Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

Түрлі тағдыр, «қилы қызық» немесе учаскелік полицейдің бір түні

402 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әйнекті шағып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ба, түсініп болмадық, дереу рацияға түскен мекенжайға келгенбіз. Аулада жедел жәрдемнің көлігі тұр. Подъездің есігі тас жабық. Терген қоңырауымызға жауап жоқ. Шақырып алып, есікті ашпайтындары несі осы?! Онсыз да шақыртудан шақырту. Қабаттан қабатқа көтеріліп, аяқтан таусылып жүрміз...

Түрлі тағдыр, «қилы қызық» немесе учаскелік полицейдің бір түні

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстары дәл мұндай қызықты, әрі қауіпті болар деп ойламаппын. Жуықта Өскемендегі Ертіс полиция бөлімінің инспекторларымен түнгі кезекке түстім. Кәдімгідей полиция формасын кидік. Әрине шартты бәрі. Соның өзінде иыққа қона кеткен қос погон үлкен жауапкершілік жүктегендей болды. Салмағы бар. Қалай десек те, полиция – мемлекеттің айнасы. Ел үшін, елдің қауіпсіздігі үшін қызмет қылады. 

Қызметке кіріспес бұрын, Ертіс поли­ция бөлімі бастығының бірінші орын­ба­сары, майор Болатжан Рахимжанов учас­келік инспекторлардың міндеті мен қызметі туралы қысқаша түсінік берді. Түнгі кезекке №220 экипаж, екі учаскелік инспектор, бір жүргізуші шығатынын хабарлады.

– Әсіресе отбасылық кикілжіңдерге көп шақырады. Ал қылмыстық іс орын алса, баратын полицейлер басқа. Мәселен, пәтерді су басса, отбасылық ұрыс-төбелес болса, оқиға орнына біз жетеміз. Кейбір жағ­дайда, психикалық диспансерде тір­кеу­де тұрған азаматтар тәртіпсіздік жа­сай­ды. Ондай болса, №20 бригаданы ша­қы­рып, диспансерге жөнелтеміз. Егер де, отбасылық кикілжің орын алып, екі тараптың біріне орташа жарақат түсір­се, Қылмыстық кодекстің 107-бабына сәй­кес орын алған оқиғамен басқа топ айна­лы­са­ды. Қысқасы, жұмыстың қызығы мен шы­жығы көп, – деді полиция майоры Б.Рахимжанов.  

Жұмысты бүге-шігесіне дейін түсін­ген­дей кейіпте кабинеттен шығып бара жатқанымызда: – Жарақат алып қал­май, байқап жүріңіздер, – деп және сақ­тан­ды­рып қойды басшының орынбасары.

Соған қарағанда, тентектерді тезге салу полиция қызметкері үшін де оңай емес көрінді. Міндетіміз – кешкі сегізден таңғы сегізге дейін Ертіс полиция бөліміне қарасты аумақтағы шақыртуларға жету, қажет болса, хаттама толтырып, тәртіп бұзғандарға заң шеңберінде шара қолдану. «Сенбі күні болса, бір сәрі, апта ортасында шақыртулар түсер ме екен» дегенімше болған жоқ, Буров көшесіне шақырту түсті. Алдын ала хабарлағандай, адам қайтыс болған екен. Ұшып жетсек, сол аумақтың учаскелік полиция инспекторы барып, тиісті хаттаманы толтырып қо­йып­ты. Мұндай жағдайда, алдымен поли­ция қызметкерлері мәйітте ешқандай ж­а­рақат­тың жоғына көз жеткізеді, туыстарымен тіл­д­­еседі. Содан кейін ғана мәйітханаға жө­нелтеді.

Екінші шақырту А.Чехов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен түсті. Барсақ, 50 жастағы әйел ұялы телефонына «поли­циядан» деп белгісіз біреулер хабар­лас­қа­нын айтып шағымданды. Қоңырау шалғандар Гүлнардың атына алаяқтар несие рәсімдемек болғанын ескертіп, картасын блоктау керек деген көрінеді. Абырой болғанда, Гүлнар оларға ешқандай код айтпаған. Осындай қоңыраулар жиі түсе бастаған соң полиция көмегіне жү­гі­нуге мәжбүр болған. Шақыртуына же­дел жеткен жергілікті полиция инспек­тор­­лары Қуаныш Айбекұлы мен Эльдар Серікұлы мұндай қоңырауға мейілінше жауап бермеу керектігін айтып түсіндірді. Жауап берген жағдайда да, қысқа ғана сөйлескен жөн. Оның үстіне интернеттегі алаяқ­тарды қолға түсіру қиынның қиыны. Себебі өзге мемле­кеттерде отырып, арам ойларын жүзеге асыруы мүмкін.

Инспекторлардың айтуынша, жұмыс күндері 70-ке жуық шақыртуға барады екен. Ал жұма, сенбіде жүзден астам аза­маттың шағымына құлақ асады. Бай­қай­мын, кейбіреу болмашы дүниеге де полиция шақыра беретін сияқты. Әр ша­қыр­туға инспекторлар хаттама толтырады немесе рапорт жазады. Соған қарағанда, қағаз бен қалам шақ келмейді-ау.       

Үшінші шақырту қаланың іргесіндегі «Лесхоз» шағын ауданына түсті. Ха­бар­лағандай, бір көрші екіншісін ұрып жі­бер­ген екен. Анық-қанығына барған соң жетер.

Полицейлердің рацияларында быж-быж етіп, маза жоқ. «Лесхоз» шағын ауда­нының орталық көшесіндегі шамы жар­қы­рап тұрған дүкеннің алдына тоқтадық. Жәбірленуші азаматша полиция көлігіне өзі келді. В.Боброваның жазған арызына көз салсақ, бұрынғы күйеуінің әйелі И.Гущина соққыға жыққан екен. Мән-жайды анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жаяулатып, күйеуі тұрып жатқан үйге беттедік. Қа­тар тұрады екен. Көзге түртсе көргісіз, қараңғы көше. Жан-жақтан абалап иттер үреді. Жәбірленуші В.Боброва алдымызға түсіп алып, бұрынғы күйеуінің үйіне дейін өзі жол бастап барған. Түн ішінде есігін қағып жүріп ояттық. Сөйтсек күдікке ілінген И.Гущина арызданушыны бұл күні мүлдем көрмегенін айтып ақталды. Көрмесе көрмеген де шығар деп ой түйдім іштей. В.Боброва бәле жапқысы келгенге ұқсайды. Сөйтсек оны соққыға жыққан қазіргі күйеуі болып шықты. Он бес тәулікке қамалған В.Боброваның бүгінгі күйеуі бостандыққа шығып, үйіне келсе, В.Боброва бейтаныс ер адаммен ішімдік ішіп отырған. Әлбетте, ер жігіттің намысы бар, әйеліне қол жұмсаған. Ол болса, бұл жағдайды пайдаланып, Ирина Гу­­щинаны себепсіз заңға тартқысы келген. Шым-шытырық оқиғаның ұшы қайдан, қалай басталғанын учаскелік полицейлер беске біліп отыр. Қос тарапқа да ескерту жасады, әдеттегідей түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал жазылған арыз полиция тарапынан жауапсыз қалмайды.

Төртінші шақырту. Үйді-үйдің арасымен полиция машинасы зу-зу етіп өте шығар ма еді. Көптеген үй­лер­де автотұрақ қарастырылмағандықтан ба, тұрғындар көліктерін бей-берекет қойып кете береді. Құдай сақтасын, көп пәтердің бірінен от шықса, өрт сөндірушілердің көлігі қалай өтер екен?!

Подъезден пәтерге қоңыраулаттық. Дауысы дір-дір еткен қыз есікті тез аша қойды. Үшінші қабатқа көтерілдік. Пәтерінің есігін біреу тепкілеген екен, аяқ іздері қалыпты. Тұтқасына дейін жұлып алған. Бізді көре сала, бұрынғы жігітіне шағым айта бастады. Полиция инспекторы Эльдар Серікұлы  бірден: «арыз жазасыз ба?» деді. Қыз тартынған жоқ. Ыңғайлана отырып, арыз жазуға кіріскен. Иә, ауызша айтқан шағым өз алдына, арыз түссе заңдық күші бар. Ертеңгі күні тентектік жасаған азаматқа шара қолдануға мүмкіндік береді.

Арыз жазылды, қолы қойылды. Шолып шықтық. Қысқасы, арызданушы апта бұрын жігітімен ат құйрығын кесіскен. Бірақ бұл шешімге көндіге алмаған жігіті үйінің есігін қаққан. Бәлкім, кешірім сұрағысы келген болар. Қыз ашпаған соң, есікті тепкілеген, қор­қытқан, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл жерде тәртіптің бұ­зыл­ғаны анық. Енді жазылған арыз негізінде бұзақылық жасаған азаматқа шара қолданылады.   

Бесінші шақырту. Кезекшілікке шыққанымызға екі сағат болмай жатып, бесінші шақыртуға кетіп барамыз. Аулада ойнап жүрген екінші сынып оқушысы Анастасияның басы жарылыпты. Біз барғанша, кәме­летке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы Ермек Қалыбаев жетіп үлгіріпті.

– Егер тас лақтырған қыздың ата-анасы келіп ке­ші­рім сұраса, жәбірленушімен бітімге келсе, еш­қандай шара қолдан­бай­мыз. Егер олай болмаған жағдайда Әкімшілік кодекстің 73-бабына сәйкес айыппұл салынады, – деп түсіндірді Е.Қалыбаев.    

Алтыншы шақыртуға асықтық. Әйнекті шағып, өз-өзіне қол жұмсамақ бол­ған ба, түсініп болмадық, дереу рацияға түскен мекенжайға келгенбіз. Аулада жедел жәрдемнің көлігі тұр. Подъездің есігі тас жабық. Терген қоңырауымызға жауап жоқ. Шақырып алып, есікті ашпайтындары несі осы?! Онсыз да шақыртудан шақырту. Қабаттан қабатқа көтеріліп, аяқтан таусылып жүрміз... Бір уақытта есікті көршісі ашып, ішке ендік. Жас шамасы отыз-отыз бестегі әйел әйнекті шағып, өзіне қол жұмсамақ болған секілді. Біз кіргенде жедел жеткен №20 бригада қолын байлап, әкетіп бара жатқан. Оның үстіне, азаматша психиатриялық диспансерде тіркеуде тұр екен. Бәрінен де аяныштысы, көздері боталап кішкентай балалары қалды үйде...

Жетінші шақыртуға жүйткіп бара­мыз. Түнгі сағат он екіге таяған. Красин шағын ауданының тұрғыны шақыртқан екен. Қаусап тұрған қақпаны сығалата аша бергенімізде, үйшіктен үрейлене ит үрді. Терезені қақтық. Теледидардың жарығы үй ішін ала көлеңкелейді. Ешкім үн қатпаған соң есікті сықырлата ашып, үйге кіргенімізде:

«Қарсы алған уақытты, Мәңгілік до­сын­дай, Біздің ел бақытты, Біздің ел осын­дай!» – деп теледидардан әнұран шыр­қа­лып жатқан. Жадау үй, жүдеу тірлік. Ортаңғы бөлмедегі ұйықтап жатқан ер азаматты түртпектеп ояттық. Атып тұ­рып, полиция инспекторы Қуаныш Айбекұлымен жылы амандасты. Хал сұрасты. Бізге жайғасыңдар дегендей ишарат жасады.

– Ұлымды аулада ойнап жүрген жері­нен шешесі алып кетіпті, – деді креслода тұрған оқушының сөмкесін иегімен нұсқап. – Ертең сабақ. Үй жұмысын да орындаған жоқ. Ендігі интернатқа алып кеткен шығар. Таңертең барып алып кетуі керек, – деді бізді шақыртқан Ержан Серікжан.

Полиция инспекторы Қуаныш Айбек­ұлы азаматтың әр сөзін мұқият тыңдап алған соң ақылын айтты. Арақ атаулыны татып алмауын өтінді. Иә, кәдімгі бауы­рындай жанашырлық танытып отыр. Ержан Серікжан да алғыс білдіріп, бізді шығарып салды.

Оқиға басы мынада: Бұл отбасы учас­келік полицияның бұрыннан наза­рында. Қамқорлығында десек те болады. Ержан Серікжан жары ішкілікке салынған соң ажырасып тынған. Онымен қоймай заң органдары әйелі Жаннэтті аналық құқығынан айырған. Кейін мектеп әкімшілігі, әкімдік өкілдері, учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмыс істеуімен Ержан Серікжанды жалғыз басты әке деп танып, мемлекеттен жәрдемақы төленетін болған. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа да орналасқан.

Гәптің бәрі Ержанның туған ағасы Елжанда секілді. Әңгіме ауанына зейін қойсам, аналары қаланың орталығындағы бір бөлмелі пәтерде тұрады. Ол кісі Елжанның қызын студентсің ғой деп жеке шығарып, Ержанның 7-сынып оқитын ұлын бауырына басыпты. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші, қуықтай бөлмеге екеуін бірдей тұрғызу мүмкін бол­ма­ған шығар. Сол күннен бастап, Елжан бауырына суық қабақ таныта бастаған.

Красин шағын ауданы тұрғындары бір-бірін таниды. Түс ауа Ержан көше ба­сындағы дүкеннен сыра алғанын бәз­біреулер ағасы Елжанға жеткізген, Елжан аналық құқығынан айырылған келіні Жаннэтке хабарлаған. Оны ести салған Жаннэт таксимен барып, кіші ұлы аулада ойнап отырған жерінен алып кеткен.

Енді ойлап қараңыз: екі ортада тен­тіреп жүрген бейкүнә балаларға обал. Олар ертең қандай азамат болары, белгісіз. Отбасылық құндылық қайда, тәрбие қайда?! Осының бәріне кінәлі – алкоголь. Жоқ, мүмкін адамның санасы, ақыл-ойы шығар...

Түрлі тағдыр, қилы қызық. Түн ауып барады. Учаскелік инспекторлар біріне хаттама толтырса, енді бір жағдайда рапорт жазып үлгеріп жүр. Жұмыстары қарбалас. Мінген көліктерінде де, өзде­рін­де де дамылдауға мұрша жоқ. Кезекті шақыртудан соң келесі мекенжайға асыға шығып бара жаттық...

СӨЗ СОҢЫ. Таңғы сегізге дейін елуге жуық шақырту түсті. Сондағы көрген-білгендеріміз бүкпесіз жазылды. Тек қана этикаға сәйкес шағым­дан­ғандар мен күдіктілердің есімдері өзгертілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы