Ауылдық жерде мал саны артқан сайын жер дауы жиілей бастады. Жайылымның тарлығы, шабындықтың жоқтығы – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жолдауда Президент жер мәселесіне назар аударды. Әлбетте, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, шаруашылықпен шындап айналысып жүрген азаматтарға үлестіріп беру қажет. Әйтпесе, он сиыры бар азамат жер таппай жүреді де, бір тұяқ малы жоқ азамат жүздеген гектарды иеленіп отырады. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін 5 млн гектар жерді қайтару керектігін айтты. Ол үшін жергілікті жерлердегі комиссия жұмыс істеуге тиіс.
Сондай-ақ Президент жол құрылысындағы сапасыздықты сынға алды. Басқаны білмеймін, Шығыс Қазақстанның жолдары әбден тозған. Салынып жатқан Омбы-Майқапшағай күре жолы сағыздай созылып кетті. Жолдаудан кейін жол жөнделер деп бір түйіп қойдық. Маңызды құжатта битумның тапшылығы да сөз болды. Кәдімгі битум мәселесін Мемлекет басшысы Жолдауына қосып отырған соң жергілікті жердегі әкімдерден не сұраймыз?!
Жолдауда ауыл шаруашылығына да назар аударылды. Президент субсидия алғандарға бақылау күшейтілу керек деп қосты. Рас, субсидияны алуын алып, еңбегінен нәтиже көрсетпей отырған шаруалар жоқ емес.
Әйелдердің зейнет жасының 2028 жылы 61 жасқа дейін түсетінін айтып қуантты, балаларға қор ашылатынын айтып тағы қуантты. Білім саласында да жақсы жаңалықтар болатын көрінеді. Бәріне тоқталмай-ақ қояйын, бірақ тәрбиешілердің жалақысы көтеріліп, аттестациядан өтетіндігі туралы дөп басып айтты. Рас, жалақыны көтеру керек. Бірақ бала тәрбиесіне білімді, білікті тәрбиеші керек. Ол үшін міндетті түрде сынақтан өтуі тиіс. Әйтпесе, балабақшаларда бейнекамераға түсіп қалған тәрбиешілердің тәрбиесіздігін көру соңғы кезде жиілеп кеткені ешкімге жасырын емес.
Жолдауда жаңалық көп. Енді оның бәрі жүзеге асуы үшін біздер жұмыс істеуіміз керек. Жолдауды жүзеге асыратын өзіміз. Сөзден іске көшу керек.
Әділ САЙЛАУБЕК,
қоғам белсендісі, саясаттанушы
Шығыс Қазақстан облысы