Ғылым • 20 Желтоқсан, 2024

Ұлттық ғылым академиясы жаңадан сайланған академиктерді таныстырды

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында жаңа сайланған академиктерді таныстыру рәсімі өтті.

Ұлттық ғылым академиясы жаңадан сайланған академиктерді таныстырды

Ресми шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ғалымдарды құттықтауын вице-министр Дархан Ахмет-Зәки жеткізіп, ғылым алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталса, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков құттықтау сөзін арнады.

1

Алқалы жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев  Ұлттық академияның жаңа  мүшелері ең өзекті сұрақтарға жауап тауып, ғылымды қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналдырады деген сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы академия мүшелерін сайлау барынша ашық және әділ өтуі керектігін, оның процедуралары туралы қоғам хабардар болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Осы талапты орындау мақсатында академия мүшелерін сайлаудың жаңа ережелері әзірленді, оған сәйкес іріктеу процедурасы 3 кезеңнен тұрады. Бұл белгіленген критерийлерге сәйкес келу, Ұлттық академия Президиумында өз бағдарламасын қорғау және академия мүшелерінің жалпы жиналысында дауыс беру арқылы сайлану кезеңдерінен тұрады. Сонымен қатар, академия мүшелері мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер яғни ғылыми-зерттеу қызметімен айналыспайтын тұлғалар бола алмайды.

Бүгінгі таңда Ұлттық академия мүшелерін сайлаудың негізгі ережелері осындай, және біз оларды қатаң сақтаймыз. Бүгін біз сіздерге жаңадан сайланған академиктерді таныстырамыз. Олар – қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан қоғамға танымал ғалымдар. Қазіргі кезде академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысатын жетекші ғалымдардың арқасында, құрамы үнемі жаңарып отыратын жоғары ғылыми ұйымға айналды. Ғылыми қызметті ұйымдастырудағы бар олқылықтарды анықтау және толтыру, жүйелі және болжамды талдау негізінде ғылыми зерттеулердің басымдықтарын анықтау, сондай-ақ форсайттық зерттеулер, стратегиялық маңызды интеграцияланған пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу, мемлекеттік саясатты ғылыми-сараптамалық қолдау мақсатында Қазақстанның жетекші ғалымдарын біріктіретін негізгі миссияны орындауға бағытталған Ұлттық академияның жаңа құрылымы құрылды.

2

Биыл академия жанынан құрылған талдау орталығы отандық ғылымның жай-күйін талдап, елдің ғылыми әлеуетінің дерекқорын жасады. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен 27 меморандумға қол қойылды. Олардың негізінде неміс, корей және қытай ғылыми құрылымдарымен бірлескен 3 халықаралық ғылыми орталық ашылды, сондай-ақ АҚШ және Қытай ғылым академияларымен 3 халықаралық ғылыми жобаны іске асыру басталды», деп атап өтті деді ҰҒА президенті.

Бүгінгі күні  ҰҒА құрамында 17 академик бар. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидаларына сәйкес, қатаң іріктеуден өтіп, сайланған академиктерге арнайы диплом табыс етілді. 

«Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесі бойынша:

Юрий Пя, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор,  «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы

Диляра Қайдарова, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ онкологиясы мен радиологиясы ғылыми зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы

«Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімшесі бойынша:

Ерлан Батырбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры

Бағдат Телтаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері

Жұмабай Бакенов, техника ғылымдарының докторы (TokyoTeсh), PhD, профессор, «National Laboratory Astana» энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығының басшысы

Айдархан Қалтаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ инженерлік механика және модельдеу ғылыми зерттеу зертханасының меңгерушісі

«Агробиоресурстар және экология туралы» ғылымдар бөлімшесі бойынша:

Мұхит Орынбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары бо­йынша ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Жұқпалы ауруларды бақылау» зертханасының бас ғылыми қызметкері

«Білім мен қоғамды дамыту туралы» ғылымдар бөлімшесі бойынша:

Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық музейдің бас ғылыми қызметкері

Алқалы жиын барысында Қ.Сәтбаев атындағы мерейтойлық төсбелгісімен ғылымды насихаттауға белсенді үлес қосып жүрген бұқаралық коммуникация өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Эльвира Бөкенбаева, «Казахстанская правда» газетінің тілшілері Николай Жоров, Айгүл Тұрысбекова, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары Дина Имамбай бар.

Жиынға қатысушылар ұлттық ғылымның бастауында тұрған ғалымдар шығармашылығынан сыр шертетін бұйымдар және Орталық ғылыми кітапхана қорынан ұсынылған сирек қордағы жәдігерлер көрмесімен танысты.

АЛМАТЫ