Кітапхананың ашылу салтанатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова рухани орталық студенттердің сапалы білім алуына, тұлғалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
– Қай заманда да кітап құндылығы ерекше. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын.
Қазір университеттің ғылыми кітапханасында 2 миллионнан астам кітап бар. Жыл сайын оқу процесіне қажетті кітаптар жаңадан алынып, оқулықтардың саны артуда, деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Оқу орнында электронды кітаптар саны жыл санап артып келеді. Университеттің ғылыми кітапханасы AlemBook электронды кітапханасымен 5 жылға келісімшарт жасасты. Осының арқасында студенттер кез келген уақытта интернет арқылы AlemBook электронды кітапханасының кітаптарын тегін оқи алады. Республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхана базасын пайдалану мерзімі 5 жылға ұзартылды.
Былтырғы оқу жылында құны 38 млн теңгеден асатын
5 710 оқу құралы сатып алынды. Университет кітапханаларын цифрландыру үшін жоғары жылдамдықты Optima А2 сканері сатып алынып, өткен оқу жылында 617 дана кітаптың электронды нұсқасы жасалды.
Студенттер сарайындағы жаңа кітапханада арнайы жабдықтардан бөлек 30 орындық конференц зал, 10 орындық кіші зал және студенттер үшін 40 орындық жеке орын бар.
ҚЫЗЫЛОРДА