Фото: Н.Байбулин
Іс-шара барысында гендерлік даму мәселелері талқыланып, кедергілерді еңсеру және әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды және сарапшылар тарапынан эксклюзивті зерттеулерге назар аударылды. Ал, шақырылған меймандар бизнес, қаржы, саясат, әйелдер құқығын қорғау салалары бойынша өздерінің жұмыстары және озық тәжірибелері туралы сөз қозғады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Қазақстанда әйел адамдар саны 10 миллионнан асады немесе 51 пайыздан астам. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және әлеуетін толық іске асыруға қажетті жағдай жасау елдің дамуы жолындағы маңызды қадам саналады.
«Қазіргі уақытта экономикалық секторда әйелдердің әлеуеті жеткілікті деңгейде емес. Ауылдық жерлердегі әйелдердің экономикалық белсенділігі де әлі төмен. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық та маңызды мәселе болып қалып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң қабылданды. Бұл осы саладағы жағдайды өзгерту жолындағы маңызды қадам екені анық. Сондай-ақ алимент төлеуге қатысты айтарлықтай проблемалар бар. Соның салдарынан жүздеген мың бала қажетті қаржылық қолдауды ала алмай отыр деуге толық негіз бар. Сол себепті, біз бүгінде осы мәселелерді қамтитын тиісті заң жобасымен жұмыс істеп жатырмыз», деп Мәулен Әшімбаев Палатаның осы бағыттағы заңнамалық қызметі туралы айтып өтті.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше сондай-ақ Сенат Төрағасы депутаттардың, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның үйлесімді жұмысы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, кемсітушілік және қоғамдағы стереотиптерді жою сияқты олардың әлеуетін іске асыруға тұсау болатын кедергілерді еңсеруді талап ететініне тоқталды.
«Әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі – олардың қоғамдағы рөлі туралы стереотиптерде болып отыр. Осы мәселе туралы байыпты ойланып, таптаурын қағидаларды өзгерту үшін барлық деңгейде белсенді жұмыс жүргізу қажет. Әйелдерге қатысты қасаң ойлармен өмір сүре беретін болсақ, біз әлемдік тенденциялардан қалып қана қоймай, өзіміздің дамуымызға кедергі келтіреміз», деді Сенат Спикері.
Отырыс кезінде Сарапшылар клубының мүшелерімен қатар «Шеврон» компаниясының Еуразиялық және Тынық мұхиты өңірі бойынша бас директоры Замира Канапьянова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «LULU Group» жобасының негізін қалаушы Әсел Машанова, адвокат Жанна Оразбахова, «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, гендерлік даму, кедергілерді еңсеру, сондай-ақ, әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру мәселелері бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.