Спорт • 18 Қыркүйек, 2022

Белградта да бас жүлде бұйырмады

231 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сербияның астанасы – Белградта әйелдер күре­­сінен аяқталған әлем чемпионатында төрт мем­лекеттің өкілдеріне ғана бас жүлде бұйырды. Осы орайда Жапония құрамасының қарқыны өте күшті болғанын айта кетейік. Күншығыс елінің өкілдері 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль ол­жалады. Жалпы, олардың осы жарысқа келген тоғыз спортшысының барлығы да жеңіс тұғы­рына көтерілді. Яғни жапондар 100 пайыз­дық көрсеткішке қол жеткізді.

Белградта да бас жүлде бұйырмады

Он алтынның тең жартысы – жапондарда

Жапон қыздарының асқан шеберлігі мен жанкештілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Бір ке­реметі, алтыннан алқа таққан қыздардың барлығы да жас­тар буынының өкілдері. Мә­селен, Нонака Озаки (62 кило) небәрі 19 жаста. Ал ол кім­дерді ұтты дейсіздер ғой? Тұ­сау­­кесер кездесуінде Озаки ма­жар­стандық Анна Шелді қос жа­уырынымен жерге қада­ды. Екінші кезеңде Еуропа чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері, украиналық Илона Прокопевнюкті 10:0 есебімен таза жеңді. Жартылай финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі және Азияның төрт дүркін чемпио­ны, Азия ойындарының жеңім­пазы, қырғызстандық Айсұлу Тыныбековадан алты ұпай артық жинады. Финалда былтырғы дүниежүзілік додада күміс алып, Панамерика ойындары мен біріншілігінде алдына жан сал­маған Кайла Мираклге соқыр ұпай да ұстатпады.

Цугуми Сакураи (57 кило) 21 жаста. Юи Сусаки (50 кило) мен Мива Морикава (65 кило) 23-те. Жапония құрама командасы сапындағы ең тәжірибелісі – Маю Мукайда (55 кило). Биыл жазда ол 25 жасқа толды. Бұл спортшылардың барлығының да мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Тіпті финалдық сайыстарда жапондықтар өз қарсыластарына бірде-бір ұпай бермеді.

Қоржынында 3 алтын, 2 кү­міс және 2 қоласы бар АҚШ құрамасы жалпы есепте екінші орынды иеленді. Әрине, балуан­дық өнерде бай дәстүрі бар ал­пауыттың бұл табысына ешкім таңдана қоймады. Үшінші са­тыға Молдова жайғасты. Ала­қандай жері және 2,6 миллиондай ғана халқы бар шағын ел­дің бұрымдылары бір алтын мен бір қоланы еншіледі. Төр­тінші орындағы Түркияның ән­ұра­ны «Штарк Аренада» бір мәрте шырқалды. Сондай-ақ биылғы әлемдік доданың жүл­делері Моңғолия (2 күміс), Украи­на мен Қытай (1 күміс, 2 қола), Қа­зақ­стан, Мысыр, Нор­вегия (1 кү­міс), Польша (3 қола), Канада (2 қола), Үндістан, Грекия, Фран­ция, Румыния және Эс­тония құрамаларына (1 қола) бұйырды. Сербияның астанасында барлығы 17 мемлекеттің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді.

Жәмиладан басқаларынан қайыр болмады

Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері Белградтағы белдесулерге ең үздік 10 шәкір­тін үкілеп қосты. Бірақ қарт құр­­лыққа толық құрамда бар­ға­нымызды қайтейік, солар­дың арасынан жалғыз спорт­шымыздың ғана жүлде алуға қарым-қабілеті жетті. Бұл жолы да Жәмила Бақбергенова өз жанкүйерлерін қуантты. Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумасы былтыр Ослода өткен әлем чемпионатында жалғыз өзі жеңіс тұғырына көтерілген еді. Биыл сол күмісті алтынға алмас­тыруды көздеген Бақбергенова жарысты өте жақсы бастады. 72 кило салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұрғандықтан ақтық сайысқа жолдама алу үшін оған екі кездесу өткізу жеткілікті болды. Алғашында өзбекстандық Светлана Оқназарованы, іле-шала румыниялық Александра Ангелді айқын басымдықпен ұтқан Жәмиланың жолы финалда Амит Эломен қиысты. 19 жастағы америкалықтың пә­­­лендей атағы жоқ болса да, атал­ған жарысқа оның керемет даярлықпен келгені бірден байқалды. Бастапқыда Амит украи­налық Анастасия Альпеева мен түркиялық Бусе Тосунды қарсылас құрлы көрмеді. Жар­тылай финалда былтырғы әлем чемпионы, жапониялық Масако Фуруитидің уысынан же­ңісті жұлып әкетті.

Ақтық бәсеке басталған бет­те Бақбергенова өрескел қате­лікке бой алдырды. Ол еш дайын­дықсыз аяққа ұмтылған еді, қар­сыласы үстінен басып қалды. Ебін тауып артына шыққан Амит Жәмиланың екі аяғынан мықтап «байлады» да, боз кілемнің үстінде шыр айналдырды. Қазақ қызы бұл құрсаудан шыға алмады. Дәл сол әдісті төрт мәрте дамылсыз қайталаған Эло 1 минут 13 секунд аралығында айқын жеңіске қол жеткізді. Міне, осы бір ғана қателік Бақбергенованы бас жүлдеден айырды.

Жалпы, Жәмилаға еш өкпе айта алмаймыз. 26 жастағы спорт­шы бірер жылдан бері ха­лық­аралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бұған дейін ол екі дүркін Азия чемпионы атанып, сол жарыста бір күміс пен бір қола медальді қоржынға салды. Биыл Түркияның Конья қаласында ұйымдастырылған Ислам ынтымақтастығы ойындарында екінші орынды иеленді. Міне, енді қатарынан екінші мәрте әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып отыр. Жарай­сың, Жәмила! Өкінішке қарай, өзге бұрымдыларымыздың бойынан жеңіс тұғырына кө­теріле алатындай қарым-қабі­летті байқай алмадық.

Сөйтіп, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарында жеңіп алған медальдар саны 13-ке жетті. Ол жүлделердің иелері мыналар: Елена Шалыгина (2007, 2010 жылдары), Жұлдыз Ешімова (2008), Гюзель Манюрова (2012), Жәмила Бақбергенова (2021, 2022) – күміс және Ольга Смирнова, Ольга Жәнібекова (2007), Елена Шалыгина (2009), Жұлдыз Ешімова (2011 жыл), Екатерина Ларионова (2013), Айым Әбділдина (2016), Вален­тина Исламова (2019) – қола.

Азаматқа қола медаль бұйырды

Бұрымдылардың бәсекесі аяқталған соң еркін күрес ше­берлері түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды. Сербияға сапар шеккен Қазақстан құрамасы сапында талай дүрмекті көрген сақа спортшылар аз болған жоқ. Солардың арасынан бұған дейінгі әлем чемпионаттарында жүлде алған жалғыз ғана балуан бар еді. Ол – Нұрқожа Қайпанов. Осыдан үш жыл бұрын қандасымыз Астанадағы додада қола медаль иеленді. Бірақ бұл жолы Қайпанов өз деңгейінде күресе алмады. Тұсаукесер кездесуінде ол Әлем кубогі, Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері, жапониялық Даичи Такатаниді 6:0 есебімен ұтып жатқан еді. Бірақ шешуші сәтте босаңсыды. Бұл жайғдайды ұтымды пайдаланған қарсыласы таразы басын теңестірді. Нәти­жесінде, бұл тартыс 6:6 есе­­бі­мен аяқталды. Қосымша компоненттер бойынша жеңіс жапонның уысында кетті. Ал Қайпанов көрермендердің қата­рына қосылды. Сол секілді Ра­хат Қалжан (57 кило), Болат Сақаев (79 кило) және Әділет Даулынбаев (92 кило) бастапқы кезеңдерде сүрінсе, Талғат Сыр­баз (70 кило) жұбаныш бел­десуінде жеңіліс тапты.

Белградтың боз кілемінде тек Азамат Дәулетбеков табысты өнер көрсетті. 78 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Семей өңірінің тумасы алғашқы ай­налымдарда Панамерика ойын­дарының жеңімпазы, үш дүркін құрлық чемпионы, кубалық Юриски Торребланка Керальта мен Испания намысын қорғаған осетин спортшысы, әлем чем­пионатының қола жүлдегері Таймураз Фриевті жолынан ығыс­тырды. Ширек финалда Аза­мат Майлз Назем Аминмен айқасты. 25 жастағы АҚШ-тың атақты балуаны бұл күндері Сан-Мариноның атынан сынға түсіп жүр. Ол – Токио Олимпиадасы мен Еуропа ойындарының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы және сол жарыстың екі дүркін жүлдегері. Міне, осы азулы балуанды қазақтың қайсар ұлы 9:1 есебімен ойсырата ұтты.

Жартылай финалда Азамат­тың жолы Американың тағы бір апайтөсі, Олимпиада және әлем чемпионы, Панамерика біріншілігінің екі дүркін жеңім­пазы Дэвид Тэйлормен қиысты. Бұл белдесуде АҚШ балуаны айқын жеңіске қол жеткізді. Есесіне үшінші орын үшін тартыста қандасымыз Пуэрто-Рико өкілі Итан Рамосты әрі де, бері де лақтырып, тас-тал­қанын шы­­ғарды. Есеп – 10:0. Аза­мат Дәу­летбеков – әлем чем­пио­наты­ның қола жүлдегері!

Сөйтіп, Қазақстанның ер­кін күрес шеберлері әлем чемпио­натындағы 16-жүлдесіне қол жет­­кізді. Бұған дейін біздің жігіт­тер 5 күміс пен 10 қола медаль ол­­жалаған еді. Бұл жүлде­лер мы­на балуандарға бұйыр­ған-тын: Күміс – Елмәди Жабы­райы­лов (1995), Нұрлан Бекжанов (2016), Нұрислам Санаев (2018), Дәулет Ниязбеков пен Нұрқожа Қайпанов (2019). Қола – Мәулен Мамыров (1997), Геннадий Лалиев (2003), Магомед Круглиев (2005), Леонид Спиридонов (2009), Әбілхәкім Шәпиев (2010), Дәулет Ниязбеков пен Дәу­рен Жұмағазиев (2011), Ақ­жү­рек Таңатаров (2017) және Нұр­ислам Санаев пен Данияр Қайсанов (2019). Міне, енді сол саңлақтардың санатына Азамат Дәулетбеков қосылды. Дәл сондай мүмкіндік Олег Болтинде де болған еді. Бірақ үшінші орын үшін тартыста ол Грузияның алы­бы Гено Петриашвилиге есе жіберді.

Кеше түнде аталған жарыстың соңғы жүлделері сарапқа салынды. 65 кило салмақтағы Әділ Оспанов бастапқыда молдо­ва­лық Виталий Биничи мен қыр­ғызстандық Ойбек Осмоновты ұтып, ширек финалда Рахман Амоузатхалилиден айласын асыра алмады. Қарсыласы финалға шыққанының арқасында Әділ жұбаныш бәсекеде бақ сынады. Ал сол белдесудің қалай аяқ­талғаны және еркін күрес ше­берлерінің нәтижелері жайын­да газетіміздің келесі санында баяндайтын боламыз.

Әйелдер күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

 50 кило: 1. Юи Сусаки (Жапония), 2. Долгорджавын

                   Отгонжаргал (Моңғолия), 3. Сара Хильдебрант (АҚШ)

                   пен Анна Лукасяк (Польша).

53 кило:   1. Доминик Пэрриш (АҚШ), 2. Хулан Батхуйяг

                   (Моңғолия), 3. Винеш Пхогат (Үндістан) пен Мария

                   Преволараки (Грекия).

55 кило:   1. Маю Мукайда (Жапония), 2. Александра Хоменец

                   (Украина), 3. Си Менгю (Қытай) мен Карла Годинез                         (Канада).

57 кило:   1. Цугуми Сакураи (Жапония), 2. Хелен Мароулис                             (АҚШ), 3. Алина Акобия (Украина) мен Анжелина                                Лысак (Польша).

59 кило:   1. Анастасия Никита (Молдова), 2. Грейс Буллен

                   (Норвегия), 3. Сакура Матоки (Жапония) мен Иовита                     Мария Вжесень (Польша).

62 кило:   1. Нонака Озаки (Жапония), 2. Карла Миракл (АҚШ),                      3. Илона Прокопевнюк (Украина) пен Лю Сяоюань (Қытай).

65 кило:   1. Мива Морикава (Жапония), 2. Лун Цзя (Қытай),

  1. Мэллори Вельте (АҚШ) пен Кумба Ларрок (Франция). 68 кило: 1. Тамира Менсен (АҚШ), 2. Амми Ишии (Жапония),                          3. Ирина Рынгал (Молдова) мен Линда Мораис (Канада).

72 кило:   1. Амит Эло (АҚШ), 2. Жәмила Бақбергенова                                     (Қазақстан), 3. Масако Фуруити (Жапония) мен                                Александра Ангел (Румыния).

76 кило:   1. Ясемин Адар (Түркия), 2. Самар Әмер (Мысыр),

  1. Юга Кагами (Жапония) мен Эпп Мяэ (Эстония).