Қоғам • 21 Қыркүйек, 2022

Көкейдегі көп мәселе қозғалған құжат

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің саяси-экономикалық дамуына енжар қарамайтын кез келген адам Жолдауды үмітпен күтетіні анық.

Көкейдегі көп мәселе қозғалған құжат

Бұл жолғы Жолдауда Мемлекет басшысының «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосу туралы идеясы ұнады. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Жалпы, бұл бастама оншақты жыл аясында елімізде кедейліктің шегінде тұрған көпбалалы отбасылар жағдайын жақсартады. Осы арқылы Қазақстан халықтың бәріне бірдей тең мүмкіндіктер жасауға жақындай түседі.

Мемлекет басшысының мектепке дейінгі білім беретін ұйымды емес, тәрбиешіні аттестаттаудан өткізу туралы пікірі де осы сала мамандарының ойын дөп басты. Шынымен де, баламен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешілерді аттестаттамай, іс алға баспайды. Бірақ балабақша құрылтайшысы ретінде мен тәрбиешілерге қойылатын талаптардың қазіргі заманға сай және нақты іске қатысты екендігіне сенімді болуым керек. Қазіргі мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істейтін кадрлардың тең жартысынан астамы білім, тәжірибе жағынан ақсап тұр. Сондықтан да тәрбиешілер үшін аттестаттауға дейін біліктілігін арттыратын тегін курстар ұйымдастырылғаны жөн. Өйтпеген жағдайда біз кадрлардың тең жартысынан айырылып, баламен жұмыс істейтін адам таппай қалуымыз ғажап емес.

Қалалық мәслихат депутаты ретінде мен Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау жөніндегі бастаманы да қолдаймын. Сонымен қатар 2023 жылы өтетін мәслихаттар сайлауында ел сенімін арқалауға дайынмын. Ал сайлаулар әділ өтуі керек. Бұл – елдің ертеңгі күнге деген үміті мен сенімі.

 

Анар ІЗДЕН,

«Облыстық ҮЕҰ альянсы ассоциациясы» қауымдастығының төрайымы,

қалалық мәслихат депутаты