Қоғам • 05 Шілде, 2024

«Донор бүйрекпен жүріп домбыра үнін көкке самғатты»

301 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Тұлғалардың орны мен даңқының уақыт озған сайын биіктей түсетіні бар. Оның ең үлкен себебі, соңында қалдырған мұрасының молдығында емес, құндылығы мен құнарлылығында, маңыздылығы мен қалың қатпарында ­болуы керек. Қазақ халқының асыл қазынасы қос ішекті қара домбыраны өміріне серік етіп, ал қалақтай жүрегін тиек етіп, сиқырлы саусағынан сорғалаған күйімен жылағанды жұбатып, құлазығанды қуантқан Қаршығасын қазақ ешқашан ұмытпақ емес. Күмбірлеген үннің кереметі дәріптелетін осынау атаулы күннің қарсаңында әйгілі күйшіні еске алсақ, ұлт өнерінде ұмытылуы мүмкін емес есімді жаңғыртып отыруды парыз санағаннан. Қызықты естелік сұрап, қолқа салғанда, қимас жан туралы сағаттап сөйлеуден талмайтын жарынан артық кімді табарсың? Нұрбике Ахмедиярова – қазақ өнерін күймен көмкерген әйгілі күйші, дәулескер домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың қырық жыл отасқан жары. Қырық жыл медицина саласында талмай қызмет атқарған денсаулық саласының ардагері, тәжірибелі педиатр дәрігер. Еңбек жолын қарапайым учаскелік дәрігерліктен бастап, емхананың бас дәрігеріне дейін көтеріліп, ұжым басқарған білікті басшы да болған.

«Донор бүйрекпен жүріп домбыра үнін көкке самғатты»

– Нұрбике апа, күй қаға­нының домбырасын жау­таңдатып тастап кеткеніне де он бес жылға жуық уақыт өтіпті. Алтын бесігі – Атырауын аралап жүріп, аяқасты кетіп қалғаннан кейін нағыз рухани жоқтаушысына айналып, жып-жылы ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп келесіз. Қаршыға ағамен қалай танысқан едіңіздер?

– Қыз бен жігіт кездейсоқ жолы­ғыспайтын болар деп ойлаймын, Қарекеңмен де тағдырдың бізге арнап жасырған жұмбағын бірге шешу үшін кезіккен болармыз. Мен 1966 жылы Алматы­­дағы С.Асфендияров атын­дағы медицина институтына оқуға түстім. Сол жылы қараша мерекесіне орай ұйым­дастырылған жастар кешінде алғаш Қарекеңді көріп, танысқан едік. Алғашқы кездесулерден кейін жан дүниемде сәуле шаш­қан жарықтың пайда болға­нын, жүрегімдегі жылылық пен мейір­­бандықтың молая түскенін сезіндім. Асылы, бұл сезім Қаре­кеңнің бойынан тарап жатты ғой деймін. Махаб­бат шоғының екеумізді де қарығанын түсіндік. Консерваторияның соңғы курсында, ал мен 4-курсты тәмамдайтын тұста ол жайлап сөз салып: «Анам 41 жа­сында өмірден өтіп кеткен еді. Қай­тыс боларының алдында әкеме: «Мен көр­ме­ген жақсылықтың, қызықтың бәрін сен көр, Қаршығаны сондай жеңіл босанып едім. Қаршыға ренжіп жүрсе, мен де тыныш жата алмаймын. Шамаң келгенше Қаршығаға дейінгі балалардың бәрін өзің аяқтандырсаң деп айтып кеткен екен» деген сипаттағы әңгімесінің шетін шығарып айта бастады. Ең кенже қарындасын босанып жатып бақилық болған анасының тілегі ғой. Сөйтіп, 1970 жылы екі студент бас құрап, шаңырақ көтердік. Жасы жетпістен асып кеткен қарт әкесі ұлының ел жақтың қызын алғанына қатты қуанды. Содан тұп-тура 40 жыл екі апта бір ша­ңырақ астында ерлі-зайыптыға тән отбасылық ғұмыр кештік.

– Қаршыға Ахмедияровтың «Күй-ғұмыр» атты кітабын оқып отырған­да, ол кісінің сіз­дің адалдығыңызды, ақыл-парасатыңызды, еңбек­қор­лы­ғы­ңызды бағалағанынан бөлек білім­дар­лығыңызды ала-бөтен құрмет­тегенін байқап, сүйсініп қалдық. Талант­ты адамдардың білімді ерекше қадір­лей­тіні белгілі, ал еріңіз сіздің бұл қасие­ті­ңізді тіпті төбесіне көтерген екен...

– Рас, Қаршыға кеудесін рухани қазынаға толтырған білімді жандарды құрмет тұта­тын. Мен мектепті алтын медальмен бітірдім. Бүгінгімен салыстырғанда, ол кезеңде мектепті медальмен бітіру оңай шаруа емес еді, осыны Қарекең үлкен жетістікке балайтын. Тіпті Нұрбике Жұмағалиеваның 11-сыныпта жазған шығармасы облыс­тық білім басқармасында елу жыл үлгі ретінде сақталғанын үйіме келген қонақтардың бірінен естіп таңғалғанбыз. Қандай тақырыпта әңгіме қозғалса да, бір-біріміздің ой-пікірімізді толық­тай тыңдап, келіссек, байыпты сөзбен байы­тып, келіспесек, өз айтқанымыз­ды күштеп таңуға тырыспай, сыйлас­тық таныттық. Сондықтан болар, қас-қабақпен түсіністік. Өзі алаңсыз өнермен айналысқаннан кейін, ертелі-кеш жұмыста, гастрольдік сапарларда жүретіндіктен, бала тәрбиесі, есеп-қисап, ағайын-туыспен қарым-қатынас, келімді-кетімді қонақ сияқты бір үйге тиесілі толастамайтын шаруа толықтай менің мойнымда болды. Ауылда туып, ата салт, жөн-жоралғыны жақсы білетін қасиетімді Қарекең жоғары бағалап отыратын. Ғылым жолын қууға мүмкіндік болып тұрғанда да, бас тартып, өзімді балаларыма, олардың болашағына арнауды жөн көрдім. Себебі менің өмірдегі үлкен жетістігім – отағасының, балаларымның жетістігі. Өмірге үш бала келді. Үлкен баламыз Ерланның музыка жағынан қабілеті болға­нымен, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде оқып, алтын медальмен бітірді. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған алғашқы 20 баланың бірі. Қызымыз Раушан – скрипкашы, ол да АҚШ-та білім алды, Американың симфониялық оркестрінде жұмыс істеді, концертмейстер, халықаралық талап­­қа сай біліктілігі жоғары музыкант. Ал кіші ұлымыз Ерболат – консерваторияның фортепияно мен дирижерлік класында қатар оқып, Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында қызмет атқарды, дирижер. Консерваторияның 2-курсында оқып жүргенде, әкесі әлемдік деңгейдегі өнердің інжу-маржан тұлға­сы Төлепберген Әбдірашевқа: «Мына балам­ның сүйегі – менікі, еті – сенікі. Өзің не білесің, соны үйрет» деп тапсырып, онсыз да таңнан кешке дейін сабағына тыңғылықты дайындалатын Ерболат екі есе ауыр жүктеме, талап-тапсырмаларды орындап жүріп оқыды. Қаршыға балаларының білім алуына, тәрбиесіне аса жауапты қарады. К.Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқыған Раушанды кішкентай күнінен мектепке өзі апарып, сабағына қатысып, қадағалап отыратын. Балаларын мектепке тасып, бірге қатысып, бақылап жүріп, өзі де кәсіби жағынан біршама өсіп, Рау­шан мен Ерболаттың арқасында скрипка мен пианинода ойнауды да әжептәуір үйреніп алды.

– Бар саналы ғұмырын ұлт­тық өнерді өрістетуге, кү­й­­шілік дәстүрді дамытуға ар­наған, Құрманғазы мен Дина­ның сарқытындай Қаршыға ағамыз тегін жерден шықпаған көрі­неді. «Құрманғазының мылтығы Қаршығаның әкесінің қолында болды» деген деректер айтылады. Сол рас па?

– Иә, бұл – шындық. Атамыз «Құрман­ғазының мылтығы бәлен деген адамның үйінде» дегенді естіп, іздеп барып, сауып отырған бұзаулы сиырын беріп, өзінің ұстап жүрген винтовкасын қоса сыйлап, әйгілі күйшінің мылтығын сатып алған екен. Қайынатам ауыл-аймаққа аты шыққан аңшы, әнші, сері адам болған деседі. Құрманғазының сол қара мылтығымен талай аңға шығып, құс салып, бала-шағасын ас-ауқат­тан тарықтырмай бағады. Көзінің қара­шы­ғындай сақтап, күтіп-баптап ұстайды. Қар­шыға қайтыс боларының алдында мылтықты Иманғали бауырының өтіні­шімен Атыраудың облыстық тарихи-өлке­тану музейіне тапсырып кетті. Кейін мыл­тыққа сараптама жасалғанда, оның Тула қаласындағы зауытта жасалғаны анық­талды. Ұңғысының үстіңгі жағын­дағы «Тула. 1849 жыл» ­деген жазуы да өшпеген.

– Кеңестік кезеңде қазақ өне­рі­нің қада­мы қысқа, мойын­да­л­уы кемшін бол­ғаны белгілі. Сон­­дай тар құрсауда жүр­ген ке­з­­дің өзінде Қаршыға аға БҰҰ-ның­­ өзін дүр сілкіндірген дейді ғой...

– 1981 жылы Қазақстан өнер шеберлері АҚШ-қа сапар­лап барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының ең жоғарғы қаба­тында қабылдауда бол­ғанда, Олжас Сүлейменов өлең оқып, Қаршыға күй тартқан болатын. Қазақ елі азаматтарының, әсіресе Қаршығаның өне­рін америкалықтар аса зор құрметпен қабылдайды. Қазақ­станға оралғаннан кейін Орталық Коми­тетке шақырылған жиын­да сол оқиғаға куә болған Ермек Серкебаев Қаршығаның сон­да­ғы өнерін жоғары бағалап, елдегі лауазымды тұлғаларға аме­ри­ка­лықтардың ықыласын жет­кі­зеді. Осы жағдайдан кейін оған Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ал келесі жылы Мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты атақтары берілді. Бұл – Қар­­ш­ы­­ғаның қырықтан жаңа асқан кезі.

– Қайбір жылы Қаршыға аға 650 домбырашының басын қо­сып, күй тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген деген ақ­па­­рат кең тарады. Өмірін күй өне­­рінің қазығына байлаған аға­­мыз­ға бұл идея қайдан келіп жүр?

– Қазір 1000, 2000 домбы­рашының басын қосып, күй тартатын дәстүр онша-мұнша таңсық емес. Ал Қаршыға 6 жастан бастап 60 жастан асқан 650 домбырашының басын қосып концерт беру идеясын жиырма жыл бұрын көтерді. Бастапқыда бұл концертті Алматыдағы Рес­публика сарайында өткізу жос­пар­ланды – орайы келмеді, кейін Студенттер сарайында өткіз­бек болды, ол жерден де рұқсат ала алмады, ақыр соңында концертті Оқушылар сарайын­да ұйымдастыратын болды. Оқу­шылар сарайының сахнасы тар­лық етіп, күй тыңдауға келген ха­лықты сахнаға орындық қойып жай­ғастырып, ал залға 650 домбы­рашыны отырғызып, кон­церт берді. Кейін бұл концерт Гин­нестің рекордтар кітабына енді.

– Әлемге таңдай қақтырған әйгілі күйші өзі өмірден өтсе де, руха­ни ізгі істердің бастау­шы­сы бо­лып жүргеніңіз көпке аян. Қар­шыға ағамызға қатысты бар­лық игі шаруа­ның басы-қасынан табыласыз. Тіпті қайын­ жұртыңыздағы мектепке ері­ңіздің есімін алып беріп, сон­дағы білім ошағына жасап отыр­ған қамқорлығыңызды естіп, көпке дәріптегіміз келген ой туды..

– Бар өмірі тар жол, тайғақ кешумен өткен Қарекеңнің екі бүйрегі бірдей сыр беріп, Қытай еліне емделуге кетіп бара жатқанда, өзі туып-өскен Таңдайға арнайы барды. «Ауылыма енді келермін-келмеспін, бірақ осын­дағы балалардың ана ауылда 4-сыныпқа дейін, мына ауыл­да 6-сыныпқа дейін әр жерде шашырап оқитыны Алматыда жүрген менің жаныма батады. Ауылда жөнді мектеп жоқ. Атырау облысының әкімі болып келіп жатырсың ғой, ауылым­ның балаларының жылы жерде, жарық жерде, заманауи мектепте оқығанын қалаймын. Саған бір өтінішім болсын, ауылға онжылдық мектеп салып берсең» деп жанында тұрған И.Тасмағамбетовке өтініш айтты. Қарекең Қытайдан бүй­рек салдырып аман-есен елге оралғанда, Иманғали Нұр­ғалиұлы уәдесінде тұрып, мектеп салып қойды. Тікұшақпен алып барып, жібекбауын екеуі өз қолдарымен қиды. Сондағы И.Нұрғалиұлының сөй­леген сөзі таспаға жазылып қалған екен. «Қытайға кетіп бара жатқанда ағам маған тапсырма беріп кетіп еді. Ағам орталарыңызға аман-есен келіп тұр, мен де ағаға берген уәдемді орындап, мектеп құрылысын аяқтап, бүгін, міне, лентасын қиғалы тұрмыз. Болашақта мектеп ағамның атымен аталатын болады», деген еді сонда толқып тұрып. Кейін осы сөзді Білім министріне дейін жеткізіп, мектепті Қаршыға Ахмедияровтың атымен атауға бар күшімді салдым. Сөйтіп, 2014 жылы мектеп Қарекеңнің атымен ашылған соң тарихын тексеріп, әбден зерттедім. Қазір өмір күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Бүгінгі заманның талабы басқа, біліммен, ақыл-оймен, технологиямен озатын уақыт келді. Ойын-күлкі, салғырттықты, жалқаулықты көтер­мейді бұл кезең. Ал соңғы 25 жылда мектепті «Алтын белгімен» бітірген бірде-бір оқу­шы болмаған. Білім көрсеткіші жа­ғы­­нан аудан мектептерінің арасында соңғы орындардың бірінде жүргеніне қарадай қынжылдым. Қаршығаның атын арқалаған мек­тептің алдыңғы қатарда болға­нын шын қаладым. Сөйтіп, бала­ларды ынталандырудың әдіс-амал­дарын жан-жақты қарастыра баста­дым.

– Қалай ынталандырдыңыз? Өзге білім ошақтары мен басқа оқушы балаларға да үлгі болсын, өз тәжірибе-тәсіліңізді бөлісе отырыңыз...

– Біріншіден, мен кәсіпкер емеспін. Екіншіден, жалғанда мақтанды сүй­меймін, менікі сұраған соң жауапсыз қал­дыр­майын деген ниет, әңгімем мақтан­гершілік болмасын. Иә, көп ойландым. Не істеу керек? Мал жұтайды, өнер-білім жұтамайды. «Білім – шеті мен шегі жоқ қызық әлем, сондықтан жары­сып оқыңдар, балалар. Араларыңнан шығатын «Алтын белгі» иегеріне Қаршыға аталарыңның отбасы атынан 100 000 теңге шәкіртақы тағайындаймын», деп оқушыларға уәде бердім. Әзірлеп апарған сертификатты мектеп директорына табыс­тадым. Нәтижесі сол, кейінгі жеті жылда Қаршығаның мектебінен он «Алтын белгі» иегері шықты. Шәкіртақыны тапсыру үшін Таңдай ауылында өтетін соңғы қоңырау салтанатына жыл сайын барып қатысып, үздік оқушыны марапаттап қайтатын дәстүр де қалыптасып қалған еді. Тек пандемия кезіндегі онлайн оқудан кейін әрі өз денсаулығымның да сыр бере бастағанынан соңғы екі-үш жылдықта ауылға бара алмадым. Қаршығаның 75 жылдығында ерім өзі сатып алған, сыйға алған, әкелерімен бірге балаларым да ықыласпен оқып, сөренің сәнін келтіріп тұрған 300 кітабын мектеп кітапханасына апарып тапсырдым. 10 домбыра, музы­калық орталық, 5 компьютер сыйладым. «Қаршыға Ахмедияров атындағы домбыра класы» деген кабинетке ұлттық ою-өрнегі көздің жауын алатын әдемі кілем апарып төседім. Мектептің ауласында күйшінің 8 метр бюстін орнаттық. Портреттерін апарып табыстадық. Ең бас­тысы, әкімнің қабылдауына кіріп, күйші ұлдарының мерейтойына орай ауылдың барлық көшесіне асфальт төсеп бердік. Мұндай шаруа алдағы уақытта әлі де болса жалғасын табады.

– Нұрбике апа, маман­ды­ғыңыз дә­рі­­гер болса да, ауызекі тілде төгіліп тұр­­ған шешенсіз. Қаршыға секілді қа­зақ­тың жақ­сы­сына қы­рық жыл жолдас бол­­­ғанда, талай жақсы-жай­саң­мен дәм­­­­дес болып жүріп жетіл­ген қасиет се­­кіл­­ді көрінді. Талант-тарпаңмен бір адам­­ға айна­лып, бір шаңырақтың ас­тын­­да тату-тәтті өмір сүрудің сыры неде?

– Қаршығамен өткен қырық жылым көрген түстей болып қалса да, өміріміздің әр сәті көңілімде сайрап тұрады. Ерім үнемі алдымда жүрді, мен саясында тұрдым. Отбасының да күнгейі мен теріскей жағы бірдей болады, бірақ махаббат пен сыйластықтың арқасында мағыналы өмір сүрдік. Біреудің алдында иіліп-бүгілуді бойына ар көретін өр мінезінде отбасындағы жақындарын аялаған кіршіксіз көңілі сезіліп тұратын. Үйіміздің қонақсыз отырған күні болған жоқ. Қолдау күткен, жәрдем тілеген, жай ғана көргісі, әңгімелескісі келген адамның бәрі біздің үйден табылатын. Тіпті болмаса Қарекең жолында кездескен адамды да үйге өзі ертіп алып келетін. Жаны жомарт, қолы ашық, мәрт мінездің иесі болды. Дүниеқоңыздыққа салынбады. Барға – қанағат, жоққа – салауатпен қарады. Тіпті дүрілдеп аты шығып, танымал бола бастаған кезінде, Құрманғазы оркестрінде қызмет атқарып отырғанында, бала-шағасымен 1,5 пәтерде қысылып-қымтырылып отырса да, «ананың үйі жоқ, мынаның пәтері тар» деп өзіне тиесілі пәтерден бас тартып, үйсіз-күйсіз жүрген не көпбалалы қызметтестеріне жол беріп отырды. Шаңырағымыз шағын болса да, кейініректегі кең үйлерде де отбасымыз музыканттар мен әртістердің, ақын-жазушылар мен суретшілердің, күллі шығармашылық адам­дарының ордасы іспетті шат-шадыман шаттық күйінен арылмады. Қызметімнен бір күн қалмай жүріп те, сол арылмайтын қалың қонақты атқарып, бәріне үлгеріп жататынмын. Қаршыға реанимацияға түскен сайын: «Менің артымды сен ғой жинайтын» деген сөзді жиі айтатын болды. «Қай жаққа кеткелі жатырсың?» деп мән бермеуші едім. Тіпті бір күні мені ертіп алып, екеуміз Байсат деген ыдыс-аяқтың базарына барып, қазан қарадық. «Қазанды қайтпексің?» деймін. Онысымен қоймай, Қарекең базардың орта­сында тұрып алып: «100 литрлік қа­зан кімде бар?» деп айғай салады. Мен ұялып, төмен қараймын. Өмір бойы қазан­ның құлағынан ұстаған әйел атым бар емес пе, «мұнда ондай үлкен қазан сатыл­майды, қай жерде сатылатынын көр­сетейін саған» деп, 1-Алматының база­рына оны мен ертіп апарып, сол жер­ден үлкен тайқазан, жанына қоярда қой­май 25 литр қазанды қоса сатып алып едік. Өзінен кейін қалатын өмірді ойлап, мен қиналмасын деп, қамқор пейілден тан­ба­ған жанашыр болған түрі ғой. Қазір «адам сыйлау, қонақ күту мектебінен» өткен екі келінім Ләзиза мен Әмина да отба­сы құндылығын бәрінен биік қоя­тын көшелі мінезімен өз ұяларының бере­кесін келтіріп, айрандай ұйытып отыр.

– Қаршыға ағаның екінші ғұ­мыры басталып кетті, ұлық­тау, тағзым ету ісіне көңіліңіз тола ма?

– Қаршыға 2003 жылдары Махамбет атындағы сыйлықты иеленді. Бұл сыйлық оған тектен-тек берілген жоқ, жанкешті еңбек сіңірді. Вивальдидің «Времена года» дегені сияқты Қаршығаның да «Жыл мезгілдері» деген топтамасы бар. Бұл еңбегі үшін де мемлекеттік грантқа ие болды. Ол «Қазақтың күйі өлмесін» деген ойды өмірінің темірқазығы етті. Қытайдың ауруханасында ауыр ота жасатып жүріп, дәрігерлердің ескертпе-талабын тыңдамай, сондағы қазақ радиосына барып 50 күй жаздырды. Донор бүйрекпен жүрсе де, домбыраға жанын салып екі адам еңбек етсе, соның бірі – Қаршыға, бір адам еңбектенсе, ол да Қаршыға болар. Домбыра Қар­шығаны шыңға шығарды, Қаршыға да домбыра үнін алысқа самғатты. Қар­шы­ғаның өнеріне төрткүл дүние тік тұрып түгел қол соқты. Атап айтқанда, күллі ТМД елдерін айтпағанда, Қытай, Түркия, Үндістан, Филиппин, Корея, Франция, Германия, Испания, Италия, Португалия, Бельгия, Мажарстан, АҚШ, Африка елдері оның өнеріне тәнті болды. Қазақстанның классик жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Қаршыға күй өнеріндегі ­феномен» деп баға берген еді. Күй өнерін осы күнге жалғап кеткен талантты Қарекең Қазақстанның Еңбек ері атағына лайық екенін замандас қайраткерлер, өнер тұлғалары жиі айтатын. Осы аманатты Домбыра күні қарсаңында қайта бір жаңғыртуды қаладым. Ел тұрғанда, күйші Қаршыға Ахмедияров есімі ұмытылмайтыны ақиқат.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ