Экономика • 26 Қыркүйек, 2022

Ырысты молайтқан науқан

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақмолалық диқандар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, барынша жіті қимылдап, жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізуде. Бүгінге дейін барлық егістік алқаптың 85 пайызы жиналып алынды.

Ырысты молайтқан науқан

Бар ғұмырын дархан даланың төсінде, ырыздық жорығында өткеріп келе жатқан аға буын өкіл­дері биылғы көктем мен жаз егіс­тік үшін өте қолайлы бол­ды деседі. Алқап төсіне тұ­қым сіңірілгеннен кейін көк­тен иіп, мол жауын жауды. Дәл керек уақытында. Егін маса­ғы сүттеніп, дән толыса бас­тағанда да ылғал жақсы түсті. Күннің қызуы да аз болған жоқ. Та­биғат­тың жылы қабақ танытқан жомарт­тығынан Ақмола өңірі­нің едәуір бөлігінде ел ырыз­дығы молая түсті. Қазір гектар берекесі 10,8 центнерден айналу­да. Салыстыру үшін айта кете­тін болсақ, былтыр әр гектар­дан 8 центнерден өнім жиналған болатын.

Ала жаздай диқан қауымның көңілін күпті еткен жай бидай­дың бағасы болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтың айтуына қараған­да, күні кеше ғана Азық-түлік корпорациясы бидайдың бағасын жария етті. Қамырлылығы 23 пайыздық 3 класты бидайдың бір тоннасы – 121 мың теңге­ден, қамырлылығы 25 па­йыз болса – 123 мың теңгеден, қамыр­лылығы 27 пайыз болса – 125 мың теңгеден. Ал бидайдың сапасына, яки қамырлылығына келетін болсақ, облыс­та биыл бұ­рын-соңды бола қоймаған сапа­лы астық жиналуда. Өңір­дің батыс жақ беткейіндегі Жақсы, Жарқайың, Есіл тәріз­ді да­лалық аудандардағы кей­бір ша­руашылықтардың жайқа­лып өс­кен егістік алқабы­нан жинал­ған би­дайдың қамырлы­лығы 34 па­йыз­ға дейін жетіп отыр. Бұл – ал­тынға айырбастамайтын ырыс.

Сарапшылардың айтуына қара­ғанда, диқандардың көк­темгі және күзгі науқандық дала жұ­мыстарында шығарған шығы­ны биылғы бағаның деңгейімен есептегенде, гектарынан 6 центнерден өнім алғанда өзін-өзі толық ақтап шықпақ. Тұқым, дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, техника, жанар-жағармай, еңбекақы, салық тәрізді бар шығынды толық жабады. Қалғаны – таза пайда. Соның өзінде кейбір ша­руашылық басшыларының биыл белгілі бір себептерге байланысты қосалқы бөлшектердің бағасы тым қымбаттап кетті деп сары уайымға салынып жүргенін сән мәрте естідік. 

– Шағын шаруашылықтар­ға оңай емес, әрине, – дейді бас­қарма басшы­сының орынбасары, – ал ірі ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының техни­касы жаңа. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетілген мол көмек арқылы мұндай құрылымдар машина-трактор паркін жаңалап алды. Сондықтан, қосалқы бөлшектерді көп қажет етпейді. Оның үстіне 48,1 млрд теңге көлемінде субсидия түріндегі көмек көрсетілді. Азық-түлік корпорациясы тарапынан 20 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. Мемлекет ауыл шаруа­шылығы техникасына да, тұқым мен тыңайтқышқа да, қысқасы диқан қауымға қажеттінің барлығына да көмектесіп жатыр емес пе?!

Шынында да, бұрнағы жылдары өз қотырын өзі қасы­ған ауыл шаруа­шылығы құрылым­дары бірсы­дырғы күн көрді. Ал мемлекет тарапынан субсидия беріле бастағалы қаржыдан қиыншылық көріп отырған жоқ.

– Осыған тәубе деуіміз керек, соңғы жылдары еңсеміз­ді көтеріп қалсақ, ол ауыл шаруа­шы­лығына деген жанашыр­лықтың арқасы, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – біз соңғы жылы шетелдік комбайн, трак­тор алып, егістік алқабымызды кеңей­­тіп, жұмыс істеп жатырмыз. Егер мем­лекет тарапынан көмек көрсетіл­месе, мұндай нәти­жеге жете алмас едік.

Осы арада бір ғана мысал келтіре кетелік, кепілдендіріл­ген дизель оты­ны­ның әр литрі шаруа­ларға 218 тең­геден босатылды. Ал жанар-жағар май құю стансаларында әр литр 260 тең­ге­ден сатылуда. Дәл осы жерден-ақ қамқорлық көрініп тұрған жоқ па?

Жіті қимылдаған аудандар егін ора­ғын аяқтап қалуға таяу. Есіл ауданы барлық егістік алқабының – 92, Егін­дікөл ауданы – 88, Целиноград ауданы 86 пайызын жинап алды. Ашық күндері облыс диқандары тәулігіне 160 мың гектар алқап­тың егінін бастыруда. Осы қар­қын­нан танбаса, бір аптаның ішінде ел ырыздығының бір дәні ысырап болмай, халықтың игілігіне жаратылмақ.

Өңірдің элеваторлары мен астық сақтайтын қоймаларға 1 млн 400 мың тонна бидай тасымал­данды. Келер жылға 530 мың тонна тұқым қажет болса, оның 344 мыңы іріктеліп, тазаланып, құйылып алынды.

 

Ақмола облысы