Экономика • 21 Қыркүйек, 2022

Астана әуежайының әлеуеті

522 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Миллиондаған адамның қауы­шар, қоштасар орнына айнал­ған ­Нұрсұлтан Назарбаев халық­аралық әуежайында алдағы бірнеше жылда үлкен өзгерістер орын алмақ. Дәлірек айтсақ, мұнда екінші ұшу-қону жолағын салу, жолаушылар тасымалымен қатар жүк тасымалын дамыту секілді іргелі бастамалар жоспарланып отыр. Мұның бәрі әуежайдың жаңа тұжырымдамасында қамтылған.

Астана әуежайының әлеуеті

Екі жыл бұрынғы пандемия әуежай­лардың жұмысын шатқаяқтатып кеткені жасырын емес. Сондықтан әуежай­лардың дені жер-жаһанда болып жатқан өзгерістерге байланысты даму стратегияларын қайта қарауға мәжбүр болды. Бұл ретте елорда әуежайы да жаңа стра­тегияның нәтижесінде өндірістік тұрғыдан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзиннің мәліметінше, компанияның бірінші жартыжылдықтағы таза табысы 1,6 млрд теңгені құраған.

– Былтыр 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсеттік. Ал 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында жолаушылар ағыны 3,5 млн-нан асты. Жылдың соңына қарай көрсеткіш 5,3 млн-ға жетіп, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Сонда аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға жоғары болмақ, – дейді Д.Хамзин.

Оның айтуынша, әуежай шығындар­ды оңтайландырып, қосымша кіріс түр­лерін дамыту арқылы табысты ұлғайт­қан. Локдаун кезінде қаржылай тұрақты­лықты сақтау үшін операциялық шығындар қысқартылып, тұрақты транзиттік жүк авиарейстерінің көлемін арттыруға айтарлықтай күш жұмсалған. Осылайша, елдер арасындағы шекаралар жабылған кезде шетелдік авиа­компаниялардың көбі Астана әуежайын Еуропадан Азияға транзиттік аялдама ретінде пайдалана бастапты.

– Қазіргі таңда мультимодальдық және транзиттік жүк тасымалдарына басымдық беру дұрыс шешім болғанын көріп отырмыз. 2021-2022 жылдардағы кірістің шамамен 70 пайызы әуежайдың транзиттік жүк рейстеріне қызмет көрсетуге қайта бағдарлануы есебінен алынған. Әуежай алғаш рет операциялық пайдаға шығып, несие берушілер алдындағы барлық міндеттемені орындады. Алынған кіріс­тер есебінен кәсіпорын дефолттан құтылып, тарифтерді көтермей-ақ дағ­дарыс кезеңінен шықты. Бұл өз кезе­гінде отандық авиакомпанияларға қатысты жүктемені азайтты. Сонымен қатар локдаунға қарамастан, әуежай мен оның Көкшетау қаласындағы филиалының 2 мыңнан астам қызметкері жұмыс орындарын сақтап қалды. Кәсіп­орын қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндетті толық көлемде өтеп, ең төменгі жалақы көлемін 40 пайызға арттырды, – деп толықтырды ол.

Жұмыс барысындағы басымдықтарды қайта қарау нәтижесінде әуе айлағының одан әрі дамуы үшін жағдай жасалды. Бүгінгі таңда күзгі-қысқы навигация жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Кез келген ауа райы жағдайында үздіксіз жұмыс істеу мақсатында қар жинайтын 5 заманауи машина сатып алынған. Олар ұшу-қону жолағы мен перронды тазартуды айтарлықтай жылдамдатады.

Ұшу-қону жолағы демекші, таяудағы 5-6 жылда елдің басты әуе қақпаларының өткізу қабілетін ұлғайту талап етіліп отыр. Сондықтан Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынбақ.

– Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 2003 жылы қайта жаңар­тылды. Содан кейін бұл бағытта басқа жұмыстар жүзеге асырылмаған. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда авиатасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарларға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Біз 2027-2028 жылдары жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне жетсек, сәйкесінше ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін арттыру қажет болады. Осы ретте жолақтағы, рульдеу жолақтары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жаб­дықты ауыстыру маңызды. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыз­дықтар туғызады, әлбетте. Бірақ бұл мәселені шешуге ниеттіміз. Сондай-ақ екінші ұшу-қону жолағын салу, арнайы экономикалық аймақ ашу және авиа­отынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін теміржолдарды салу жоспарда бар. Өзгерістер негізгі екі мақсатқа қол жеткізу үшін жүргізіледі. Алғашқысы – Астананың әуе айлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша келесі жылы еліміздегі ең ірі әуе айлағына айналуға тиіс. Екіншісі – алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт есе ұлғайту керек, – дейді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, әуежайды одан әрі дамыту жоспары қаржылық көр­сет­кіштерді тұрақты түрде жақ­сар­ту­ға негізделген әрі кәсіпорын­ның жаңа стратегиясының нәтижелерімен нығайтылмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы жаңа тұжырымдамаға сәй­кес, арнайы экономикалық аймақ, муль­ти­модальдық жүк тасымалдау және Е-commerce қызмет көрсету орта­лық­тары, сонымен бірге авиаперсоналды даярлау бойынша оқу орталығы мен жаңа кэйтеринг орталығы және басқа да функцияларды қамтитын кәсіпорынға трансформация жүргізіледі. Аталған тұжырымдама негізінде Халықаралық Азаматтық авиация қауымдастығының (IATA) тәжірибелі мамандары әуежайды 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде. Алдағы қараша айына дейін аталған жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.

– Мастер-жоспар жер учаскелерін пайдалануды, екінші ұшу-қону жолағын, перрон, терминалдар, ангарлар, бокстар, сондай-ақ қажетті ресурстарды кезең-кезеңімен жоспарлауды қамтитын болады. Оның ішінде арнайы техника мен персоналға да қатысты мәселелер бар. Аталған жоспар негізінде болашақта компанияны дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді, – деді Дәулет Хамзин.

Сондай-ақ ол әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі – жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк-терминалдарын кеңейту болатынын атап өтті. Әуежайдың географиялық орналасуы Қытайдан Еуропаға ұшулар кезінде жүк авиакомпанияларының шығындарын төмендетеді, ал авиаотынға қатысты ұсынылған бәсекеге қабілетті бағалар басқа әуежайлар мен елдерден транзиттік рейстерді тарту үшін қосымша ынталандыру болмақ. 

– Бізде Орталық Азиядағы ең үздік жерүсті инфрақұрылымы мен техникалық жабдықтары бар. Олар рейстерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әуежайдың ұшу-қону жолағы – аймақтағы ең үздіктердің бірі. Ол ІІІА ICAO санатына сәйкес келеді және кез келген ауа райында әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді. Негізінен транзиттік жүк рейстеріне үлкен көлемді жанармай құюды қажет ететін ауыр жүк ұшақтары пайдаланылады. Осы ретте әуежайда пайдаланылатын аталған санаттағы әуе кемелеріне жанармай құюдың бірегей жүйесі ұшу алдындағы рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартып, авиакомпанияларға жедел қызмет көрсетуге жол ашады. Мысалы, ауыр салмақты лайнерге 100 тонна жанармай құю үшін 30-40 минут жұмсалады. Осы артықшылықтармен біз жаңа клиенттерді тарттық. Қазір біздің әуежай жылына 3 мыңнан астам жүк транзиттік рейстеріне қызмет көрсетеді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш тіпті 50 рейске де жетпейтін, – дейді ол.

Сонымен бірге кірістерді нәтижелі әртараптандыру үшін әуежай жерді басқару және концессия есебінен инфрақұрылымды дамыту құқығын алуы қажет.

– Бүкіл әлемдегі әуежайлар қызме­тіндегі заманауи тренд – жер ресурстары мен инфрақұрылымды дұрыс басқару есебінен авиациялық емес кірістерді кеңей­ту. Әуежайлар кірістердің 40 пайы­зына дейін әуежайлардағы концес­сия шарттары және инфрақұрылым объек­тілерін ұзақ мерзімді жалға алу негізінде жерді пайдалану есебінен алады. Қазақстанда әуежайлардағы жер телімдерін әкімдіктер басқарады. Әуежай­ларда концессия ұғымын енгізіп, оларға жерге билік ету құқы­ғын беру қажет. Бұл әуежайлар инфрақұ­рылы­мына жеке инвестицияларды тартудың драйвері болмақ, – дейді Д.Хамзин.

Еске сала кетейік, Астана әуежайы елдегі ең ірі әуежайлардың бірі саналады. Ол Орталық Азиядағы жұмысы қауырт әуежайлар арасында екінші орында, ал посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-орында тұр. Сондай-ақ бұл негізгі отандық және бірқатар шетелдік авиакомпания үшін базалық әуежай болып саналады.