Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған жастарға жағдай жасау, олардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, төмен пайызбен несие алуы сияқты міндет-ұсыныстар алдағы уақытта жүзеге асатын болса, қоғамның жастар бөлігі бірқатар жеңілдікке ие болар еді. Мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, елімізде енді жолға қойылып келе жатқан мемлекет пен кәсіпкерлік серіктестігін әрі қарай жалғастырып, құрылыс компаниялары үшін тиімді ұсыныстарды, салықтық жеңілдіктерді қарастыру мүмкіндіктерін көбейткен абзал.
Мемлекет басшысы Жолдауда жатақхана мәселесі мемлекет мойнындағы жауапкершілік ретінде қала беретінін айтты. Осы орайда жекеменшік жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау жасалатыны да орынды. Бүгінде ел жастарының алдында үлкен міндеттер тұр. Олар өз білімін әрі қарай ел келешегінің дамуына арнап, экономиканың қай саласында болсын еңбек етуді қалайды. Президенттің балаларға 18 жасқа толғанға дейін арнайы шот ашып, оның алдағы уақытта сапалы білім алуына мүмкіндік жасау туралы ұсынысы – болашаққа жасалған капитал, көптеген қолдауға мұқтаж отбасылар үшін үлкен жеңілдік.
Президент Жолдауында бес бағыт бойынша көтерген мәселенің барлығы да жұртшылықтың көкейінде шешімін таппай жүрген көптеген түйткілді жайтты іске асыруға мүмкіндік береді.
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ,
саясаттанушы, PhD
АЛМАТЫ