Өйткені 7 жылдық мерзімге сайланатын Президент бір жағынан қоғамдағы әртүрлі күштерді біріктіруге, екіншіден бастамаларын, қандай да бір саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларын тиянақты аяқтауға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл жолғы кезектен тыс Президент сайлауы 2019 жылдан бергі үш жылда жасалған саяси реформалардың нақты нәтижелерін жүзеге асыруға арналған нүкте деп білеміз. Екінші жағынан бұны еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім ретінде қабылдаған жөн. Себебі кезектен тыс Президент сайлауы еліміздің тұрақты дамуына үлес қосады.
Осы орайда бірнеше бағытты айқындап алуымыз керек.
Біріншіден, 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы әуелі саясат, одан кейін экономика қағидасы аясында саяси реформалар жүргі-
зуді бастап кеткен еді. Бүгінге дейін төрт саяси реформа топтамасы қабылданды. Оның логикалық нәтижесі ретінде жазда өткен конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыұлттық референдумды атап өтуге болады.
Екіншіден, жалпыұлттық референдум Қазақстан халқының елдегі болып жатқан саяси өзгерістерді қолдайтынын көрсетті. Соның нәтижесінде аталған өзгерістерді жүзеге асырудың нақты тетігі керек болды. Бұл орайда, конституциялық реформалар кезінде барлық саяси билік тармағының толықтай трансформациясына қатысты өзгерістер енгізілді. Яғни бұл – сайлау туралы заңнамаға өзгеріс, саяси партияларды тіркеуге байланысты жеңілдіктер, әкімдерді тікелей сайлау және де жалпы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының орталықсыздандыруы.
Парламент Мәжілісінің құзыретін күшейту бойынша да өзгерістер қабылданды. Ал оны жүзеге асыру үшін ең алдымен Парламент жаңа құрамда болуға тиіс. Өйткені Мәжіліске пропорционалды-мажоритарлық модель арқылы сайланған депутаттар келуі керек.
Енді жаңа саяси партиялардың билікке келуіне мүмкіндіктер жасалуы қажет. Сондықтан кезектен тыс Парламент сайлауы саяси дамудың жаңа кезеңін айқындайды.
Үшіншіден, Президент өзінің электоралды циклін тәуелсіздік тарихында алғаш рет алдын ала жариялады. Яғни бірінші қыркүйектегі Жолдауында атап өтті. Бұл саяси пікір алуандығы мен демократияның барлық ұстанымына сәйкес келеді. Өйткені саяси партияларға 1 қыркүйектен бастап 2023 жылы өтетін Парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін Президент сайлауына алдын ала дайындалуға, кандидаттарын ұсынуға, жалпы сайлауалды науқанға әзірленуге мүмкіндік берді.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Қазақстан қоғамын дамыту институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы