Сайысқа отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген келіндер қатысып, бақ сынады. Іс-шара барлық санитарлық талапты сақтай отырып өткізілді.
Қазақтың әдет-ғұрпын құрметтеп, салт-дәстүрін берік ұстанатын инабатты қазақ келіндерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауда 25-35 жас аралығындағы шебер де пысық 10 келін бақ сынады.
Қазақ келіні қай кезден де отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген. Әр үйдің өнерлі келіндері өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырған болса, сайыста өздерінің өнерлерін ортаға салды. Қазақы дастарқанын жайнатып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берді.
«Отан отбасынан басталады, отбасында бала қандай тәрбие алса, өскенде сондай болады, дұрыс тәрбие алса, дұрыс тәрбиелі, білімді, еліне жанашыр болады, ал бұрыс тәрбие алса, қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Осындай ауыз бірлікте, ұйымшылдықта, берекеде өмір сүріп, еліміз бен жеріміздің гүлденуіне аянбай еңбек етейік», деді Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Лабасы ауылының келіні Ұлар Жылқыбаева, 1-орынды Мұсабек ауылының келіні Әлия Арыстан, 2-орынды Қаблиса ауылының келіні Шынар Жұмағали, 3-орынды Жарлыөзек ауылының келіні Жанна Қалисақарова жеңіп алды.
Сайыс соңында 9 бала тәрбиелеп отырған Гүлзира Бектемісоваға ауданның жанашыр азаматтары үйдің кілтін сыйлады.
Жетісу облысы