Ел Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзі Әділетті Қазақстанның жаһандық тұсаукесері деп тануға лайық. Халықаралық қоғамдастықты осы бағытта жасалып жатқан іс-шаралармен таныстырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті ретіндегі ұстанымы – әрбір азаматтың құқығы қорғалатын әрі әрқайсысы тең мүмкіндіктерге ие болатын Әділетті Қазақстанды құру екеніне екпін түсірді.
«Менің елімде әділдік салтанат құруы керек», деді ол. «Заң мен тәртіп қоғамымыздың тұғыры болады. Ал бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар», деген тұжырым айтты Президент.
Президент әділдікті, саяси жүйені жаңғыртуды өзінен бастап, өзіне қатысты шектеу қабылдап отыр: ол Мемлекет басшысының өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс.
Қ.Тоқаев Қазақстан халқына күні кешегі үндеуінде 2022 жылғы 20 қарашада өтетін президенттік дода елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап беретінін жариялады. Нәтижесінде, экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Бұл науқан сонымен бірге ел тарихының жаңа парағын ашпақ. Бір ғажабы, Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу бастамасы арқылы алдағы 22 жылда Қазақстанда бір емес, 4 президент болады. Бұл қазақтың жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. Яғни автократиядағыдай, тек жалғыз лидерді ғана білетін тұтас ұрпақтың өсіп жетілуі сияқты құбылыс келмеске кетті.
Президент болып қайта сайланудан үміті жоқтығын білетін тұлға бүкіл қажыры мен қайратын, білімі мен білігін, әлеуеті мен мүмкіндігін сарқа жұмсап, ел есінде жақсы атымен қалуға тырысары сөзсіз. Яғни бірінші президенттік мерзімін келесі президенттік додаға түсу үшін түрлі күштердің қолдауын иеленуге, саналуан айла-шарғы жасауға шығындамайды.
Әрі-беріден соң 7 жылдық мерзім Президенттің айналасында кландардың қалыптасуына тосқауыл қоятын тетікке айналады. Мысалы, ұзақ отырған әкімдердің өзі сол өңірді басыбайлы иемденген жарты патшаға, шағын хандыққа ұқсап кететіні, жалғыз билеп, демократияны жаншып, жергілікті элитаны қалағанынша жатқызып-өргізетіні жасырын емес. Ел билеуші ұзақ отырса, оның үзеңгілестері мен ағайын-туыстары қаржылық-экономикалық топтарды қаптатып құрып, өзіне жағымды саяси күштерді ғана іріктеп қалдыруы ықтимал.
Егер соның салдарынан болашақта қаңтар қасіреті сияқты оқиғалар қайталанар болса, бұл Қазақ елінің тұрақтылығына, тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Тіпті елді тоз-тоз етіп тынуы, мемлекеттілігімізді жарға жығуы мүмкін. Олай болса, Президенттік каденцияны жеті жылмен шектеу тең бәсекеге құрылған демократиялық саяси жүйені қалыптастыруға және биліктің бір адамның қолында шоғырлануы тәуекелдерін жоюға ықпал етеді.
Біріншіден, 7 жыл кез келген әлеуметтік бағдарламаны, түбегейлі реформаны жүзеге асыруға, төл әлеуетін жарқырата жүзеге асыруға жететін уақыт. Тек ақылы – көзі, жігері – қолы болса игі. Сонда алынбас қамалы қалмайды.
Екіншіден, егер тұлға президент ретінде шынымен өзін тамаша қырынан көрсетсе, 7 жыл ішінде білікті лидер ретінде барлық әлеуетін жарқырата паш етсе, халықтың сүйіспеншілігіне бөленсе, әлемде зор бедел жинаса, ол әрі қарай да жерде қалмайды. Кез келген партияны басқарып, не өз партиясын ашып, оны билік шыңына жетелесін немесе, дамыған елдердегідей, тек Қазақстанмен шектелмей, жаһандық дәрежедегі додаларға түссін, дүниежүзілік ұйымдарды басқарсын. Сөйтіп, қазақ баласы бергі тарихымызда болмаған асуды бағындырсын.
Менің ойымша, Қазақстан Президентінің ел басқаруды бір мерзіммен доғаруы болашақта қазақ елінен жаһанды билеуге қабілетті ұлы тұлғалардың жетіліп, олардың Қазақстанмен шектелмей, бүкіл әлемге тарап, беделді болуына жол ашады.
Сондықтан мұндай батыл қадамнан үркудің еш қажеті жоқ. Кеңес кезінде КСРО басшылары өлгенше отыратын. Одан ел ұтты ма? Бәріне бағдар болған Америкада бір мерзіммен шектелген президенттер бар. Жаһан құрмет тұтатын АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтон 1789-1797 жылдары, 8 жыл ел басқарды. Одан соң Джон Адамс – 4 жыл, Томас Джефферсон – 7 жыл, Джон Куинси Адамс – 4 жыл, Эндрю Джексон – 7 жыл, Мартин Ван Бюрен – 4 жыл, Авраам Линкольн 4 жыл... ғана президент болған. Олардың әрқайсысы өз мемлекетінің тарихында қалды, АҚШ-ты дамытты. Ешқайсысы ұзақ отырамын деп жағаласпаған. Уақыты келгенде, заңға мойынсұнған.
Қазақстан лидерінің жаңа бастамасы ең алдымен Қазақстан лидерлерінің бойында осындай ізгі жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.
Амандық болса, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі демократияның шамшырағына айналады. Егер біздің аймақтағы қандай да бір мемлекет басшысы билікті өзгеге бермей, ұзақ отырып алса, оның халқы Қазақстанда президенттер 7 жыл сайын үнемі ауысып отыратынын мысалға келтіріп, сол биікке ұмтылатын, осы асуды аңсайтын болады.
Сондықтан дәл қазір саяси түбегейлі жаңғыруларға қарсы шығу қазақ еліне ұсынылып отырған тарихи теңдессіз мүмкіндікті жіберіп алумен тең, асыл үмітті ұрлатып алуға пара-пар.
Демек 20 қарашада өтетін президенттік сайлау мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашпақ. Жетелі жеті жылдық бастау алмақ!
Әрекетсіз билік – әлеуметінің соры. Халқының қамын ойлаған биліктің бір ісі артық. Бастаған ісі ұлы әрі ірі болса, тіптен тамаша! Жалпы, жаңғырып, алға ілгерілеу ғанибет нәрсе. Табиғатта да арқырап аққан су бұзылмайды, тұрып қалған судың күлімсі иісі қолқаны қауып, айналасына зиянын тигізеді. Алысқа бармай-ақ ТМД көлемінде тоқыраған ел көп. Ал Қазақстан алғашқы жолды таңдауымен сүйсінтті.
Осы орайда кеудесі қазынаға толы абыз Тілеуберген Төребекұлынан естіген әңгіме ойға оралды. Марқұм Тілеуберген ақсақал қазақ тарихындағы аса күрделі кезең саналатын ХІХ–ХХ ғасырларда өмір сүрген, сол дәуірлердегі оқиғалардың тікелей куәгері болған қариялардан хандар, билер, шешендер, батырлар туралы аңыз, шежірелер мен бұрын жарық көрмеген тарихи деректерді жинақтап кеткен. Мен бірнеше жыл бойы соны өңдеп, жинақ етіп шығардым. Тарихтан белгілі, Қазақ хандығына Әбілмәмбет билік еткенде, Абылай Орта жүзде кіші хан, сұлтан дәрежесінде жүрген. Ол кезде Орта жүзде би – Бекболат екен. Кейін Қазақ хандығының ханы – Абылай, биі – Бекболат болып, екеуі жарастықпен ел билеген.
Абылай кіші хан дәрежесінде жүргенде, Орта жүздің Қаракесек руының тойына шақырумен барады. Нөкерлерін ертіп, тойдың думанын ат үстінен тамашалап тұрады. Басында хандар киетін салтанатты биік қалпақ бар. Кенет Абылайдың басынан қалпағы жерге ұшып түседі. Жіті қараса, қалпаққа садақтың жебесі шаншылыпты. Мына орынсыз қорлауға намыстанған Абылай бас киімін жерден алмапты және ешкімге көтерткізбейді. Жан-жағында шоғырланып, тынып қалған жұртқа көз жүгіртсе, шетте сықылықтап күліп, бірін-бірі түртпектеп, мазақтап тұрған бір топ жасты байқайды. Олардың ортасында сұрмерген, атақты рубасы, би Ботақанның тұрғанын көреді. Ал Ботақан Бекболаттың жақын туысы еді. Абылай бәленің Ботақаннан келгенін біледі. Бірақ той шырқын бұзбау үшін ешкімді жазалатқызбайды.
Тойдан көңілсіз оралған Абылай хан ізінше сарбаздарын жібереді де, Ботақанды байлап, матап алдыртады. Ол келгенше, терең ор, зындан қаздырып, дайындатып қояды. Әкелінген бойда Ботақанды соған салғызған. Әзілқой Ботақан сонда бір түнеп шығады. Ертеңіне Абылайдың өзі барып, Ботақанға: «Шық!» – деп рұқсат етеді. Бұған қатты намыстанған Ботақан ашуланады: «Көрге түскен адам тірі шығатын ба еді? Не айтып тұрсың?!» – деп қорлыққа шыдамай, Ботақан белбеуіндегі қанжарын суырып алып, өз ішін өзі жарып өліпті.
Ботақанның қайғылы өлімін естіген Бекболат елін жинап, Хан Ордасын шабуға үш мың қолмен аттанады. Бекболаттың қол жинап шыққан хабарын есіткен Абылай оларға қарсы әскер жібермейді, оның орнына алдынан жаушы жіберіп, келетін шамасын біліп отырады. Хабаршыдан «Бекболаттың қолы бір күндік жерде» дегенді естіген хан таңертең ордада бір де бір адам қалдырмай, бәрін дүрк көтеріп, бір-екі қырдан асырып, орман арасына паналатады. Ал жұртта қалған шаңырақтардың бәріне қонақ келетіндей, төсек салдырып, үй жиһаздарын жайнатып қояды. Ыдыс-аяқты, кесе-шәйнекті қойғызып, қазан-ошақ, ас суына дейін дайындатып кетеді. Бекболаттың сарбаздары сәске түсте ордаға кірсе, ішінен бірде-бір адамды көрмейді. Иесіз, бірақ қонақ күтетіндей үйлердің бәрі де жасаулы тұр. Семіз жылқылар байлаулы жатыр екен.
Сарбаздар мына көрініске таң қалады. Ұзақ жолдан арып-аршып, жүдеген сарбаздар малды шетінен сойып жеп, салулы төсек, салқын үйлерге жайлана жатып, рахаттанып тынығып отырғанда алыстан жаяулап келе жатқан жалғыз адамды көреді. Көз шырамытатын жерге таяғанда оның шекпенін желбегей жамылған, қаннен-қаперсіз жаяу келе жатқан Абылай екенін байқайды.
Оқ жететін жерге келгенде, көкірегіне кек тұнған Ботақанның інісі Сирақты мылтығын алып, Абылайды атуға ыңғайланғанда Бекболат оған қатты жекіп: «Ұсынған басты қылыш кеспейді. Атпа!» деп інісін тоқтатқан екен. Абылай келген бойда түсін бұзбастан, қонақжай қалыппен адамдармен қол алысып, жылы шырайлы амандасады. Амандық-саулық біліскеннен кейін әңгіме басталып, оның барысында жауласпаққа келгендер болған жайдың мән-жайына толық қанығып, анығын біліп, келісімге келеді. Ботақан үшін мол құн алғасын, Бекболат сарбаздарымен бірге еш қан төкпей еліне кері қайтыпты.
Бұл – Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірінен бізге жеткен ұлағат. Олар ұлы адамдардың арасындағы сыйластықтың, ұлт мүддесі үшін келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп кетті.
Ата-баба аманатына берік болып, қайрат та, қайырымдылық та таныта білгеніміз абзал. Әділетті Қазақстан Абай хакім айтқандай, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаса, сонда толық болады елден бөлек.
Ызғарлы Желтоқсан көтерілісінен соң қазақтың азаттыққа бет бұрғаны сияқты, биылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін Қазақстан мүлдем жаңа жолға түсті. Осы жолдағы әрбір қадамымыз Қазақстанның болашағын да айқындайды. Сонысымен де құнды, жауапты, әрі маңызды. Ол қадамның бәрі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты қағидатымызды нақты мән-мазмұнмен байыта түседі. Президентіміз айтқандай, біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз.
Осы жолда біріміз ілгері, біріміз кері тартсақ, орта жолда тоқыраймыз. Әділетті Қазақстан алдымызға ғаламат ұлы мақсаттар, ұзақ жоспарлар қояды. Оған жетудің жолы да шалғай: жете алмай жарты жолда қалып қоймауымыз керек.
Сондықтан қазірден бас біріктіріп, ұлт мүддесі үшін ұйысуға тиіспіз. Әлемнен тыныштық кеткен, іргедегі алпауыт ел қантөгіске ынтыққан шақта сыртқы зәлім күштерге, қызғанған қызыл көз құзғындарға жем болмау үшін іргемізді қымтап, бірлігімізді бекемдей түсейік. Қазақ алауыз емес, бірауызды болса, билік сөзінде тұрып, әділдіктің ала жібінен аттамаса, онда бұқарасы билеушісін қуаттаған, билеушісі бұқарасын жылатпаған қуатты, берекелі ел боламыз, ағайын.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты,
Amanat фракциясының мүшесі