2014 жылғы 26 наурыз, Астана, Үкімет Үйі
Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы
«2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері:
1) бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары бюджеттерінің республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану мониторингін қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2014 жылғы 26 наурыздағы №260 қаулысымен бекітілген
Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары
1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2014 жылға арналған республикалық бюджеттен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары (будан әрі – Қағидалар) 089 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді (будан әрі – нысаналы трансферттер) пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру процесі – білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйым іске асыратын білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде педагогикалық тұрғыда негізделген оқыту, тәрбиелеу және дамыту процесі;
2) білім беру процесін қаржыландыру көлеміне кіретін ынталандыру бөлігі – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне сыйлықақылар төлеуге және олардың еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай саралау мақсатында ынталандыру үстемеақыларын белгілеуге, сондай-ақ бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының білім беру процесіне байланысты басқа да қажеттіліктерді өтеуге көзделген республикалық бюджет қаражаты.
3. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынамалауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен, осы Қағидалардың ерекшеліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
4. Нысаналы трансферттер:
1) жұмыс берушінің жарналарға ескере отырып, жан басына шаққандағы қаржыландырылатын бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы төлеуге;
2) бір білім алушыға шаққандағы ағымдағы қаржы жылына бір айлық есептік көрсеткіш есебінен оқу шығыстарын төлеуге;
3) жалақы мен оқу шығыстарын төлеуге арналған шығыстардан он пайыз мөлшерінде білім беру процесін қаржыландыру көлеміне кіретін ынталандыру бөлігін төлеуге пайдаланылады.
5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі:
1) Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер (бұдан әрі – келісім) жасасады;
2) бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына және келісімдерге сәйкес республикалық бюджеттен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.
6. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары жеке қаржыландыру жоспарларына сәйкес және жасалған келісімнің негізінде республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын нысаналы мақсаты бойынша пайдаланады.
7. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне келісімдерге сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есеп береді.
8. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне нысаналы трансферттерді пайдалану мониторингінің нәтижелері туралы есеп береді.