Үкімет • 21 Қыркүйек, 2022

Сұранысқа ие медициналық мамандықтарға грант саны артады

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сұранысқа ие медициналық мамандықтарға грант саны артады

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік бергенін хабарлады. Мәселен, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4%-ға, қатерлі ісіктерден 8,7%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 23%-ға және туберкулезден 12%-ға төмендеді. Халықтың жалпы өлім-жітімі 15,5%-ға азайды.

Өткен кезеңде күрделі және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді, онда 300-ден астам операция жасалды және 400-ге жуық пациент емделді.

Шалғайдағы ауылдардың 1 млн-нан астам тұрғыны үшін 149 жылжымалы медициналық кешен консультациялық-диагностикалық қызметтер, дәрі-дәрмек ұсына отырып, медициналық көмек көрсетті. Биыл 10 өңірде медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы да қайта жанданды.

Ажар Ғинияттың айтуынша, жалпы ауылдық елді мекендерді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен және диагностикамен қамту жоспар бойынша 47% болғанда, 49%-ға дейін жеткізілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейдегі медициналық көмектің көлемі 56%-ға дейін жеткізілді.

Сондай-ақ аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен жабдықтау жалғасуда, Астана және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынып жатыр, бірқатар өңірде 8 балаларды оңалту орталығы ашылды.

Өңірлерде ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Премьер-Министр қазіргі уақытта жаңа денсаулық сақтау объектілерін салуға, медициналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалып жатқанын айтты.

Мәселен, қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды, былтыр науқастарды радиохирургиялық емдеуге арналған Орталық Азия елдеріндегі тұңғыш Гамма-пышақ орталығы ашылды, медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы әзірленуде, 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана жаңғыртылады», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр тез арада шешілуі тиіс бірқатар мәселені қозғады. Атап айтқанда, Үкімет басшысы азаматтардың ТМККК және МӘМС бойынша өтініштерін айтты.

«Бірінші кезекте дәрігерлік көмектің көлемі жеткіліксіз деп шағым айтуда. Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігімен бірлесіп, 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын», деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау және әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізу керек. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға уақытылы оңалту көмегін көрсетуге ерекше назар аудару қажет.

«Өңірлермен бірлесіп, заманауи перинаталдық орталықтар салу және балалар ауруханаларын керекті жабдықтарымен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдау қажет», деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарының санын арттыру мәселелерін пысықтауды және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында медициналық ақпарат жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.