17 Мамыр, 2014

Қамсыздандыруға қамқорлық қашанда қажет ол келешектің келісті іргетасын қалайды

312 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ДердзюкӘлемнің әр түкпірінде халықты әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша зор ұмтылыстар жасалып, тың ізденістерге түрен салынып, жол тартылуда. Мұның жай-жапсарын кеңірек білу үшін Польша әлеуметтік сақтандыру институтының президенті, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы Еуропа өңірлік жүйесі комитетінің төрағасы Збигнев ДЕРДЗЮККЕ жолығып бірнеше сұрақ қоюға рұқсат сұрадық. Мәртебелі мейман ұсынысымызды үлкен ілтипатпен қабыл алды. – Дердзюк мырза, сәлеметсіз бе. Бізге сұхбат беруге келіскеніңізге алдын ала рахмет айтамыз. Сізден Халықаралық әлеуметтік қамсыз­дандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) Еуропа өңірлік жүйесі комитетінің төрағасы ретінде, Еуропа елдеріндегі әлеуметтік қамсыздандыру саласында қалыптасқан тенденциялар туралы білгіміз келіп отыр. – Еуропа елдеріндегі зейнеттік жүйе үшін сын-қатерлер мемлекеттік қаржы тапшылығын шамадан тыс арттырмай, оңды-солды шашпай, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін төмендетпей оны қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етеді. Аталған талаптарды теңдестіру Еуропа зейнеттік жүйесінің болашағы үшін ғана емес, сонымен бірге, Еуропаның жалпы дамуына да зор әсерін тигізеді. Мұны әркез назарда ұстап, ұмытпағанымыз жөн. Ендігі алдағы бұлжытпай орындайтын шаруамыз – әлеуметік қорғау мекемелері жүзеге асыратын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды әрдайым қолдау. Бұл мәселе жоғары технологияларды қолдану арқылы клиентке қызмет көрсетудің тиісті стандарттарын қамтамасыз етуді айқындайды. ХӘҚҚ бүгінгі таңда осы саладағы озық тәжірибелерді алмасудың алаңына айналып, өз тиімділігін әйгіледі. Мен жетекшілік жасайтын әлеуметтік сақтандыруды басқару саласы біраз жетістікке жетті, ол – қызметтерді стан­дарттауға бағытталған, жан-жақты ойластырылған, кең ауқымды заманауи электрондық қызметтер алаңының арқасында жүзеге асты. Алайда, атқа­рылған жұмысқа масаттанбай, әлі де бізге басқа елдердің озық тәжірибелерін үйрену қажет деп санаймын. – Әлемде әртүрлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері бар екені белгілі. Польшада халықты әлеуметтік қорғаудың қандай жүйесі жолға қойылған? – Польшаның әлеуметтік қамсыз­дандыру жүйесі отызыншы жылдары, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, бір ғасырдан астам уақыт бойы басқа елдің үстемдігінен азат болып қайта біріккеннен соң құрылды. Сол кездегі әлеуметтік қамсыздандыру бір жағынан түр-сипаты бөлек үш мемлекеттің – Пруссияның, Австрияның және Ресейдің қол астында болған уақыттағы аумақтың құқықтық және әлеуметтік жүйелерін біріздендіру қажеттілігін туындатты. Ол ықпалдастықтың негізгі буын-элементін құрады. Екінші жағынан аталған жағдаят Польшаның соғысқа дейінгі дамуына жақсы мүмкіндік берді. Елдің әлеуметтік сақтандыру саласын реттейтін заңы өз уақытында сапалы жасалған-ды. Бірақ, бұл құжат Батыс елдерінен алынған үлгі-көшірмесі емес еді. Мұны ескергеніміз өте маңызды әрі ұмытпауымыз керек. Елдің қазіргі заманғы әлеуметтік қорғау жүйесінің қалыптасу тарихымен тығыз байланыс­ты Әлеуметтік сақтандыру басқармасы биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Соғыстан соң жүйеде айтарлықтай өзгерістер болған жоқ, тек қажетті түзетулер ғана енгізілді. Сондай түзетулердің ішіндегі ең маңыздысы 1999 жылы, яғни Польша қайтадан тәуелсіздік алғаннан кейін 10 жылдан соң болды. Ол кезде біз зейнетақы жүйесін төленген жарналарға негізделетін, яки нақты төлемдер қағидатынан туындайтын зейнетақы жүйесіне ауыстыру реформасын жүргіздік. Нәтижесінде жүйе жұмысы жеңілденіп, азаматтар оны қабылдауға тез бейімделді. Қазіргі кезеңде зейнетақы жыл сайын индекстелетін, жеке шоттарда жинақталған, төленген жарналар сомасына байланысты екендігі шындық. Келесі бір маңызды қадам – зейнеткерлік жасын 67 жасқа дейін теңестіруге және арттыруға әкелді. Өйткені, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы бірнеше жылға ұлғайды. Ғасырдың соңғы ширегінде өркениет пен әлеуметтік табысқа жетудің табиғи жемісіне қарай жетеледі. Біз сонымен бірге, зейнетақы жүйесі қаржылық қағидатының еріктілігін енгізуді шештік. Өстіп биылғы 1 сәуір мен 31 шілде аралығында Польша азаматтары өздерінің еңбек ақыларынан 2,92% Ашық зейнетақы қорларына аударылғанын немесе 19,52% құрайтын барлық зейнетақы жарналарының Әлеуметтік сақтандыру басқармасына түсуін қалайтынын таңдайды. Ашық зейнетақы қорларына ерікті қатысуды енгізу нақты бір жүйелі эволюцияның нәтижесі екендігін осы арада атап өткен жөн. Өйткені, олардың рөлі Польшадағы қаржы нарығының дамуына өлшеусіз үлес қосып, қозғаушы ретінде қимылын қарқындатты. – Сіздің елде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің теңгерілімін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда? – Біздің елімізде төлемдерді индекс­теу экономикадағы жалақының орташа өсіміне де (осы көрсеткіштің бестен бір бөлігі алынады), инфляцияға да байла­ныс­ты жүргізіледі. Мұндай шешім тұрақты экономика өсімінде төлемдер­ге жыл сайын нақты сипат береді. Польшада өмір сүру деңгейінің артуы жылдан-жылға байқалып отыр. Әрине, бұл көз сүйсінтіп, көкірекке жылылық ұялатады. – Ал өндірістегі жазатайым оқи­ғалардан міндетті сақтандыру мәселесі қалай реттеледі. Сақтан­ды­рудың осы түріне қандай мөлшерлеме енгізіледі? – Осыдан 10 жыл бұрын біз жазатайым оқиғаның белгілі бір кәсіпорындағы ахуалына сәйкес сақтандырудың жеке ыңғайлы тұрғыдағы мөлшерлемесін енгіздік. Бүгінгі таңда сақтандырудың осы түрі бойынша ең төменгі мөлшерлеме есептеу базасынан 0,67% , ал ең жоғарғы – 3,86%-ды құрайды. Бұл тетік өзін өзі ақтады, кәсіпкерлер еңбек қауіпсіздігін сақтауға көңіл бөле бастады, жазатайым оқиғалар саны азайды және соған қарай жарна да аз төленеді. – Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі ынтымақты жауапкершіліктің даму барысын қысқаша саралап берсеңіз? – Поляк Республикасында зейнет­ақы жүйесі ұрпақтар арасындағы ынтымақтастық негізіне сай құрылған. Зейнетақы төлемдерін қаржыландыру қағидаты экономикалық белсенді халықтың жарналары есебінен, әрине, зейнеттік жүйе әрекет еткелі және 1999 жылы Ашық зейнетақы қорлары жұмысқа кіріскеннен бері істейді. Өкінішке қарай, кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жоққа шығару тәрізді жаңсақ пікірлер жарияланып, аталған мәселеге күмән келтіру ұшырасып жүр. Тағы бір сын-қатер – демографиялық жағдай қатты алаңдатады. Қартайған Еуропада ұрпақтардың табиғи алмасуы бұзылуда, оған ХХ ғасырдың елуінші жылдарындағы туудың жинақталған коэффициенті 3,7 құраса, қазіргі уақытта ол көрсеткіш 1,3 құрайтынын айтсақ жеткілікті. Соңғы жылдары біз төленетін декреттік демалысты он екі айға дейін ұзарттық, оның едәуір бөлігін баланың әкесі алады. Мемлекет бала күтіміне байланысты еңбекақысы сақталмайтын демалыста болған адамға, сонымен бірге, жас балаларды күту үшін заңды түрде жұмысқа тұрғандарға зейнетақы жарналарын төлейді. – Польша 2004 жылдың 1 мамырынан бастап Еуроодаққа мүше елге айналып шыға келді. Осыған орай көптеген поляктар экономикасы дамыған Еуропа елдеріне (Ұлыбритания, Франция, Германия) жұмыс істеуге жол тартты. Әйтсе де, Польшаға да Украинадан, Молдовадан, Беларусьтен жұмыс күші ағылып келу үстінде. Елден сыртқа кетуші немесе келуші еңбек мигранттарын әлеуметтік сақтандыру ісі қалай жүзеге асып отыр? – Еуроодақта әлеуметтік сақтан­дыруды үйлестіру қағидаты жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз – менің отандастарым Ұлыбританияға немесе Германияға жұмыс істеуге кеткенімен олардың сақтандырылуы үзіліссіз жал­ғасады деген сөз. Аталған үрдіс Поль­шаға келген Еуроодақ елдерінің азаматтарына да қатысты, ал мұндай азамат­тар саны күннен-күнге артуда. Еуро­одаққа мүше болып табылмайтын кейбір елдермен Польша сақтандыру мерзімін өзаратану мәселелері бойынша реттейтін әлеуметтік сақтандыру туралы екіжақты шарттар жасап қол қойды. Біз бұрынғы Югославия елдерімен, АҚШ-пен, Канадамен, Австралиямен және Украинамен осындай шарттарға отырдық. 2013 жылы Әлеуметтік сақтандыру басқармасы шетелдерге кеткен адам­дарға 40 мың реттік төлем төледі, ал он жыл бұрын олар екі есе аз болған. Екінші жағынан Әлеуметтік сақтандыру басқармасы Польшада тұратын, шетел төлемдеріне құқықтары бар тұлғаларға 61 мың мәртелік төлем төлеуге дәнекерлік жасады. Осы төлемдер бойынша кейінгі жылдары едәуір өсу байқалады. Тұтастай алғанда Еуроодақ шеңбе­рінде адамдардың еркін араласуы, сондай-ақ, Еуроодақ елдеріне мүше болып табылмайтын иммигранттар үшін Польшаның және басқа да елдердің ашық болуы бір жағынан жетістік болып табылса, екінші жағынан әртүрлі қатерлерді де тудырады. Егер Еуроодақ аясындағы жекелеген елдер өздерінің зейнеттік жүйелеріне жекеменшікті сақтайтын болса, онда еңбек ағыны мен жарналарды тиімді басқару күрделене түседі. Мұны да ескергеніміз мақұл. Польшада бүгінде Еуроодақтың басқа бөліктеріне тұруға кетіп сол елдерде жарналар төлейтін жас азаматтар ағыны көптеп байқалуда, ал соғыстан кейін өмірге келгендер зейнеткерлікке шығуда. Бұл жағдай Еуроодақ елдеріндегі әлеуметтік қорғау жүйесіне болашақта күрделі мәселелер тудыруы әбден мүмкін. – Сіз жақында өтетін VII Астана экономикалық форумына және «Әлеу­меттік қорғаудан – әлеуметтік прогреске» ІІІ халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­сына қатысады екенсіз. Алдағы ауқым­ды шарадан не күтесіз және кон­фе­ренцияға қатысушыларға айтар тілегіңіз бар ма? – Мен осы конференцияда жекелеген елдердің тәжірибелерінен сабақ аламын деп ойлаймын. Әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі ол жергілікті ерекшелікке бейімделгенде ғана нәтижесін беретінін ұмытпау керек және бұл жерде сақтандырылған азаматтардың жеке жауапкершілігі мен бір мезгілде әлеуметтік ынтымақтастық сияқты қағи­даттар міндетті түрде ескерілуі ­қажет. Сондықтан өзіме және форумның ­б­ар­лық қатысушыларына зейнеттік жүйені жаһандық деңгейде, сонымен бірге, бір мезгілде жергілікті ерекшеліктердің маңызын сезініп, түйсінуді тілеймін. Бұған қоса зейнетақы жүйесін мемлекеттің ең маңызды экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық кепілі деп бағалаймын. – Құрметті Збигнев Дердзюк мырза, Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйелерінің болашақтағы даму мәселесіндегі ынтымақтастықтың қандай бағытын атар едіңіз? – Болашақта модельдік қатынастағы әлеуметтік қорғау бойынша басқарушы ұйымдардың біріккен құзыретін құру, яғни әлеуметтік саясатқа белсенді әсер ету мен бағыттарына актуарлық талдау жасауды алға қоямын. Ол болашақтың ісі екендігі талдап-талқыламаса да әмбеге аян. Жалпысында халыққа қызмет көрсету сапасына қатысты, оның ішінде заманауи телеақпараттық технологияларды қолдану бағыттарын ерекше атар едім. Қазақстанның қазіргі қарышты қадамы, әлеуметі мен әлеуеті, бейбіт өмірі мен береке-бірлігі, ең бастысы ашықтығы кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Сондықтан да, елдеріңіз әлі талай биіктен көрініп, топ бастайтынына бек сенімдімін. Әлеуеттеріңіз артып, қамсыздандыру ісіндегі бастамаларыңыз баянды, іргетасы берік қалана берсін. Абыройлы да ізгілікті істеріңіз оңды болсын. – Айтқаныңыз келсін, сізге де жемісті еңбек тілейміз. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».