Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
– Кәсіпкерлерге қайтарылатын қарыз 2022-2023 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін беріліп отыр. Қазір өңірде тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 түрі шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек саудадағы бағадан аспайтын, сондай-ақ нарықтық құнынан орташа алғанда 21%-ға төмен бағамен сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорына 3 041,4 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде 1 953 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл облыс тұтынушыларын 2023 жылдың мамыр айына дейін қамтамасыз етуге жетеді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді ауыл шаруашылығы өнімдері Атырау қаласындағы төрт базар мен төрт сауда павильонында сатылады. Ал картоп «Ярмарка» супермаркетінің 11 сауда желісінде сатылымға қойылды, – дейді Дмитрий Дю.
Оның дерегіне қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарлары нарықтағы құнынан орташа 42%-ға төмен бағамен сатылымға шығарылған. Ал 481,9 тонна көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 14 түрі «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінің 38 нүктесінде тұтынушыға ұсынылған.
– Өңірде бірінші сұрыпты ұн, одан дайындалатын нан бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. Наубайханаларға 4 005 тонна ұн сатылды. Ал қордағы ұн 606,5 тоннаны құрайды. Нанның бағасы 1 бөлке үшін – 80-82 теңге. Қант тапшылығына жол бермеу мәселесі де қолға алынды. Осы мақсатта өңірге 400 тонна қант жеткізілді. Бұл өнім «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 39 нүктесінде нарық бағасынан 13%-ға төмен сатылады. Тұрақтандыру қорындағы ауыл шаруашылығы тауарларының көлемін 5 мың тоннаға дейін ұлғайту, аудандарды қамту шеңберінде кәсіпкерлермен қарыз беру шарттарын жасасу жоспарланып отыр, – деп мәлім етті Д.Дю.
Дегенмен, атыраулықтарды жұмыртқаны бір адамға 10 данадан ғана сатылып жатқаны алаңдатып отыр. Сауда желісі тұтынушыларға осындай шектеу белгілеген. Неге? Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков жұмыртқа саудасына қатысты алыпсатарлық әрекет пен тапшылықтың алдын алу үшін қолға алынғанымен түсіндіреді. Өйткені Атырау облысында жұмыртқа тұтынуға байланысты айлық қажеттілік 7,9 млн дананы құрайды.
– Қазір Атырау облысында жұмыртқа өндіретін екі кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлар – «Алмалы құс» және «Бақай құс» ЖШС. Екі кәсіпорынның бір айдағы өндірістік қуаттылығы – 2 млн дана жұмыртқа. Демек, екі кәсіпорын тұтынушылар қажеттілігінің тек 30%-ын қамтамасыз етеді. Өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан жұмыртқа өнімін тасымалдау жүзеге асырылып отыр, – дейді Н.Жаңабеков.
Басқарма басшысының айтуынша, бірінші санаттағы жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіреді. Сол себептен, мұндай санаттағы жұмыртқа өнімі «айналым схемасы» арқылы «Идеал-маркет» сауда желісі арқылы 38 нүктеде 35,6 теңгеден сатылады.
– Алыпсатарлық әрекеттер мен жұмыртқа тапшылығының алдын алу мақсатында «Идеал-маркет» сауда желісінде бір қолға 10 жұмыртқадан аспайтын шектеу белгіленді. Басқа сауда орындарында мұндай шектеу жоқ, – деп мәлім етті Н.Жаңабеков.
Мұнайлы өңірде де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қадағалау үшін call-орталық іске қосылды. Мақсат – үй жанындағы дүкендерде, базарларда, супермаркеттер мен басқа да сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қымбатшылығын бақылау.
– Қоңырауды алдымен Сауда комитетінің Атырау облыстық департаментіне шалу қажет. Ал call-орталықтың кеңесшілері әрі қарай қандай қадам жасау қажеттігіне кеңес береді. Бірақ кәсіпкерлер немесе тұрғындар шағымданған жағдайда сауда орнының атауын, мекенжайын нақты білуі, сатып алған тауардың суреті мен түбіртегі міндетті түрде өзінде болуы керек. Бұл бағаны негізсіз көтерудің жолын кесетін бірден-бір әдіс болмақ. Әзірге тұрғындардан шағым түскен жоқ, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.
Атырау облысы