Үкімет • 22 Қыркүйек, 2022

Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының X форумына қатысты

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада Машина жасау және металл өңдеу жөніндегі екінші халықаралық мамандандырылған «Kazakhstan Machinery Fair» көрмесі аясында өткен Қазақстан машина жасаушыларының X форумының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының X форумына қатысты

Әлихан Смайылов отандық машина жасау саласының республика экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, индустрияландыру жылдарында машина жасаудағы өндіріс көлемі 6 есеге өсіп, 2,3 трлн теңгеге дейін көтерілді. Саланың өсімі соңғы 3 жылда орта есеппен 20%-ды құрап отыр.

«Қазіргі таңда Үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Бұл – қолжетімді бастапқы материалдармен және қаржыландырумен қамтамасыз ету, сонымен бірге импортқа тәуелділікті азайту, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту», деді Әлихан Смайылов.

щ

Сонымен қатар ол Үкіметтің ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Пленарлық отырыс аясында Әлихан Смайылов сұрақ-жауап сессиясына қатысты, онда Үкімет басшысы машина жасау өнімдерін импорттау және шетелдік компаниялардың Қазақстанға көшуі туралы өз пікірін білдірді.

з

«Бізде бүгінде экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым. Бұл жағдай керісінше болуы керек. Мәселені шешу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары бағдарламалық құжатын әзірлеу және қабылдау туралы ойланатын кез келді. Себебі ұзақ мерзімді тәсілдер ғана осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр «Kazakhstan Machinery Fair» көрмесінің экспозициясымен танысты, онда 17 елдің 240-тан астам компаниясы өз өнімдері мен технологияларын ұсынды. Олар: Қазақстан, Австрия, Беларусь, Германия, Дания, Израиль, Испания, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Иран. Одан бөлек, Әлихан Смайылов Түркияның «MAKFED» машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиранмен кездесті, онда Үкімет басшысы түрік компанияларын белсенді түрде инвестиция салып, Қазақстанда өз өндірістерін ашуға шақырды.

«Біздің еліміз тәжірибесі мол түрік компанияларымен машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі», деді Премьер-Министр.