Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2022

Кейбір үй жылу маусымына дайын емес

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы көпқабатты баспаналардың 90 пайызы жылуға қосылуға дайын деп мәлімдеді жергілікті тұрғын үй инспекциясы. 15 қыркүйектен әлеуметтік нысандар, ал келесі аптада тұрғын үйлер орталық жылу желісіне қосыла бастайды. Дейтұрғанмен, кейбір үйлер оған қосылуға әзір болмай шықты. Мәселенің туындауына ортақ мүлікті басқарудың жаңа формаларына көшу түрткі болып отыр.

Кейбір үй жылу маусымына  дайын емес

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серік­тес­тікке (ҚС) көшу жұмыс­та­ры өңірде баяу жүргізіліп жат­­қаны байқалады. Жыл со­ңы­на дейін облыс бойынша бас­қа­ру­дың жаңа формасына 2 214 көппәтерлі үй өтуге тиіс деген жоспар бар еді. Алай­да осы уақытқа дейін 1 375 нысан ғана жаңа­шылдыққа енген баспаналар тізіміне тіркеліпті. Оның небәрі 151-і ғана МИБ, өзгесі – қарапайым серіктестіктер. Екі­бас­тұз бен Ақсу қала­ларында өзгеріске бейімделу бойын­ша тұрғындардың таңдау көрсеткіші жо­ғары. Аудандардағы санаулы көпқа­бат­ты баспаналар то­лық көшкен. Негізгі мә­селе Пав­ло­дар­дағы үйлерге қатысты бо­лып отыр.

Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитов бұл түйткілдің өзіндік себептері барын айтады.

– Шаһардағы көпқабатты үйлердің басым бөлігінде зейнеткерлер тұрады. Біз қаладағы жаңа басқару түрлеріне өткен үй­лердегі тарифті шаршы метрі­не 29 теңге деп ұсындық. Мә­селе былай, алдағы уақытта облыстық мәслихаттың қарауына тарифтің 3 түрін жібердік: 29 теңге – ең төменгі тариф, 35 теңге – орташа тариф және ең жоғары тариф – 50 теңге. Үйлер жаңа болса, тариф төмен, ал ескі болса қымбаттай береді. Жоба әзірше қабылданған жоқ. Павлодардағы көп­қабатты баспаналардың басым бө­лігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары са­лынған. Бұл пәтерлерді мекендеп жатқан зейнеткерлер тариф бағасын аталған межеден де өсіріп жібере ме деген қауіппен жаңашылдыққа келіспей отыр. Осы арада нақты ескеретін жағ­дай, үйдің барлық тұрғыны ақыл­дасып, тарифті өздері белгілейді. Ал сер­вистік компаниялармен қызмет көр­сету шарттары жасалады. Яғни ай сайын жиналатын қаражатқа фирмалар тұрғын үйдің коммуналдық желілерін қалыпты ұстауға жауаптанады, – деп түсіндірді инспекция басшысы.

Жоғарыда келтірілген статистикадан үй иелері көбіне қа­рапайым серік­тес­тік түрлерін таңдап жатқанын бай­қаймыз. Неге бұлай?

Нұрлан Нұрғалиұлы қара­пайым серіктестік (ҚС) дегені­міз – заңды тұлға құрмай, пәтерлердің барлық иесі тікелей бірлесіп басқару түрі еке­нін айтады. Ал МИБ-те міндетті түрде заңды тұлға керек. ҚС бо­йынша сайланған адамға үй иелерінің біраз бөлігі сенімхат берсе жетіп жатыр. Ол жеке жи­нақтаушы есепшот ашып, сол арқылы әрекет ете береді. Сондықтан ҚС-ны жиі таңдау себебі сол екен. Деген­мен кемі үш адамнан тұратын «үй кеңесі» құрылуы міндет. Барлық қар­жы­лық мәселені солар шешеді. Қазіргі күні облыс орталығында 43 МИБ, 730 ҚС бар.

Тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілгелі отырған өзгерістер алда­ғы уақытта көп­қабатты баспаналарды басқа­ру­дың формасы бойынша үш түрге жіктемек. Егер тұрғын үйдегі пәтерлер саны 30-дан асса, онда ол жерде МИБ құрылуы шарт. Пәтер саны 30-дан көп болмаса – серіктестіктер, ал барлық пәтер саны 29-дан аспаса, үй иелерінің қауымдастығы құ­рылады. Қауымдастық – ең қара­пайым түрі, бұл жерде ешқандай есепшот ашудың, жеке тұлға сайлаудың қажеті жоқ. Тұрғындар қажет кезде ақыл­да­сып, мәселені ортақ ке­лі­­сіммен шешеді. Аталған өзге­ріс­тер қа­былданса, барлық үй транс­фор­ма­ция­­лануға тиіс.

Инспекция басшысы бүгінде Пав­­ло­дардағы көпқабатты үй­лердің 90 па­йызы (1 129 үй) жылу беруге да­­йын деп мәлімдеді. Басқарудың жаңа түріне өткен кейбір үйлер мен сервистік компаниялар арасында біраз келіспеушіліктер туындап, салдарынан кестеден кешігушілік орын алған. Мысалы, Катаев көшесіндегі бірқатар үй «Әлем» сервистік компаниясына ақша төлеп келгенімен, ол дайындық шараларын мүлде жүргізбеген. Қазір фи­рманың басшысы ауы­­сып, жауап­тан­ған жұмыстар қол­ға алынуда, деп сендірді Нұрлан Рашитов.

Негізі, облыстық мәслихат 2020 жылы қабылдаған жаңа қағи­даларға сәйкес, үйдің жы­лу­ға дайын екендігі туралы акті бұдан былай қажет емес. Пәтер иелері инспекцияға үйдің жаңа маусымға дайын болғаны туралы ха­бар­лауға ғана міндетті. Өз кезегінде мем­­лекеттік мекеме «Павлодар жылу желілері» ЖШС-на дайындық көрсет­кі­ші туралы хат жібереді. Алайда құр хабарламаға сеніп отыра беру біраз тәуекел туындатуы мүмкін. Сондықтан жылу желілеріне жа­уап беретін кә­сіп­орын жүйелердегі қысымды реттеу, үйдің ішкі жылу құбыр­ла­ры мен торап­тарды, су жы­лыт­қыштарды шаю сияқ­ты шара­лардың міндетті түрде жү­зеге асуын қадағалайды. Со­дан соң ғана нақты да­йын екен­дігіне көз жет­кізеді.

«Басында біз барлық да­йын­дық жұ­мысын үй ие­ле­рі­нің өз жауап­кер­шілігіне беріп қойып, бақылаудан айырылып қаламыз ба деп қорықтық. Сондықтан «Павлодар жылу желі­ле­ріне» қадағалау шараларын ұйым­дас­тыруы керек екендігін міндеттеп қою­ға тура келді. Тұрғындар ортақ мү­ліктердің дұрысталуын, мысал үшін подъезді жылыту үшін терезелерді бүтіндеу, жылу батареяларын қою се­кіл­­ді дайындық шараларын жүр­гізе береді. Ал техникалық жағдайын бәрі­бір жылу беруге жауапты компаниялар назарда ұстауы керек деп ұйғардық. Ең бастысы, үйлердегі жылу тораптары мен ортақ құрылғылар сынақтан сәтті өтсе болғаны», дейді инспекция жетекшісі.

Атап өтейік, бүгінде облыс орта­лы­ғында 130 пәтер иелері кооперативі әлі де жұмыс істеп тұр. Олар­ды трансформациялау алдағы жылдың еншісіне қала беретіндей.

 

ПАВЛОДАР