Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2022

Журналистің беделі шынайы ақпаратқа тәуелді

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда БАҚ өкілдері бас қосқан «Журналистер БАҚ тәуелсіздігі мен кәсібінің қауіпсіздігі жолында» тақырыбындағы жиында елімізде журналист мәртебесін көтеру, бұқаралық ақпарат құралдарының ашықтығына қатысты пікірлер айтылды.

Журналистің беделі шынайы ақпаратқа тәуелді

Журналистердің халықаралық ынтымақтастығы күніне орай өткен жиын барысында Қа­зақ­стандағы Нидерланд Корольдігі елшісінің орынбасары Наут ван Вауденберг сөз бостандығы, адам құқығы, азаматтық қоғамды дамытуға қатысты пікір білдіріп, құттықтау сөзін арнады.

Төртінші билік өкілдерін тол­ғандырып отырған көкейкесті мәсе­лелерге қатысты сұрақтарға Ақпа­рат және қоғамдық даму ми­нис­трлігі БАҚ сала­сындағы мем­лекеттік саясат департа­менті­­­нің директоры Жасұлан Өмірә­лиев жауап беріп, «Медиа заң­на­маны жетілдіру еліміздің саяси модернизациясының ке­шен­ді маңызды бөлігі» тақы­рыбына баян­­дама жасады. Баян­да­масында ол БАҚ туралы заң жобасында қам­ты­лып отырған мәселелерге тоқ­талды.

Осы орайда «Әділ сөз» сөз бос­тандығын қорғау халықаралық қорының директоры Тамара Калеева азаматтық қоғам өкілдері тарапынан ұсынылған бірқатар мәселенің ескерілмей отырғанын жеткізді. Бұл айтылғандардың қатарында БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіретін жайттар бар.

Г.Бендицкий атындағы қор­дың директоры Сапа Мекебаев жур­налистік зерттеулердің шы­­найы­­­лығы әрі ашықтығы, әрбір медиа өкілінің өз ісіне адал­дығы, тапсырыспен жа­зылған мақаланың журна­лис­тің атына сын екенін атап өтсе, «Сапмар» ЖШС директоры Марат Асипов мемлекеттік ақ­парат­­тық тапсырысқа қатысты мәсе­лелерге тоқталды. Ал медиа заңгер Игорь Лоскутов жур­налистердің қауіпсіздігіне ке­пілдік беретін халықаралық стан­дарттарды енгізу мәселесін көтерді. Осы орайда тәртіп сақ­шы­ларын даярлайтын жоғары оқу орындарында арнайы курстар енгізуді ұсынған сарапшы бұл бағыттағы ақпараттар БАҚ өкілдеріне құр­метпен қарауға ықпал ететіндігін айтты.

Нарықтағы меншік мәсе­лесі, мемлекеттік медианы қаржы­ландыру, демонополизация мәсе­лесін қозғаған Internews медиа заңгері Ольга Диденко ме­дианы сенімді институт ре­тін­де қарастыра келіп, сапалы контентті күшейтуде өзін-өзі рет­­теу тұрғысынан алғанда мем­ле­кеттік басқару, қоғам және биз­нес­пен тығыз әріптестікте нәти­же­лі рефор­маларға қол жет­кізуге болаты­нын атап өтті.

«Түркітілдес журналистер қо­ры­­ның» президенті Нәзия Жоя­мерген баяндамасында еліміз өңір­лері бойынша жүргізген әлеу­меттік зерттеулерге тоқ­тал­ды. Сарапшының айтуынша, жауап бергендердің 97 пайызы БАҚ-та жариялауға рұқсат етіл­мейтін тақырыптардың бар екен­дігін алға тартқан. Бұл, әсіресе билік өкілдерінің әре­ке­тіне, жемқорлыққа қа­тыс­ты зерттеу­лерге байланыс­ты. Ал сауал­да­ма­ға қатысқан жур­на­лис­тер­дің 92 пайызы мақала жазу барысында кейбір әкімдіктер тарапынан қысым көрсетілетінін, ай­мақтардағы журналистердің жалақысының аздығы бюджеттік қолдау мен демеушілердің қар­жы­сына тәуелді ететінін атап өткен. «Осы орайда мемлекеттік тапсырыс толығымен ашық болу қажет», деген PR-маман Әсел Қараулова жарияланатын мате­риалда тапсырыспен жа­зыл­ғандығы жайында мәлімет көрсетілуге тиіс екендігін алға тартты.

Дөңгелек үстелде, сонымен қатар Байланыс және ақ­па­­­рат жөніндегі маман Сергей Карпов ЮНЕСКО-ның баспасөз бос­тан­дығы, журналистердің, оның ішінде әйел журналистердің қауіп­сіздігіне байланысты ақпа­рат­тардың қолжетімділігіне тоқ­тал­ды. Әсіресе мемлекет пен БАҚ арасындағы ашық әрі әділ байланыстарды қолдау бағы­тындағы іс-шараларға мән беріліп келеді.

Дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар журналистердің қоғамдағы рөлі, қауіпсіздігі, «блогер», «ком­­муникация» ұғымдарына қа­тысты мәселе­лермен қатар бас­па­сөз өнімдерін тарату, қо­сым­ша құн салығы, қала, аудан орта­лық­тарында жойылып кеткен газет дүңгіршектерін жандандыру мәсе­лесін қозғады.

 

АЛМАТЫ