Тарих • 26 Қыркүйек, 2022

Сарқан тарихы сақтаулы тұр

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен дәуірдің дүр дидарын көргіңіз келсе, музейге барыңыз. Шежірелі ғасырдың шекпенін иығына асып, шау тартқан шындықтың мұңын шерткен мұралы мекеме жаныңызды бір серпілтіп тастайды. Сондай бір тағылымды нысан – Сарқан ауданының тарихи музейі. Ауылдың іргесінде орналасқан аяулы шаңыраққа арнайы ат басын бұрып, бабадан жеткен жақұт жәдігерлерді көзбен көріп қайтқан едік.

Сарқан тарихы сақтаулы тұр

Сарқан қаласына жасаған сапарымыз сәтті болды. Шағын шаһарды ортаға ал­ған ауыл-аймақтардың жағдайы жаман емес, қысқа қамданған жұрттың ты­ныс-тіршілігі таңдай қақтырады. Біз­ді алыс­тан зәулім ғимаратымен баурап ал­ған Черкас ауылы болды. Төбе үстін­де томпиып үлкен ескерткіш тұр. Ежел­гі заманмен еншілес мемориал еке­нін бір­ден аңғардық. Қателеспеппіз, бұл маң­да 1918-1919 жылдары қиян-кескі ұрыс болған екен. Кербаққан кеңес өкі­меті тұ­сында азамат соғысы тарихқа «Чер­кас қорғанысы» деген атпен енеді. Елді қор­ғаған азаматтардың құрметіне мемо­риал­дық кешен тұрғызылған.

«Нысан 1973 жылы шілде айының 12 жұлдызында ашылды. Авторы – сәулет­шілер Тимур Сүлейменов пен Алмаз Орда­баев. Кешен үш мысырлық пирамидадан тұрады. Биіктігі – 15, 12 және 9 метрді құ­райды. Пирамидалар жартылай дөңгелек болып орналасқан, ортасында мәңгілік от лаулап тұр. Естелік нышаны қоршау­да болған черкастіктердің ерлігін еске са­лады», дейді музей меңгерушісі Мұрат Кобдалиев.

Пирамидалар сұр түске боялған. Бұл бояу – жаудан қайтпас қаһармандық пен күрестің белгісі. Қырлы пирамидада қор­ғаушылардың қару-жарақ нышаны орналастырылған. Олар қиян-кескі ұрыс­тың 1 жыл 1 ай болғанын мәлімдейді. Ал ирек сызықтар бекіністер мен шептердің ұрыс орнын білдіреді. Пирамиданың ортасында бес жұлдыз орналасқан. Жұлдыздар – күресте ерлікпен қаза тапқан батырлардың жарығы. Шынында «Черкас қорғанысы» партизандардың бас қарауыл төбесі болған. Тізбек төбелердің өзі де бір ескерткіш іспетті. Алдыға қарай жүрсеңіз аталарымыз бар күш-жігерін салып қорғаған үлкен бекеттің үстінен шығасыз.

Жалпы, Сарқан ауданының тарихи музейі Черкас қорғанысының 60 жыл­­ды­ғына орай тұрғызылған екен. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1968 жыл­­ғы 1 қаңтардағы шешімімен Аза­мат со­ғы­сы жылдарында әскери кеңес орна­лас­­қан ғи­маратта ашылған. Кейін Ке­ңес өкі­меті тара­ғаннан кейін шаңырақ қарау­сыз қа­лады. Бертінде, яки 2017 жылы «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы аясында жөн­деуден өтіп, оқырманға есігін қайта ашады. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген музей заманауи сипатқа сай әрленіп, көпшілікті қуанышқа бөлейді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бір үзік сәтінен сыр тарт­қан сәулелі мекеме осылайша Сарқан ауданының тарихи музейі болып аталады.

Музей экспозициясы 3 залдан тұрады. Алғашқысы – 1917 жылға дейінгі аудан тарихы, одан кейін – Кеңес дәуіріндегі өлке тарихы, соңғысы – тәуелсіздік жылда­ры. Жалпы, аталған музейде экспозицияға қо­йылған экспонаттар тарихи оқиғаларға негізделген әрі сол заман кейіпкерлері туралы сыр шертеді.

Бірінші залда Қойлық қаласы туралы мәліметтер жазылған. XI-XII ғасырда Қар­лұқ тайпасының астанасы болған. Мұнда қазақ даласы бастан кешкен қасіретті оқи­ғалар баяндалады. Аңырақай, Орбұлақ шайқасы туралы да мазмұнды ақпарат­­тар бар. Ақ патшаның озбырлық саясаты­­на қарсы 1916 жылы көтеріліс жайында да ­деректерге жолықтық. Әрі қарай екін­ші залға өтсеңіз, Жетісу жерінде Кеңес өкі­метінің орнауы хақында айты­лады. Жеті­сулықтар­дың азамат со­ғыс жыл­да­рын­дағы жағдайы, Екінші дүние­жүзі­лік соғыс, соғыстан ке­йінгі халық шаруа­шы­лығының қалпына келу кезеңі қабыр­ғада ілулі тұр. Сарқан ­ауданынан шық­қан елге белгілі тұлғалардың өмір-дерегі қай­ран қал­дырады. Үшінші залда жер жәннаты – Жетісудың экономикалық һәм мәдени ­өмірі көңілге қуаныш ұялатады.

Біздің бір байқағанымыз, мұражай жұмысы Жетісу өңірінің өткен тарихымен таныстыруға негізделген. Келушілерге арналған тарихи жәдігерлер қойылған үш көрме залы бар. Атап айтсақ, ХХ ғасырдың басындағы Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, М.Тынышбаев­қа арналған «Сөнбес жұлдыздар нұры» тұрақты көрмесі, «Черкас қорғанысы­ның» құрылуы және қорғаныс аймағындағы со­ғыс қимылдары. Көрермендерді Жетісу облысының әкімшілік-аумақтық шекарасы көрсетілген карта, Жетісу уезі бо­йын­ша орналасқан өнеркәсіп орындары мен Жетісу мен басқа да облыс тұрғындары­ның ұлттық құрамы туралы деректер бейжай қалдырмасы анық.

1912 жылы 22 сәуірде шыққан «Правда» газеті мен «Декрет о мире», «Декрет о земле» құжаттары және «Долой» старое Леп­синское правительство! Да здравстует сво­бода!» деген жазулары бар тудың муля­­жы келушілердің қызығушылығын тудыра­ды. Ресейдің орталық губерниялары: Чер­ни­гов, Полтава, Харьковтан қоныс ауда­рып келген орыстардың ағаштан жасалған үйі­нің кескіндемесі де қызық. Олардың қыш­тан жасаған ыдыстары, ыстық шоқпен қыз­дырып киім үтіктейтін үтігі, «Зингер» іс тігін машинасы, кестелеп тігілген орамал­дар қойылған. Сонымен бірге көрме қойы­лым­дарының қатарында сол кезеңдегі құ­жаттар көшірмесі, суреттер, соғыс қару­лары мен 3, 6 дюймдік снарядтар жарық­шақтары, оқтардың гильзалары мен сарбаз­дардың әскери формалары орын алған.

«Мұнда Черкас қорғанысы тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың есімі мен жүріп өткен жолы жазылған. Бұлар сол аумалы-төкпелі заманның төлқұжаты іспетті. Залдағы тағы бір көңіл аударатын нәрсе – «Сөнбес жұлдыздар нұры» қойылымы. Черкас қорғанысы соғыс қи­­мылдарының негізгі бақылау пункті бол­ған­дықтан, осы соғыста қаза болғандар мен қа­тысушыларға арналып «Черкасск жері жүректе мәңгі сақталады» атты мемориалды кешен ашылды. Мемориалды кешен музейден, Батырлар аллеясынан және мемориалдан тұрады», дейді М.Қобдалиев.

Жалпы, музей қоры 2181 экспонаттан тұрады. 1615 негізгі қордан және 656 ғы­лыми көмекші құралдардан құрылған. Кіш­кентай ауылда орналасса да үлкен оқи­ғаны бауырына басқан қасиетті шаңырақ қат­парлы тарихымыздың бір беті. Жыл сайын аудан тұрғындары жиналып, қаза болған батырлардың рухына тағзым етіп тұрады.

 

Жетісу облысы