Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2022

Жұрт игілігіне жараған жобалар

367 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір Қазалы ауданындағы үлкен жобаның бірі – «Қарлаң» учаскесіндегі темір-бетон көпірінің құрылысы. Ұзақ жылдар бойы өзеннің арғы бетіндегі ағайынның күні қалқымалы көпірге қарап келген. Дария арнасында мұз ұстасатын қыс пен өзен суы молаятын көктемде бұл көпірлер ­жиналып, ауылдағылардың аудан орталығына жетуі қиындай түсетін. Мыңдаған халық жылдар бойы күткен көпір құрылысы биыл басталды.

Жұрт игілігіне жараған жобалар

Жаңа көпір арқылы Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Боз­көл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тас­арық және Кәукей елді меке­ніндегі 12 мыңға жуық халықтың алыс-берісі артып, жол қатынасы жақсармақ.

Жалпы, осы жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу бағытында 7 жоба қолға алынып, жақында ғана Бекарыстан би мен Майдакөл ауылдарының арасындағы жол асфальтталды. Мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС авто­мобиль жолына су көздері жа­қын болғандықтан негізгі жол қа­батын нығайтып, 7,3 шақырымға асфальт-бетон қабатын толықтай төседі. Ендігі кезекте мердігер мекеме жол жиегін бекітіп, жол белгілерін орнатып, жолақтарын сызады. Бұған дейін аудандық маңыздағы Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерінің арасындағы 12,3 шақырым жол асфальтталған болатын.

Қазір Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы, Майдакөл мен Ү.Түктібаев елді мекендерінің арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жыл аяғына дейін облыс­тағы елді мекендерді газдандыруды 68 пайызға жеткізу жоспарлан­ған. Ірі орталықтардан бөлек ауыл­дарға да «көгілдір отын» жет­келі жұрт артық бейнеттен құ­тыл­ды. Бұл қоршаған ортаға да оң әсер етті. Биыл табиғи газ игі­лігін көріп отырған жұрт қа­та­рына Қазалы қаласы тұрғын­дары да қосылды. Қазір аудан орталығы Әйтеке би кенті мен елді мекендерді газданды­ру жұ­мыстары қарқынды жүр­гізілуде.

Осы күні аудан орталығы­на жақын орналасқан Жалаң­төс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауыл­дарына газ тарту аяқталуға жақын. Жақын күндері осы елді мекендер тұрғындары табиғи газ тұтынатын болады.

Бұл бағыттағы жұмыстар шеңберінде Абай ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жобалаушы «Бірлестік» ЖШС жобалық-сметалық құжатта­рын әзір­леп, сараптамадан өткізеді. Сонымен қатар «Бірлестік» ЖШС демеушілігімен «Ақтан батыр ауылының орамішілік газ құбырын салу» жобасы әзір­ленуде.

Қалаға тән игіліктен ауыл халқы да тыс қалмауы керек. Әсі­­ресе, ауыл балалары қа­жет­ті инфрақұрылыммен қамты­луға тиіс. Биыл Балалар жылы­на байланысты облыс бас­­шы­лығы­­ның бастамасымен қала мен ауылдарда бала­лар алаң­дары салынып жатыр. Соның бірі осы ауданда­ғы Аранды ауылында бой көтеру­де. Қаза­лы­лық кәсіпкер Темірхан Кен­жебаев демеушілік еткен алаң­­ның құрылыс жұмыстарын «ҚазалыСтройСервис» ЖШС жүргізеді. Жалпы аумағы 70х40 метр болатын алаң ішінде жаз­дық сахна мен тұрғындар отыра­тын орындар, балалар мен ересек­тер үшін тренажерлық құ­рыл­ғы­лар орнатылады.

Бүгінде спорт алаңының же­рін көтеріп, сыртын қоршау жұ­мыстары аяқталған. Ендігі кезекте алаңның жиектері биік­тетіліп, жасанды төсеніштер төселеді. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түк­тібаев атындағы ауылда да спорт кешенінің құрылысы жүруде.

Аудан әкімі Мұхтар Ораз­баевтың айтуынша, осының бәрі балалар мен жастардың бос уақытында спортпен айналысуына жағдай жасау, олар­дың топ болып төбелесуінің алдын алудың қамы, қоғамға жат қылыққа жол бермей, жастардың пайдалы іспен айналысуына көмектесу.

– Жақында Қазалы қала­сы­ның жастарымен кездесіп, пікір­лерін тыңдадым. Олар Б.Қо­саев көшесінің аяқ жағында орна­ласқан бос орынға балалар ойын алаңы мен 40х20 метр болатын кіші футбол алаңын салып беруді сұрап отыр. Тіпті сол орынға өз күштерімен 100 машинадай құм төгіпті. Жастардың талабы орынды, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылығына жобалық-смета­лық құжаттарын дайындап, қар­жысын есептеу тапсырылды, – дейді аудан әкімі.

Алдағы уақытта Қазалы қала­сында екі спорт кешенін салу жоспарда тұр. Оның бірі бюджет есебінен салынса, екіншісі жеке кәсіпкердің қаржысына бой көтереді.

Аудан аумағында кездесіп қалатын жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу үшін жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Кейінгі буын өкілдерімен кездесу барысында кешкі мез­гілде мектептер мен колледж­дер­дің спорт залдарын пайда­лану жөніндегі жастардың ұсынысы қолдау тауып, оны үйлестіру тиісті мамандарға тапсырылды.

 

Қызылорда