Саясат • 19 Қыркүйек, 2022

Жайылым тапшылығы: Заң алдында бәрі тең

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жер аманаты» комис­сиясының мүшелерімен бірге Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жердің жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселені талқылады.

Жайылым тапшылығы: Заң алдында бәрі тең

Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмен деңгейі, дизель отыны бағасының қымбаттауы секілді мәселелерді көтерді.

Amanat-тың Атқарушы хатшысы құрамына партияның депутаттары, Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кіретін комиссия мүшелері ауыл тұрғындарының мәсе­ле­лерін білу үшін еліміздің барлық өңір­інде кездесулер өткізіп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. «Жер ама­наты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қол­жетімділікті қамтамасыз ету. Үш айдың ішінде партияның араласуымен 10 өңірде 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында 1 млн гектар жайылым мем­­лекет меншігіне өтті. Біз бұл істі тоқ­тат­­паймыз. Осы бағыттағы тұрақты жұ­мыс­ты жалғастырамыз», деді Асхат Оралов.

Жайылым тапшылығы жер сала­сын­дағы жалғыз мәселе емес екенін атап өткен Мәжілістегі Amanat фракция­сының мүшесі Ерлан Саиров кездесу­лер­дің қорытындысы бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.

Жергілікті тұрғын Нұрбол Арын­баев­тың айтуынша, ауыл тұрғындары «Жер аманаты» комиссиясына үлкен үміт артады. «Мал саны өсіп жатыр. Ал жем-шөп базасы жетіспейді. Әсіресе шағын шаруашылықтарға қиын. Жаңа жайылымдар, мемлекет тарапынан қолжетімді субсидиялар қажет», деп атап өтті ол.

Аудан тұрғындарының басым бө­лігі ет және сүт шаруашылығымен айналысатынын алға тартқан шаруа Елдос Майлыбаев: «Жайылым тап­шы­лығы әр ауылда сезіледі. Комиссия жұмы­сының осы облыстағы нақты нәтиже­сін көріп отырмыз. Бұл – қуанар­лық жағдай. Пар­тиялықтармен кездесуде өзге де түйт­кілді мәселелерді атап өттік. Ол мәсе­лелер де өз шешімін табуы тиіс», деді.

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек комиссия мүшелері жайылымдардың әділ бөлінуіне қол жеткізуді жалғас­ты­ратынын атап өтті. «Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар барлық жайылымнан шеттетілді. Ауыл тұрғындары мұндай комиссияны күтіп отырғанын көріп отырмыз. Бәрін тексеріп, қазірде кейбір олигархтардың жерін мемлекетке қайтарып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын: заң алдында бәрі тең», деді ол.

Сондай-ақ кездесулер аясында партияның Қарағанды облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады.

Айта кету керек, партияның жер мәсе­лелерін неғұрлым жедел шешу үшін ашылған «Жедел желі» телефонына 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына берілді.