Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2022

Сырбай ақын һәм соғыс тақырыбы

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамға оқыған шығармасы қалайда әсер етеді екен, сол үшін де ұлылар кітап оқудың кереметтігін қайта-қайта дәріптесе керек. Таяуда Сырбай Мәуленовтің таңдамалы жыр кітабын оқып едім, соғыс туралы жырлары ойымнан шықпай-ақ қойды. Сырағаңның майдан даласында жазған жырлары әлі де өзекті сияқты. Айналамызда соғыс жүріп жатыр, ал сол соғыс майданында қанша ақын толғанып, қаншама өлең ой дәптеріне жазылды десеңізші. Сырбай Мәуленовтің соғыс даласынан оқырманына жіберген ақ адал сәлем хаттары ақ көгершін болып ақ қағаздың бетіне қонғандай.

Сырбай ақын һәм соғыс тақырыбы

«Сіздің жақта осы күні жаз екен,

Біздің жақта қыс болып тұр, жанеркем.

Сәлем жолдап көшкен бұлттан отырмын,

Бұлт жолына қарашы өзің таңертең.

Майдан деген сапырылған қан екен,

Қиын-қиын қилы жолы бар екен.

Шың қияда, шыңырауда келемін,

Шын күтсең тек, оралармын, жанеркем».

Бұл өлең 1942 жылы жазылыпты. Ақын бізге «соғыс құрсын» деп ақыл айтпайды, ол адамзатқа, сосын оқырманына соғыстың қып-қызыл қаннан тұратынын ескертеді. Қолында берені, ойында өлеңі бар жап-жас ақын үшін әр сәт өмір мен өлім арасындағы тайталас болғаны шындық. Сонда да ол мына тіршіліктен, елінен, жерінен үмітін үзбейді. «Мен ораламын» деп асқақ мінезбен, айдарлы қалыппен сөйлейді. Жүрегі нені қаласа, тағдыры соны бұйырып, ақын соғыстан аман оралды да.

Жазушы Э.Хемингуэй «Мен соғысқа бар­ма­ған, бірақ соғыс туралы роман жазатындарға жа­­ным ашиды» деп соғысқа бармақ түгілі, ол туралы шығарма жазудың өзі қаншама қиын екенін осы бір сөйлеммен сипаттайды. Біз­дің Сыр­ағаң, Сырбай Мәуленов соғыста нені көрсе, соны жазды. Ол үшін қиян-кескі ұрыс май­­даны, ажалдың әміршісіндей сұп-суық мыл­­тықтар, тұманы сейілмеген алаңдар бәрі-бәрі де өлеңнің алдында аласа болып елестейді.

«Жауынгермін құшағымда

Керілген көк, кең дала.

Дауылды ермін, құшағымда,

Еркін ескен жел ғана.

Жайнаған от, шарлаған оқ,

Қаулаған өрт айналам.

Көкірегімде лаулаған кек,

Бұрқ-сарқ етіп қайнаған.

Жерге болмас шек десе де,

Жерге сыймас бұл кегім.

Аспанда шек жоқ десе де,

Сыймас оған жүрегім».

1941 жылы Волхов майданында жазылған бұл өлеңде ақын сезімі селдей тасып-ақ тұр. Өз сөзімен айтсақ «бұрқ-сарқ қайнап тұр». Соғыс көрдім, қан майдан кештім деп жасымай, керісінше, жастық жалынын жасын жырмен суарып, жүрегін атқан таңның шапағымен, сұлу сөздің мақамымен әлдилеген ақын үшін өмірдің әр сәті әдемі өлеңнен тұратындай.

«Мың қолдар сау болсын деп,

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп,

Мен бір жолымды бердім.

Мың гүлдер солмасын деп,

Гүлдей жастық күнімді бердім.

Мың ақын толғасын деп,

Мен бір жырымды бердім».

Осы тармақтарды оқыған соң ақынның со­ғыс даласындағы көңіл күйін жақсы түсіне­міз. Тіпті оның өзіне артылған міндетті қалай адалдықпен атқарғанына да сүйінішпен қарай­мыз. Сырбай Мәуленовтің өлеңдегі ерік-жіге­рі, қайсарлығы, асқақтығы ең алдымен оған туған дала­сының өзгешелігінен дарыған, ал содан ке­йін ұрыс алаңындағы өр мінезден, ба­тыл­дықтан бойына қонған қасиеттің бірі дер едік. Мұның сырын ақын мына өлеңінде айтады.

«Таң атты ала сәулелі,

Бұлттардың бояп ақ жүзін.

Өлтірмек болды жау мені -

Бір атаның жалғызын.

Өлтірмек болды ұлымды

Дүниеге әлі келмеген.

Өлтірмек болды жырымды

Линотипистер термеген.

Өлтірмек болып арманды,

Жау атты көздеп сығалап.

Ормандар мені қорғады,

Көлденең оққа тұра қап».

Оның жанын, жырын оқтан, оттан қорғаған туған даласының табиғаты, елінің үміті мен арманы, өзінің оттай ыстық жалынды жүрегі екен. Қазақ өлеңіне қатысы бар әр қаламгер Сырбай ақынның жырын оқып, жаттап өсті, оқыған сайын айызың қанатын ақ қанат жырлар ой көкжиегінде мәңгі самғай бермек. Самғай береді де.