Театр • 14 Қыркүйек, 2022

Жас қанаттың жаңа маусымы

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордалық театрлар бірінен кейін бірі жаңа маусымын ашып, халықпен қауышып үлгерді. Биылғы маусымның, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры үшін жөні бөлек. Жас қанат өнер ұжымы ІІІ театр маусымын Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты.

Жас қанаттың жаңа маусымы

Театр директоры Асхат Маемиров бүгінде жазушының шығармалары өзектілігін жоғалтпай әлі күнге дейін көптеген қазақ театрының сахнасында қойылып жүргенін, сонымен қатар Музыкалық жас көрермен театры ең алғашқы шымылдығын «Абай-Тоғжан» музыкалық драма­сымен ашып, оны жыл сайын әдетке айналдырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа маусымда театр ұжымы көрер­менге тың туындыларды ұсы­натынын, халықаралық фестивальдерге қатысатынын хабарлады.

Үшінші маусымның ашылуына Қазақ КСР Еңбек сіңірген әр­тісі, қазақтың «Қыз Жібегі» Ме­руерт Өтекешева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, басқа да елордалық зиялы қауым мен журналистер қатысты.

– Бүгінгі жаңа маусымның ашы­луымен баршаңызды құттық­таймын. Сонымен қатар биыл қазақ әдебие­тінің классигі, ұлттық драма­тургия­ның алыбы Мұхтар Әуезовтің туға­нына 125 жыл толғалы отыр. Бұйыр­са, қазақ елін­де үлкен той болады. Сол тойдың бастамасы ретінде Мұхтар Әуезовтің қойылымымен бас­тау алғандарыңыз барлығымызды қуантады. Бүгінгі қойылымдағы Абай мен Тоғжанның кіршіксіз махаббатты – нәп-нәзік іңкәрліктің белгісі. Ол іңкәрлік адамға бір жы­лулық, тазалық сыйлайды. Өнер­дің де бар құдіреті осы емес пе?! Көрерменнің жанын жылыту, сезімін қозғау. Сахнадағы әртістер де өз ше­бер­ліктерімен жастардың санасын бір сілкінтті деп ойлаймын, – деді Меруерт Өтекешева.

Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алады. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туын­ды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмы­рының бозбала кезеңінен көрініс береді.

Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұла­сып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаб­баты­ның темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжан­дай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзия­сындағы ойлы жыр­лар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлты­мыз­дың құн­дылықтары сахна биігіне көтеріледі.

Айта кетейік, музыкалық драма­ның инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музы­калық кеңесші – Димаш Құдай­берген, қоюшы-суретші – Алма Сыр­­­баева, композиторы – Бауыржан Ақ­таев, балетмейстері – Шырын Мұс­та­фина, хормейстері – Ғалымжан Бере­кешев.

Ал Абайдың рөлінде Дінислам Нұр­мағамбетов, Тоғжан – Арелана Аман­гелдиева, Құнанбай – Алтынбек Аманқұлов, Ұлжан – Самал Еслямова, Оспан – Жасұлан Абдрахман.

Әр жаңа маусым – кез келген өнер ұжымы үшін жаңа белес. Театр репертуарын түрлі бағыттағы спектальдермен түрлендіріп, талай додада топ жарған өнерлі ұжымнан биылғы маусымында да жақсы жаңалықтар күтеміз.