Экономика • 18 Қыркүйек, 2022

Битум тапшылығын қалай реттейміз?

1805 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі битум тапшылығын сөз етті. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырғалы бері қоғамның назары да осыған ауған секілді.

Битум тапшылығын қалай реттейміз?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Битум негізінен жол құрылысына пайдаланылады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ғылым және жаңа технологияларды енгізу департаментінің директоры Нұржан Досаевтың айтуынша, жол құрылысында битумның алар орны ерекше. Оны үй құрылысында пайдаланылатын цементпен салыстыруға болады. Бір қарағанда үйдің құрылысына аса бір көп көлемде цемент жұмсалмайды. Бірақ оның беріктігі, яғни үйдің сапалы салынуы дәл осы материалға байланысты. Сол секілді битум да жол құрылысында аз көлемде қолданылғанмен, жолдың сапалылығын қамтамасыз етеді.

– Әлбетте, битум тапшылығы өте өзекті мәселе және бұл биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл туралы жыл сайын айтылып келе жатыр. Сондықтан дәл қазір битум тапшылығын жоюға қатыс­ты қолға алынған шаралардың бар­лығы белгілі бір деңгейде өз жемісін бере­ді. Бірақ бұл аталған мәселе түбегейлі шешіл­еді деген сөз емес. Ресейден битум импорттау туралы да айтылып жүр. Мұның да қордаланған мәселені шешуде өзіндік пайдасы болары даусыз. Дәл қазіргі уақытта біз Ресейден битум импорттай алмай отырмыз. Осы орайда битум тапшылығынан бөлек, оның сапасына да көңіл аудару керек. Біздің орталық отандық жолдардың сапасын тексереді. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың бәрі ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Айталық, жол құрылысындағы битумның үлесі 5 пайызды ғана құрайды. Алайда жол сапасының 90 пайызы дәл осы битумға байланысты. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды, – дейді Нұржан Досаев.

Жол активтерінің ұлттық сапа орта­лығы былтыр 1 400-ден астам жол сынамасын алып, тексерген екен. Өкінішке қарай, соның 300-ден астамында битумның сапасы тиісті стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сонда 35 мың тонна материал сапасыз салынған болып тұр. Сондықтан битумның сапасына да аса мән беру маңызды болып отыр.

Энергетика министрі Болат Ақ­шолақовтың дерегінше, биыл Қазақ­станда 726 мың тонна битум өндіру жос­пар­ланған. Соңғы сегіз айдың қоры­тынд­ысы бойынша шамамен 600 мың тонна өнім өндірілген екен. Бұл ретте QazaqBitum компаниясы өндірістік жос­парды орындай алмай отыр. Себебі битум бағасының жоғары болуына байланысты жол құрылысымен айналысатын компаниялардан өтінім түспеген. Өйткені QazaqBitum оны гудрон деген импорттық шикізаттан өндіреді.

– QazaqBitum-дағы битум бағасы (тоннасына – 225 мың теңге) Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда (тоннасына – 200 мың теңгеге дейін) төмен. Отандық компанияның жұмыс орындарын қамтамасыз ететінін және қосылған құн­ды құрайтынын ескере отырып, QazaqBitum өндірістік қуаттарын пайдалану орынды деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақ­стан Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының келіссөздері нәти­жесінде гудрон импортының көлемі 280 мың тоннадан 430 мың тоннаға дейін ұлғай­ғанын атап өткім келеді. Елдегі битум­ның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша тиеу есебі­нен мүмкін болмақ. Яғни CaspiBitum Қара­жанбас мұнайын өңдеу есебінен жылы­на 500 мың тоннаға дейін (+ 94 мың тонна) өсіреді. Сондай-ақ Ресейден жеткі­зілетін гудронның есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін (+ 200 мың тонна) ұлғай­туға мүмкіндік бар. Бұл үшін жол-құры­лыс компанияларының өтінімдері қажет. Оның ішінде битумға сұраныс төмен­дейтін қысқы-көктемгі кезеңдегі өтінімдер маңызды, – дейді Энергетика министрі.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда битум өндірісінің ең жоғары қуаты жылына 1,37 млн тоннаны құрайды деп сендірді. Бұл ретте биыл битум тұтыну көлемі 1,1 млн тонна болады деп күтілуде. Былтырмен салыстырғанда өсім – 15 пайыз. Өндіріс көлемі 952 мың тоннаға бағаланды. Өндірістегі тапшы­лыққа «ҚазМұнайГаздан» басқа зауыттардың өндіріс қуаты толық жүктел­меуі және тұтынудың маусымдық өсімі себеп.

– Жылдық мұнай өңдеу көлемі 921 мың тонна екенін ескере отырып, биыл 99 мың тонна мұнай өңдеу және 62 мың тонна битум өндіру мүмкіндігі жоғалып отыр. Бұл мысалмен жыл бойы битум өндірісі мен мұнайды тең жүктеу арқылы битум өндірісін арттыруға болатынын көрсеткіміз келеді. Мәселе жол-құрылыс компанияларының сатып алу мүмкіндігінің жоқтығында емес. Оларды қаржыландыру мен жол-құрылыс маусымынан тыс уақытта битум сатып алу мәселесін тиісті органдар шешуге тиіс. «ҚазМұнайГаз» жыл бойы битум өндіруге дайын. Оның үстіне, біз CaspiBitum мұнай өңдеу зауыты­ның қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру мәселе­сін зерттеуді бастап кеттік. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойынша жұмыс басталды, – дейді М.Мырзағалиев.

Белгілі экономист Жақсыбек Құле­кеевтің айтуынша, елдегі битум тап­шылығын жою үшін CaspiBitum зауытын жыл он екі ай жұмыс істейтіндей дең­гейге жеткізу маңызды.

– Өкінішке қарай, CaspiBitum жыл бойы жұмыс істемейді. Негізі қысқы уақытта да битум шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорын. Жол құрылысымен айналы­сатын отандық компаниялар алдын ала битум сатып алуға қызық­пай­ды. Салдарынан отандық зауыт қыста қаңтарылып тұрады. Өйткені CaspiBitum қыста өнімін ешқайда өткізе алмайды. Мемлекет басшысы битум тапшылығын жоюды тапсырды. Ол үшін CaspiBitum зауытының жыл он екі ай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Алдымен осы мәселені реттеу маңызды. Жол құрылысымен айналысатын компаниялардың сатып алу қабілетін арттыру керек. Әдетте, жол салумен айналысатындар тендерді ұтып алғаннан кейін ғана, битум іздеуге кіріседі. Мұндай уақытта битум тапшылығы бірден байқалады. Егер жол салатын компаниялар тендерді бір емес, бірнеше жылға ұтып алса, оларда ертеңге деген сенім, тиісінше артық қаражат та болады. Битумға деген қажеттілікті де сезінеді. Сөйтіп, қыстың күні де битум сатып алуға талпынады. Битум сақтауға жарамды материал, одан оның сапасы өзгермейді. Оны асфальт төсейтін кезде қыздырып, кәдеге жарата беруге болады. Айтпағым, елдегі битум тапшылығы көп жағдайда осындай ұйымдастыру жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан Үкімет мұның да тетігін табады деген ниеттемін, – дейді Ж.Құлекеев.

Қазақстанда битум тапшылығының қазіргі күннің басты мәселесіне айналуы­ның бір себебі Ресейге салынған санк­циялар­да жатыр. Өйткені осы жылы Ресей Қазақ­станға битум экспорттауды шектеді.

– Ресейдегі шетелдік компаниялардың дені өз жұмысын тоқтатып, бұл нарықтан кетіп қалғаны мәлім. Соның салдарынан көрші елде жұмыссыздық пайда болды. Ел Үкіметі жұмыссыз қалғандарды қалайда жұмысқа тартуға тиіс. Оның ең оңай жолы – жұмыссыздарды жол құрылысына тарту. Сондықтан қазір Ресей мәжбүлі түрде жол салуға басымдық беріп отыр. Жол көптеп салынғандықтан, битумға деген қажеттілік те артады. Осылайша, Ресей экспортты шектегендіктен, біздің елде битум тапшылығы орын алды. Мұндай факторларға тәуелді болмас үшін мәселені өз күшімізбен шешуіміз керек, – дейді экономист.

Энергетика министрлігі битум қажетті­лігі бойынша республиканы үш өңір­ге бөліп қарастырады. Ең аз қажет­тілік батыс өңіріне тиесілі. Бұл өңірге жылына 191 мың тонна битум қажет. Солтүстік-шығыс өңірдің қажеттілігі 308 мың тоннаны құрап отыр. Ал оңтүстіктің қажеттілігі – 302 мың тонна. Сонда битум тапшылығы шамамен 1 млн тоннадан асып тұр.