Суретті түсірген Елена ПЕТРОВА
Бес күнге жоспарланған классикалық өнердің халықаралық OPERALIA фестивалін ұйымдастырып отырған Абай атындағы Ұлттық Опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрбақыт Бөкебаев алматылықтарға көптен күткен тосынсый әрі естен кетпес жарқын сәттер сыйлайтынын жеткізді. Фестиваль шеңберінде бас қосатын Қазақстан және шетел классикалық өнерінің танымал шеберлері тыңдарманына ең үздік композиторлардың шығармаларын орындайды. «Аққу көлі» спектакліндегі басты партияны орындау үшін Санкт-Петербургтегі Мариа театрының жетекші бишілері Никита Корнеев пен Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың жүлдегері Малика Елшібаева арнайы шақырылып отыр.
Сондай-ақ Британияның белгілі пианисті Оливер Пул, Вена скрипкашысы Русанда Панфили, белгілі чех баритоны Филипп Банджак, Оңтүстік Кореяның мәдениет қайраткері, «Пхен-Тэк» филармониясының көркемдік жетекші әрі бас дирижері, «Сеул концерттік оркестрінің» бас дирижері, профессор Но Тэ Чоль – биылғы фестивальдің құрметті қонақтары.
«Абай» спектаклін Опера және балет театрының бас дирижері Ерболат Ахмедияров жүргізді. Биылғы маусымашар қойылымның басты жаңалығы – бір спектакльде ұлттық опера өнерінің бірнеше белгілі әртісі бірден бой көрсетті, олар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Күзембаев, Майра Мұхамедқызы және «Астана Опера» театрының жетекші солисті Мерей Бәйнеш театрдың беткеұстар туындысының ажарын бұрынғысынан да ашып, ұлы ақынның тұлғасын асқақтата түсу үшін шеберлігін аяған жоқ. Ұлылар табанының ізі қалған, самсаған жұлдыздардың талайын жарқыратып жүрген сахнаның өзінде мұндай ғажайып сәт сирек туады. Халықаралық фестивальдер мен гастрольдердің тұрақты қатысушысы болып табылатын «Абай» қойылымы үшін ұлттық мәдениеттің ең ірі өкілдерінің тұс-тұстан келіп, бір сахнада өнер тоғыстырғанын көрермен аса ілтипатты қабылдап, қошеметін аямады.
Директордың айтуынша, осыдан 30-40 жыл бұрын жазылып, театр архивінде сақтаулы жатқан көрнекті композиторлардың шығармаларын заманға қарай қайта өңдеп, көрерменге ұсыну көзделіп отыр. Атап айтқанда, балаларға арналған «Алдар көсе» мен «Еңлік-Кебек» операларын сахнаға қайта жаңғыртып қою жоспары бар. Қазақ өнерінің інжу-маржаны саналатын «Абай» мен «Қыз Жібектің» қатары алдағы жылы жаңа ұлттық туындылармен толықтырылмақ.
Абай атындағы Опера және балет театры спектакль сахналауға сырт елдерден режиссерлер мен басты рөльде ойнайтын жетекші солистерді жиі шақырып жатады. Бұл нені білдіреді? Бұл театрдың өз әншілері мен бишілері арасында дәл сондай биік деңгейде өнер көрсететін шебердің болмағанынан ба, әлде мұның басқа себебі бар ма? «Себебі әртүрлі болуы мүмкін. Қазақтың «Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген сөзі нақ осы опера әншілеріне қарата айтылса, мәні ашыла түсе ме деймін. Кейде мүмкіндіктің болмауынан сырттан шақыруға мәжбүр болатынымызды жасырмаймыз. Мысалы, «Аида» операсындағы Радаместің рөлін биік деңгейде ойнайтын әнші қазақ сахнасында көп емес. Сол бірді-екілі таланттарды біз шақырған кезде, олар өз театрындағы спектакльден босай алмай қалуы мүмкін. Қазір Ресей театрында жұмыс істейтін Қазақстанның тумасы Ахмет Агади әлем театрларын аралап жүріп ән салады. Бұл бір жағы, маманға мұқтаждықтан туса, екіншіден еліміздің көрермені аты әлемге белгілі басқа жұрттың да мықтысын көрсін деген тілектен туады. Дауыс мүмкіндігін, драмалық шеберлікті жақсы сезінетін режиссер сахналайтын спектаклінде қай театрдың әртісін лайық деп таныса, біз сол әншіні шақыртамыз. Шетел театрларында жұмыс істеп жүрген, келісімшарт бойынша ән салып қайтатын Майра Мұхамедқызы мен Нұржамал Үсенбаева бастаған қазақстандық әншілер өзге елдердің театрына жиі шақырылады» дейді директор Б.Бөкебаев.
Әрбір жаңа маусым рухани құндылық іздеген көрерменге құнары мол кеш сыйлауды мұрат тұтады. Театр басшылығы мұндай мәдени жаңалықтың биыл мол болатынына сендіріп отыр.
АЛМАТЫ