Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

Жергілікті өнімнің бәсі жоғары

369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі баға қымбатшылығының басты себептерінің бірі – жергілікті өнімдердің аздығы. Бәрін сырттан тасудың салдары осыдан екі жыл бұрынғы пандемия кезінде қатты байқалған.

Жергілікті өнімнің бәсі жоғары

«Кісідегінің кілті аспанда» болатыны қашаннан белгілі. Әуелі өзге аймақтан келетін өнімдер қымбаттады. Артын­ша шекара тарс бітеліп, сол құны аспандаған тауардың өзі тап­шылыққа айналып шыға келді. Мұны болдырмаудың бір амалы – өзіміз өндіру. Өйткені жергілікті өнім – жеткілікті өнім. Оның сапасы да, бағасы да көңіл­дегідей болады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың кәсіп­кер­лік саласының әлеуетін көтеру үшін бизнес өкілдерімен кезде­суінде негізгі әңгіме осы бол­ды. Кездесуге «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы басқар­ма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, облыс проку­роры Нұрлан Бижанов пен сала­лық құрылым басшылары қатысты.

Жиында отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы жайлы ашық әңгіме болды.

Өңірде мұнай қоры сарқылып, жыл сайын өнім көлемі төмендеп келеді. Ендігі басымдық газ өн­діру аясын арттыруға беріліп отыр. Осы бағытта өндіріс орын­дары­­ның жанынан ілеспе зауыттар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Инвестиция тарту­ға қолайлы жағдай жасау да естен екі елі шықпауға тиіс. Бұл кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

– Инвесторларды қолдау ая­­сын кеңейте түсу үшін «Бай­қоңыр» әлеуметтік кәсіпкер­лік кор­порациясының құрамында Қызылорда инвестициялық және талдау орталығын ашып, инвес­тиция тартуға мүмкіндіктері бар ірі кәсіпкерлерді шақырамыз. Мұнай өндірісіне дейін Қызыл­орда аграрлы аймақ ретінде танымал болған. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамы­туға басымдық береміз. Бұл бағытта алғашқы кезекте ауыл ша­руашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнім­дерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз.

Келер жылы экспортқа шыға­рылатын томат концентратын өн­діретін зауыт құрылысы бас­талады. Әртараптандыру бағы­тында шет елдерде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынды. «Ақжарма и К» шаруа­шылығы ӘКК-мен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті технологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек агро-индустриялық аймақтар ашу жоспарымызда бар, – деді облыс басшысы.

Кәсіпкерлер палатасы ұсы­ны­сымен өткізілген жиы­нда Т.Нақыпбеков мұндай кездесу­лер­дің саладағы өзекті мәселе­лерді ашық талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Осындай кездесулер барлық облыста ұйымдастырылып жатыр. Солардың арасында Қызылорда кәсіпкерлік мәсе­лесімен айналысатын жұ­мыс тобын құрып отырған бірден-бір өңір. Жергілікті мәселе­лерді әкімдік шешіп берсе, респуб­ликалық деңгейдегі проблемаларды Үкіметке біз жеткізіп отырамыз, – деді ол.

Кездесуде облыста шетел­дік кәсіпкерлердің тәжірибесі мен инновацияларын енгізу басталғаны да айтылды. Украи­налық инвесторлармен тұкым шаруашылығын дамыта отырып күріш, бидай, жүгері, соя дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару үшін ынтымақтастық орнады, аустралиялық «Рубикон» компаниясының суды тиімді пайдалану тәжірибесі қолға алынды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековтің айтуынша, кәсіпкерлерге әртүрлі көздерден 20 млрд теңге шамасында қаржы қаралып, бүгінде 700-ден астам жобаға жеңіл­дік­пен несие берілген. Ауылдағы кә­сіп­­керлер де қолдаудан қағажу қа­­лып жатқан жоқ. Олар 393 жо­ба­ға 6,1 млрд теңге несие алды.

Ортақ мәселеге орай пікір білдірген кәсіпкерлер қатарын­да «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов көтер­ме-тарату орталығының әлеуе­тін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің баға­сын тұрақтандыру жолдарын ұсын­ды. «Ер-Әлі» шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Әліби Бек­жанов егін шаруашылығын әртарап­тандырудағы тәжірибесі туралы айтып, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерді.

Облыс басшысы азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелетін өңірде бақша дақылдарын егуге ынталы азаматтарды әрдайым қолдайтынын ашық айтты.

– Картопты Павлодардан, сәбізді Қостанайдан әкелеміз. Қалғаны Түркістан облысынан келеді. Осыны болдырмау үшін егін егеміз деген шаруа­лар­ға жер бөлуді тапсырып, олар­ға жағдай жасадық. Бақша өнім­дерін, көкөністі егуге біздің өңір­дің мүмкіндігі жетеді. Істі ілгері­летіп әкеткен шаруалар да бар. Артылса, өнімді сатуға мүм­кіндікті де қарастырамыз. Күрішке ғана иек артып отыра беруге болмайтынын түсінетін уақыт жетті, – деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде кәсіпкерлер жаңа емхана ашу, бос тұрған ғимарат­тарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану, туризмді дамыту, жеке бала­бақшаларға субсидия бөлу, жеңіл өнеркәсіп саласына жағдай жасау секілді мәселелер жайлы айтты.

Жиын соңында аймақ басшысы өңірде бизнес климатты жақсарту үшін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен жобаларын қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.

 

Қызылорда облысы