұсыну туралы ұсынысы болды. Бұл – өте маңызды қадам, өйткені БРИКС G7 және G20 секілді жаһан­дық клубтарға лайықты бәсеке­лес болып саналады. Ал Қазақ­станның екінші дүниежүзілік экономиканың, яғни Қытай­дың қолдауымен алға жылжуы БРИКС-тегі салмағын арттырып, сенімділік тудырады», деген пікір­де Ә.Кәукенов.

Жалпы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Нұр-Сұлтанға келуі дипломатиялық тұрғыдан өте маңызды екенін айтады сарапшылар. Қытай басшысының шет мемлекеттерге жасаған сапарының саны бойынша Қазақстан АҚШ-пен тең келді (ҚХР басшысы аталған елдерге төрт сапардан жасаған), бұл біздің еліміздің Бейжіңнің сыртқы саяси жүйесіндегі маңыздылығын көрсетсе керек.

Қазақстан-Қытай қарым-қаты­насы көпқырлы стратегиялық ын­ты­мақтастықтың жоғары дең­гейін көрсетіп келеді. Соңғы жыл­дары Қытай Қазақстанның жетек­ші сауда серіктесіне айнал­ды, БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарда тығыз саяси ынтымақтастық орнатты. Мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту тұрғысынан алсақ та, мәселен туризм, медицина және білім беру салаларында ай­тар­лықтай ілгерілеушілік байқалады.

«Мұның барлығы екі мемле­кеттің тату көрші болып, өзара сенімді дамытуға, ортақ қауіп­сіздікті, бейбітшілікті, тұрақ­ты­лық пен аймақтағы тұрақты дамуды бірлесіп қолдауға бағытталған өзара тиімді және прагматикалық сыртқы саясатының арқасында қол жеткізген іргелі істер болды. Осыларды негізге ала отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық­тың одан әрі нығаюы екі мемлекет басшыларының бүгін­гі келіссөздерінен кейін де жалға­сады деп нық сеніммен айтуға болады», дейді саяси ғылымдар докторы Ерболат Сейлеханов.

Сарапшылардың жалпы пікірі бойынша екі жақты диалогтің саяси күн тәртібінде қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ынтымақтастықты дамыту­дың тетіктерін тиімді үйлестіру мәселелері қамтылады.

«Қазақстан үшін АӨСШК-ні Азияның қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруға қатысты Қытайдың қолдауына ие болу өте маңызды. Екі ел басшысының талқылар мәселе­лері­нің бірі – ШЫҰ-ны одан әрі дамыту, оның ішінде ұйым­ға жаңа кірген мүшелер мен бақылаушылардың (Иран, Беларусь, Мысыр, Қатар және Сауд Арабиясы) позициясын айқындау болуы мүмкін. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қатысты ынтымақтастық жолдары талқылануы ықтимал. Келіс­сөздердің тағы бір өзек­ті тақырыбы «Орталық Азия-Қытай» форматындағы ынты­мақ­тастық форматтары, оның ішінде сыртқы қауіп-қатер жағдайында екі елдің қауіп­сіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын қамтамасыз ету сияқ­ты маңызды мәселелер бойын­ша пікір алмасады деген болжам бар. Экономикалық сала бойынша айтар болсақ, екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында өзара сауда көлемін кеңейту, Қазақстанға жаңа инвестицияларды, соның ішінде алдымен жоғары техно­ло­гиялық салаларға тарту, кө­лік-логистикалық секторды дамыту, еліміздің әлемдегі және аймақтағы энергетикалық, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл мәселелері қозғалмақ», деп пікір білдірді сарапшы Е.Сейлеханов.

Ал профессор Нәбижан Мұ­қаметханұлы ҚХР Төрағасы­ның бұл реткі сапарының мақсаты мен маңызы айрықша екенін айтады. «Қытай басшысы елімізге сапарын халықаралық геосаяси жағдай шиеленіскен, Қытайдың ішкі экономикасы шатқаяқтаған, сыртқы саудасы кеми бастаған кезде ҚКП-ның ХХ съезінің ашылу қарсаңында жасап отыр. Сондықтан бұл сапардың басты мақсаты Қытайдың ең өзекті мәселелерін шешуге арналатыны анық. Бастысы – энергетика қайнар көздерін молайту болмақ. Бұл мәселе бойынша ШЫҰ саммиті барысында Ресей басшысы және Иран президентімен де келіссөздер жүргізбек», дейді сарапшы.

«Қазақстан мен Қытай арасында энергетика саласында тұ­рақты қарым-қатынас қалып­тасып, ырғақты жұмыс жүріп жатыр. Екі ел арасында өндіріс қуаты, сауда, логистика, ауыл шаруашылығы саласында да терең ынтымақтастық қатынас орнаған. Екі елдің өндіріс қуаты саласында 55 жоба іске асырылуда. Біздің Үкімет бұл салаға инвес­тиция салған қытай инвес­торларын кейбір салықтан да босатқан. Бірақ соның нәтижесін халық әлі сезіне алмай отыр.

ҚР СІМ өкілдері Қытай Төр­аға­сының сапары барысында екі мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жариялады. Бұлай болуы заңды да. Менің ойымша, энергетика саласынан тыс Қазақстан мен Қытай арасында енді медицина, жасанды интеллект, электронды сауда, цифрлық қаржы сияқты салаларда ынтымақтастық келісім шарттар жасалуы мүмкін. Демек ҚХР Төрағасының Қазақстанға жасаған бұл сапары екі ел ынты­мақтастық қатынастарын дамы­та түсетіні сөзсіз», деді қы­тай­тану­шы Нәбижан Мұқамет­ханұлы.

Екі ел арасындағы достық, көршілес мемлекет ретіндегі бай­ланысты Қытай басшысы Си Цзиньпин өзінің Қазақстанмен достығы туралы жазған мақа­ла­сында да ерекше атап көр­сетеді. «Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының серпінді даму кезеңі 30 жылдық тарихты құ­райды. Біздің елдеріміз мем­лекеттің егемендігіне, қауіп­сіз­дігіне және аумақтық тұтас­тығы­на қатысты өзекті мәселелер бойынша әрқашан бір-біріне зор қолдау көрсетеді, ұлттық құндылықтарға сәйкес бір-бірі­нің даму жолын құрметтейді, мемлекеттік даму мен ұлттық жаңғырудағы жаңа жетістіктерін құптайды. Қытай мен Қазақстан – сенімді дос және сенімді серіктес, біздің халықтарымыз әрқашан бір-біріне қолдау көрсетеді», деген пікірде ҚХР басшысы. Сон­дай-ақ ол Қазақстанға сапарының нәти­желі болатынына сенім білдірді.

«Уақыт пен өзгерістер сынына төтеп бере отырып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы тас­тай берік болды. Біз үшін қол жеткізген нәтижелер негізінде көп ғасырлық достықты одан әрі жалғастыру мен дамытуға күш-жігерімізді бағыттау өте маңызды. Алдағы сапар аясында мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріп­тес­тікті жаңа дәуірде одан әрі дамыту, екіжақты көп қырлы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және оңтайландыру мәселелерін талқылауға дайынмын», деді Си Цзиньпин.

Қазақстан мен Қытайдың жалпы экономикалық ынтымақ­тастығы әр алуан. Әсіресе көлік және транзиттік әлеуетті жүзе­ге асыру, энергетика, сау­да-ло­гистика, қаржы сияқты сала­лардың Қазақстан экономикасы дамуының өте маңызды факторы болып табылады. Қытай­лық компаниялар мен ұйым­дардың қатысуымен Қазақ­стан экономикасының жетек­ші салаларында көптеген ірі жоба жүзеге асырылуда, шекара­лық ынтымақтастық ныға­йып, көптеген бірлескен кәсіп­орын­дар құрылуда. Жыл басында Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 2 959 заңды тұлға тіркелсе, олардың басым бөлігі сауда және құрылыс саласында жұмыс істейді.

«Қытай – Қазақстанның ма­ңыз­ды сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары ҚХР Қазақ­станның сыртқы саудасының шамамен 18 пайызын, экспорттың 16%-ға жуығын және импорттың 20%-дан астамын құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 18 млрд долларды, Қытайға экспорт 10 млрд долларды, ал Қытайдан импорт көлемі 8 млрд долларды құрады. Осылайша, Қазақстан екіжақты саудада айтарлықтай профицитке ие болды. Айта кету керек, Қытаймен сауда тек қарқындылығымен емес, оң динамикасымен де ерекшеленеді. Мәселен, биылғы жеті айда екі ел арасындағы тауар айналымы 13,5 миллиард долларға, ал экспорт 8 миллиард долларға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсті. Жыл соңында бұл көрсеткіштер жаңа жоғары деңгейге жетіп, көр­сеткіші барлық жылдан асып түскен 2013 жылғы сауда айналымы 22,7 млрд долларды, ал экспорт 14,4 млрд долларды құраған сомадан да асып түсуі мүмкін», деді экономика сарапшысы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институтының аға ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов.

ҚХР Қазақстан экономика­сының жетекші шетелдік инвес­торларының бірі ретінде де танылып келеді. Мәселен, Қазақстан Ұлт­тық банкінің мәліметінше, қа­зіргі уақытта Қытайдан жи­нал­ған шетелдік инвестиция көлемі 13,6 млрд долларды құрап отыр. «Осы көрсеткіш бойынша Қытай әлемнің басқа елдері арасында бесінші орында, ал шетелдік инвестицияның жалпы көлеміндегі оның үлесі Қазақ­станда жинақталған инвес­тиция 6 пайызды құрайды. Алайда қытайлық инвестициялардың нақты көлемі келтірілген деректерден айтарлықтай жоғары» деп санайды сарапшы. «Өйткені көптеген қытайлық компания басқа елдерде орналасқан өздерінің еншілес компаниялары арқылы Қазақстанға инвестиция құяды, сондықтан бұл инвести­ция­лар статистикалық мәлімет­т­ерде көрсетілмей, елдің еншісіндегі көрсеткішке кірістіріліп, жалпы инвестиция көлеміне қосылып айтылады. Қытай деректеріне сүйенсек, Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы шамамен 40-50 миллиард долларды құрайды. Жалпы, екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктері, тіпті жоғары деңгейде қол жет­кізілген келісімдер де инвестиция көлемін одан әрі арттыра береді. Өйткені алдағы уақытта Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуетін одан әрі іске асыру, қазақ­­стан­дық қызметтер мен өнімнің көп­теген түрін Қытай­ға экс­порттау, өңдеу өнеркәсі­бінде бір­лескен кә­сіп­орындар­дың жұмысын ілгері­лету, халық­а­ралық эконо­мика­лық ұйымдар аясында ынты­мақ­тастықты кеңейту бойынша іргелі істерді іске асыру жоспар­лан­ған. Қытай Төрағасы Си Цзинь­­пиннің сапары осы және бас­қа да көптеген саладағы екі­­­жақты экономикалық ынты­мақ­т­ас­­тықты одан әрі дамытуға және ны­­ғайтуға ықпал ететіні сөзсіз», деп пікір білдірді В.Додонов.

Осылайша, сарапшылардың айтуына қарағанда, екі ел басшысы қазақ-қытай стратегиялық, дипломатиялық серіктестігін жан-жақты нығайтып, дамы­тудың перспективаларын тал­­қылайды. Екі жақты келіссөз­дер­ден кейін бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр.