Білім • 20 Қыркүйек, 2022

ҚазҰУ әлемдік рейтингте 150-орынға көтерілді

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл да жоғары білімнің байырғы қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Студенттер қатарына қабылдау» кешін өткізіп, ҚазҰУ қалашығын керемет күйге бөледі. Дегенмен университет биылғы салтанатына соны жетістіктермен келіп отыр, деп жазады Egemen.kz.

ҚазҰУ әлемдік рейтингте 150-орынға көтерілді

Аталған университет QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Оған қоса жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Осынау айтулы оқиға аясында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, белгілі ғалымдар, жазушылар, қазақстандық эстрада жұлдыздары, блогерлер, университет оқытушылары мен студенттері ортақтасып, еңселі  Әл-Фараби ескерткіші алдында тоғысты.

Дәстүрлі мерекеде бірінші курс студенттері шерулетті. Содан кейін салтанатты шараға жиналған 5 мың адам Әнұранды бірге орындады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттерін өмірдегі айтулы күнмен құттықтай отырып, университеттің қазіргі жетістіктері жайлы баяндады.

д

Айтқандай, қазіргі  уақытта әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарына қосылған университетке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алғаш рет келіп, білім алып отырған жастармен кездесіп, университетті дамыту жөнінде бірқатар тапсырма бергені аян. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстанбұл қаласы мен Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

Университетте 25 мыңға жуық студент оқиды, олардың 2,5 мыңға жуығы – әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға 7 690 студент қабылданды. Мемлекеттік грантты 5 156 талапкер ұтып алса, ақылы бөлімге 2 534 студент оқуға түсті. Олардың ішінде 672 Алтын белгі иегері, 619 үздік аттестат иегері, 12 Ғылыми жоба жеңімпазы, 69 халықаралық және республикалық олимпиада жүлдегері бар.

ЖОО басшысы өз сөзінде: «Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы Сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді. Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Алдағы уақытта жаңа жатақхана салу жоспарда бар. Осы игіліктерді дұрыс пайдаланыңыздар. Ғылымды игеріп, білікті маман болыңыздар», деп студенттерге үндеу тастады.

Биылғы салтанатты рәсім форматы дәстүрлі кілт беруден өзгеше, жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асты. Бірінші курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке баршасы атсалысты.

Сонымен салтанатты оқиға концерттік бағдарламаға ұласып, сахнада «Ұлытау» этно-рок-тобы, танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова, жастар әндерін жиі тыңдайтын MALIKA YES, «Меломен» тобы және өзге де эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.

Мерекеде ҚазҰУ-дың талантты, креативті жастары да өз өнерлерін паш етті. Химия және химиялық технологиялар және биология және биотехнологиялар факультеттерінің студенттері университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарының тұсаукесерін өткізді. Көрермендер «ҚазҰУ студенттерінің спорттық жетістіктері» композициясын тамашалап «Чемпион» әніне құлақ түрді. ЖОО спортшыларына, халықаралық және ұлттық жарыстардың жеңімпаздарына кубоктар табыс етілді. Қыздар квартеті «Қазақ, қырғыз бір туған» әнін әуелете шырқады. Сондай-ақ «Фараби қыздары», RAIM тобы да сахнада ән шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Жастар ұйымдарының комитеті әртүрлі флешмоб дайындаған екен, бұл да мерекенің сәнін келтірді. Студенттер мерекесі фантастикалық лазерлік шоу мен би кешіне ұласты.