Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

«Темекі патшалары» ұлт денсаулығына зиян келтіреді

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда контрафактілік темекі бұйымдарын өндіретін зауыттар көбейді. Ал тұтынушылар жасанды темекі мен қолдан жасалған акциз белгілерін өз бетімен ажырата алмай, денсаулықтарына зиян келтіріп жатқандарын да аңғармайды. 

«Темекі патшалары» ұлт денсаулығына зиян келтіреді

«ҚазАлкоТемекі» қауымдастығының басшысы Әміржан Қалиев қоғамда белең алған бұл мәселеге түсініктеме берді. Оның айтуынша, нарықта жасанды көшірмелердің пайда болуы темекі өндірушілер тарапынан лоббизмге байланысты ойластырылмаған реттеулермен байланысты.

Айта кетсек, биыл Мәжілісте қыздырылатын темекі бұйымдарға акциздерді 3,5 есе көтеру туралы шешім қабылданды.

«Қыздырылатын темекі бұйымдары қарапайым темекіге қарағанда денсаулыққа әлдеқайда аз зиян келтіреді. Себебі темекінің мұндай түрінен түтін шықпайды. Шылымға әуес қазақстандықтар бұл медициналық фактіні бұрыннан тексере бастаған. Қазақстандық темекі нарығында ҚТБ айналымы 1,5-тен 12 пайызға дейін өскені де осыған байланысты», деді Ә.Қалиев.

Алайда «темекі патшалары» да сатылымды жоғалтқысы келмейтіні анық. Ә.Қалиевтің пікірінше, темекі өдірушілерінің мүдделері ұлт денсаулығына қайшы келеді.

«Бұл түзетулердің қабылдануы Қазақстанда дәстүрлі темекі өндірушілердің тұрақты лоббиінің қалыптасқанын тағы да дәлелдейді», деді «ҚазАлкоТемекі» басшысы.

Оның айтуынша, депутаттардың белгілі бір тобы вейптің ҚТБ-дан айырмашылығын түсінбей, қоғамдық талқылаусыз және бизнес-қоғамдастықтың келісімінсіз акциздері көтеру шешімін қабылдады.

Ә.Қалиевтің бағалауы бойынша, бұл түзетулер арқылы бюджетке қосымша 49 млрд теңге көлемінде қаржы түсіп қана қоймай, қыздырылатын темекі сатылымы да төмендейді. Бірақ қалтасы ҚТБ бағасын көтермейтін темекі шегушілер арзан контрафактілік өнімдерді сатып алу арқылы өздерін әрі қарай уландыра береді.

Бұл ретте сарапшы мәжілісмендерге ұлт денсаулығы мәселесін ойлайтын дамыған елдердің кейстеріне назар аударуды ұсынады. Мәселен, Ұлыбритания мен Жапонияда ҚТБ акцизінің дәстүрлі темекіге қатынасы 30-40% аралығында белгіленген. Осының арқасында аталған елдерде темекі ҚТБ-ға қарағанда қымбатырақ, ал темекі шегушілер зияны азырақ түтінсіз гаджеттерді таңдайды.