Қордың қаржысына небір күрделі операциялар жасалды. Медицина мекемелері жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Қысқасы, қорға аударған қаржы бүгін өзгені жарылқаса, ертең өзіңізге, жақындарыңызға тиюі мүмкін. Иә, медициналық көмектің сапасына келгенде көңіл толмайтын тұстар көп. Қорға қаржы аударып, сапалы қызмет алмаған тұрғындардың сыны да орынды. Сондықтан қор басшылығы медициналық көмектің сапасына қатысты қате-кемшіліктерді бақылауға, реттеуге күш салып келеді. Мысалы, жақында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Әбілқайыр Сқақов Алматыда денсаулық сақтау ардагерлерімен, сарапшылармен жүздесіп, жүйені дамыту тетіктерін талқылады.
Кездесуде басқарма төрағасы 2024–2025 жылдарға арналған қорды дамытудың перспективалық жоспарын таныстырды. Онда МӘМС тұрақтылығын қамтамасыз ету, халықты жүйеге тарту, мониторинг сапасын арттыру сынды мәселелер қамтылыпты. Сондай-ақ цифрландыру, қордың ашықтық дәрежесін көтеру сынды ұсыныстар да жоспарда бар екен.
Басқосуда дәрігерлердің жүктемесін ескерген сала сарапшылары медицина қызметкерлерін компьютерлік жұмыстан босату туралы ұсыныс тастады. Жеке медициналық орталықтар бас тартатын ауыр науқастарды қабылдауға мәжбүр болған мемлекеттік ауруханаларды қолдауды ұсынды.
Ізінше қор басшысы қаладағы медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесті. Онда мекемелерді уақтылы қаржыландыру және бірлесіп орындаушылармен қарым-қатынас жөні талқыланды.
«Биыл алматылықтар үшін медициналық көмек көрсетуге 334,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде МӘМС бойынша – 159,6 млрд теңге, ТМККК шеңберінде 175,1 млрд теңге қаралды. Жыл басынан бері төлем үдерістерін автоматтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды және халыққа үздіксіз медициналық көмек көрсету қажеттігін ескере отырып, біз аванстауды жылдық бюджеттің 30%-дан 70%-ға дейін арттыру жөнінде бұрын-соңды болмаған шешім қабылдадық», деді кездесуде Ә.Сқақов.
Осыдан соң ол медициналық мекемелердің басшыларына қорда биыл наурыздан бастап ауқымды деректерді жедел талдау және басқарушылық шешімдерді тиімді қабылдау үшін құрылған Ситуациялық-талдамалық орталықтың жұмысын көрсетті. Онда 18 дерекқордың 500-ге жуық көрсеткіші мыңнан аса дашбордта – шарттар, қызметтер, мониторинг қорытындылары мен шағымдар саны, халықтың үлесі және МӘМС жүйесімен қамту деңгейі туралы және басқа да ақпарат қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, Ситуациялық-талдамалық орталықтың жұмысын қаржыландыру кезеңдері ашықтықты қамтамасыз етуге, тиімді басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді екен.
Кездесу барысында Ә.Сқақов денсаулық сақтау жүйесінің қатысушылары арасында сындарлы және тығыз диалог орнатудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Ол көп кешікпей №5 қалалық клиникалық ауруханаға барып, медициналық ұйымдағы менеджмент мәселелеріне, пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысына және пациенттермен кері байланыс жайына ерекше назар аударды. Сондай-ақ қор басшысы қордың орталық аппаратының қызметкерлеріне жергілікті жерлердегі ахуалмен танысу үшін «Достар Мед» көпсалалы медициналық орталығына баруды тапсырды.
«МӘМС жүйесіне қатысатын жеке клиникалар пациент алдындағы жауапкершілікті сезінуге тиіс. Ол үшін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімдігіне баса мән беру қажет. Сол кезде пациенттер медициналық қызметтің сапасына жақсы баға береді. Егер шағымдар болмаса, отандастарымыз көрсетілген қызметтерге қанағаттанса, қор тарапынан медициналық ұйымдарға да мәселе болмайтынын түсіну қажет», деді Ә.Сқақов медициналық мекеме басшыларына.
Бүгінде Алматыда қормен 215 медициналық ұйым жұмыс істесе, оның 124-і жекеменшік екен. Жоғарыда айтқандай, қор басшылығына тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға байланысты медициналық мекемелерге де салмақ түсіп отыр. Ал медициналық көмектің сапасы мамандарды қолдау тетіктері арқылы жүйеленеді. Мұны жақсы білетін қор басшылығы жуықта елдің басқа өңірлерін шарлап, медициналық көмек сапасын бақылауға ниетті.