Финляндия Ұлттық архивінің негізі 1892 жылы қаланған. Оның міндеті – ұлттық мұраның бір бөлігі болып табылатын ресми құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету. Бұл – Финляндияда архив саласындағы ең маңызды орган болып есептеледі. Шетелден келген ғалымдарға өздерінде сақталған құжаттарды ұсынып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысады.
«Іссапар кезінде архив мамандарының жұмыс барысымен таныстым, олар өз тәжірибелерімен бөлісті. Мекеменің геральдикалық мәдениетті дамытуда мүмкіндігі зор. Осыны ескере отырып, архив саласындағы бірқатар жаңалықтан құлағдар болдым. Заманауи технология, қорларды сақтау тәртібі турасында кеңінен әңгімелестік», дейді қалалық архивтің директоры Мейрам Бектембаев.
Оның айтуынша, аталған архивте 240 адам жұмыс істейді. Ұлттық архивтің Хельсинки, Вааса, Инари (Сами архиві), Йоенсу, Миккели, Оулу, Турку, Хаменлинна және Дживэскилла қалаларында филиалдары бар. Олардың бәрі ел ішінде белсенді жұмыс істейді әрі оқырманы да көп.
Жалпы, Финляндия Ұлттық архивінің кітапханасы өте бай. Ол – құжат айналымы және сфрагистикаға арналған жалпыұлттық мамандандырылған ғылыми кітапхана саналады. Кітапхана қорында 334 мыңнан астам отандық және шетелдік ғылыми кітап, 200-ге жуық мерзімді басылым бар.
Мұнда Финляндияның және көршілес елдердің тарихы, заң ғылымы, мемлекеттік басқару және әлеуметтік зерттеулер, өлкетану бойынша кітаптар жетерлік. Ол аз десеңіз ұлы тұлғалардың өмірбаянын қамтитын сериялық жинақтар да кездеседі. Ең қызығы, кітапхана геральдика және сфрагистика бойынша ғылыми һәм әдеби журналдардың қоймасы іспетті. Сондықтан архивке келушілер өте көп.