Суретті түсірген Юрий БЕККЕР
Орталық стадионға жиналған 35 мың адам, алаң сыртында тұрып тыңдаған мыңдаған адам, 68 елден келген табынушының тамсанып, үлкен дайындықпен ұйымдастырылған Stranger концертін талқылап, таразылап жырлаудан өзара жарысқа түскендей жалығар түрі жоқ. 35 мың билеттің санаулы күндерде сатылып кеткенін ескерсек, бұл концертті көпшіліктің аңсап күткені рас. Қыркүйектің соңында сиректеу болатын тамылжыған шуақты күні екінті мезгілі еңкейе бере, екі сағат бұрын келіп орнына жайғасқан ел самал желге бетін төсеп отырып бір ғажайып боларын тағатсыздана күтті. Керемет көңіл күй буырқанысы, музыканың дүмпуі, жарықтың шағылысуы, қараңғы түнді тілген Димаштың тегеурінді дауысы, міне, осының бәрін әр көрермен өзіне керек рухани кесек сұранысының бір-бір тағанын бір концерттен табатынына сеніп келді.
Төрт сағат бойы тапжылмай тұрып ән тыңдау тек Димаштың концертіне ғана тән болса керек. Төрт сағат бойы концертін қазақ және ағылшын тілдерінде өзі жүргізіп, тірі дауыста ән айтып, би билеп, тер төгу бір әртістен қаншама қажырлықты қажет етеді. Бірақ мыңдаған тыңдарман жиналатын аудиториямен байланыс жасауды Димаш әбден меңгерген екен. Қолындағы микрофонын тыңдарманына бағыттап, саусағын сілтеп қалса, сол сәтте-ақ тұтас аудитория теңіздей толқып тұрып қазақша, орысша, ағылшынша әндетіп қоя береді. Сүйікті әншісі қай елдің сахнасында ән салса, соңынан қалмай, сүйіспеншілігі мен махаббатын арнап жүретін әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандары, о тоба, қазақша ән салып тұр. Тілі төселген, сөзі анық, өзі жаттыққан. Димаштың тілі – қазақ тілі болғаны үшін бақытты, қуанышты кейіпте бар болмысымен беріле әнге қосылады. Ал Димаштың жүрегінен шашыраған шуақ оларды біріктіре түскен, өзінің зор, қуатты дауысын, харизмасын, тартымдылығын өзін бағалаған жақындарына әнмен жолдағанда қуаттана түсетіндей.
Димаш қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде ән шырқады, домбырада, электргитарада, барабанда, басқа да аспаптардың құлағында ойнады. Ашық аспан астында от ойнатып, шоқ шашыратқан шоу-концертте әнші 31 әнін тарту етті, «Дайдидау», «Шаршаған аққулар махаббаты», Stranger, Fly Away секілді ескі әндерін еске алып, тыңдарманын жаңа шығармаларымен таныстырды. Құрметтеп келген көрермені үшін Димаш түзген бағдарлама бай әрі көпқырлы, халық әндерінен бастап заманауи композиторлардың лирикалық нәзік әуені мен ырғақты шығармаларына дейінгі репертуар жоғары талғаммен қамтылған. Ауадай жеңіл, иірімі мол нәзік үнмен басталып, бас әлде баритон секілді дауыстың кең диапазонына еркін ауыса салатын Димаштың дара қасиеті мұнда да еріксіз тәнті етті. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі мен мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің қатысып, Димаштың өнерін сүйемелдеуі, арнайы түсірілген бейнеинсталляцияның жиі көрініс табуы концерттің салмағын арттыра түсті.
Spase Machine ADEM би тобы құрамындағы Ерлан Әбдірахманов, Ерден Қоқымбаев, Ерлан Жанышбекұлы, Никита Гербер сахнаға Димашпен шығып, «Дүрдараз» әнін орындады. Америкалық жобалармен жұмыс істейтін бішкектік талантты бишілер Димаштың отызмыңдық шоуында өнер көрсеткеніне бақытты. Димаш өзінен кейінгі інісі Әбілмансұр Құдайберген жазған әнді де орындады. Латынамерикалық тыңдармандарының өтініші бойынша жазылған испан тіліндегі әні де ілтипатпен қабылданды. Көптен күткен концерт ультра заманауи сипатымен таңдай қақтырды.
Димаш – жас пен кәрі, ескі-жаңа демей, барлық талғамдағы ұрпақ өкілін бір залда жинай алатын жалғыз әнші. Димаштың болмысында оның ешкімге ұқсамайтын дара дауысынан бөлек, дидарындағы бекзаттық, тұрпатындағы тектілік пен тазалық, кірпияз көркем талғамы, кәсіби ұстанымы көзге ұрып тұрады. Димаштың әр концерті – жан жүрегін жайып салып ашылу, тыңдаушысымен рухани сырласу кеші. Ән айтқанда, дүниені ұмытып, екі көзін тарс жұмып, әндерінің тереңіне сүңгіп, өз әлемінде қалықтап өмір сүретін Димаш – сұлулықтың, имандылықтың, қарапайымдылықтың, патриотизмнің символы екенін кезекті рет дәлелдеді. Әр тыңдарманы әннен қуат алды. Бастысы, Димаштың «елім, жерім» деп лүпіл қаққан жүрегінің үнін естіді.
Қазақ өнерінің ханзадасы әлем халқының көз алдында миллиардтаған қаражатқа тәуелді етпей-ақ, өз елінің абырой-беделін өсірді. Алматы қонақүйлері бір сәтте шетел туристеріне толып кетті. Әлеуметтік желінің беті бір Димаштың отандық туризмді дамытуға қосқан үлесін есептеген қызықты статистиканы жариялап жатты. Концертті ұйымдастыруға 200-ден аса маман, үш тілді еркін меңгерген 400 ерікті жұмылдырылды. Әлемді қарумен, ракетамен емес, әнмен қуандырудың ғажап үлгісін көрсеткен Димаштың орындауындағы әр ән тыңдаушысы үшін ұмытылмас күн. Жұмыр жерге танымал сақ заманының сарбазы киген Алтын Адам тарихи жәдігерін қайта тірілтіп, сахнада сарбаздың костюмінде көрінген Димаштың ұлтының байлығын бүкіл әлемге мақтанышпен ұлықтағысы келген жүрегінің лүпілін үнсіз ғана түсіндік. «Мың алғыс саған, Алаштың алтын баласы» деген ақ-еділ тілек, қосыла ән шырқауға, қол шапалақтау мен қошемет, қолдаумен үйлесім тауып жатты.
Бұл кеште Димаш «Бір аспанның тарихы» атты жаңа туындысының тұсауын кесті. «Жер бетінің халқы ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінеді, бірақ біз бәріміз – бір планетаның балаларымыз және бір аспанның астында өмір сүреміз. Өмір – ең бағалы құндылық. Бірде-бір қасиетті кітап адамдарды қырып-жоюға шақырмайды. Біз достасуды үйренуіміз керек, бірді-екілі адам үшін миллиондаған балалар жапа шегіп жатыр. Бірлік болсын әлемде, жер шарының болашағы біздің қолымызда» деп ортақ ғаламшардағы барлық тыңдарманын бірлікке шақырды. Димаштың жан дүниесінің жылуы мен жарығы – оның жанарында. Бүгінгідей буырқанысқа толы алмағайып уақытта Димаш Құдайберген шығармашылығы шыңдалған кәсіби әртіс ғана емес, өз ұстанымына адал, туған елін шексіз сүйетін азамат ретінде үрей атаулыны үрлеп тастап, миллиондаған жүрекке сенім ұялатты.
АЛМАТЫ