Суретті түсірген Қайрат Қоныспаев
Цезарь Пунидің музыкасына жазылған «Гудулла – Эсмеральданың анасы» және Родион Щедриннің өңдеуіндегі Жорж Бизенің «Кармен-сюита» балетімен шымылдығын түрген кезекті 55-маусым мерекесі классикалық өнердің бағасын білетін талғамы биік көрерменін тың өрнектен тұратын өзгеше қойылыммен қауыштырды.
Виктор Гюгоның әйгілі «Нотр-Дам соборы» романының желісі бойынша қойылған хореографиялық туынды жазушы қиялынан туған шығармадан бөлек шешімін тапқан. Гудулла образындағы Аружан Бекталиева, Эсмеральда рөліндегі Айя Мелс, Капитан Феб – Дияр Акенев, Клод Фролло – Мәди Қасымов, Квазимодо – Алажар Қарабалаев, Флер-де-Лис – Аружан Ораз, Графиня – Анна Бурлова, құрбылар – Дана Жексенбі мен Айым Сәдуақасова ойнаған жарқын бейнелер шытырман оқиғаны жылдам шиеленістіре түсті. Эсмеральда мен Флер-де-Листің образын кейіптеген Айя Мелс пен Аружан Ораз тұңғыш рет билеп тұрса да, белгіленген мақсатты дұрыс орындау үшін бар шеберлігін салды. Ал бұған дейін Эсмеральданың партиясында билеп келген театрдың жетекші бишісі Айнұр Мұқашева 55-маусымның жаңа премьерасының бірі «Кармен-сюита» спектакліндегі Карменнің рөлінен көрінді.
– Өзіме берілген әр рөлден өзімді көремін. Басты тік ұстау, мойынның иілуі, көздің қиығымен қарау, аяқты баппен басу, кербез жүріс, бала күніңнен меңгерген осы қимылдың бәрін өзіңнің кезекті партияңда түрлендіріп көрсету үлкен еңбекті қажет етеді. Мен өзімді «Карменмен» керемет үйлесімде сезінемін, себебі Кармен – менің ең алғашқы басты рөлім болатын. Менің жастығыма қарамастан Болат Ғазизұлы мен Гүлфида Шайхықызы сеніп тапсырған Карменнің рөлімен көп жұмыс істедім, көп тер төгіп жасаған осы кейіпкерімнің бейнесін керемет сүйемін. Бар білімім мен өнерімді салып, әр детальмен ұзақ әрі тыңғылықты дайындалып билегендіктен болар, бұл образ маған айрықша қымбат, қазір кейіпкерім өзіме айналып кетті.
Айнұр Карменнің партиясын көзін жұмып билей беретін тәжірибелі биші, ал оның сахнадағы басты серіктесі Еламан Тиыштықбай Хозе бейнесінің қыр-сырын енді меңгере бастаған жас, албырт, буырқанған мінез иесі. Жаңа премьерадағы Еламан үшін бұл образ да жаңа, Хозені кейіптеген бишілердің көшін жалғаған ең соңғы жас буын өкілі жауапкершілікті жақсы сезінді. Тореадор – Алан Шәкен, Рок – Әлия Қорабаева партиясының да мақсаты ауқымды. Спектакль техникалық жағынан күрделі шығарма саналады, сондықтан артистизм өте маңызды. Көрермен бишінің әр қимыл, әр қозғалысын кітаптан оқып отырғандай жақсы түсінеді. «Балет тілі бәріне түсінікті емес» деген жаңсақ пікір, көрермен Кармен мен Хозенің махаббаты жолында кездескен сәтсіздіктерге бірге қиналып, жеңіс жолындағы әрекеттерге бірге қуанды. Мұндайда би мен актерлік өнерді бір арнада тоғыстырудың өте қиын екенін сезінбеу мүмкін емес. Кармен мен Хозе құшады ма – шын құшады, кеудесінен кері итере ме – тәкаппарлығымен тамсандырады, тұншықтыра ма – тынысын тарылтып тастайды. Бәрі де шын. Сендіреді.
– Аюханов театры әр жаңа маусымын «Кармен-сюита» спектаклімен ашуды дәстүрге айналдырған. Аңызға айналған Аюханов театрының өзге театрлардан ерекшелігі неде? Біздің театрымыздың бишілері өте эмоционалды әрі артистизмге бай. Бастысы, керекті сезімді көрерменге жеткізе білу, сезіміне әсер ету. Көрермен спектакльден соң үйіне қайтқанда өзімен бірге биікке қарғыған биді, әртістің бесінші позициясын көтеріп әкете алмайды. Олар өзімен бірге сезімді, ойды, ғажайып күйді ғана алып қайта алады. Балетті де тек осы әсер үшін тамашалайды. Бір сәттік таза сезім, бірақ бүкіл ғұмырына жетерліктей бойына сіңіп қалады, – дейді Болат Аюханов театрының көркемдік жетекшісі Гүлфида Гафурова.
Ұлы композитор жазған өлмес музыкаға қойылатын хореография сол деңгейде үйлесім таба орындалмаса, бұл кемдігі спектакль өмірін баянды ете алмайды. Әлемдік балеттің алтын қорына енген «Кармен-сюита» балетінде талантты әртістердің сансыз толқыны бағын сынап көрді. Жарты ғасыр бұрын жас Аюхановтың өзі де осы қойылымда жарқырай көрінді. Рас, амплуасы сәйкес келмегендіктен Хозе партиясында билемеді, бірақ Тореадор бейнесін, кейін Рок – Ажал партиясын шабытпен билеп, елеусіздеу есімі елге танылып, балет өнеріндегі орнын мәңгілікке биік етіп бекітіп берген болатын. Аюхановтың ғана емес, жалпы балет өнерінің биігі саналатын шығармаға, міне, енді өз интерпретациясымен хореографиялық қойылым ұсынып отыр.
Б.Аюханов театрының алдында тұрған міндет көп. «Қар ханшайымы» спектаклін еліміздің ең басты сахнасы Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында желтоқсан айында ұсыну жоспарланып отыр. Келесі жылы Болат Аюханов атындағы балет әртістерінің халықаралық байқауын жариялау да алдағы ауқымды жоспардың бірі. Осы жылдың соңына дейін көрерменге «Аида-сюита» опера-балет туындысын тарту ету көзделіп отыр. Опера мен балеттің синтезінен тұратын, өзара қиюласуы қиындау қойылым өңірлерде екі-үш рет көрсетілген-ді. Алматылықтармен қауышып үлгермеген бұл спектакль де театрдың ірі жетістігі. Тақырыптық туынды болғандықтан «Аида-сюита», әсіресе мерекесі көп маусым айында өтімді келеді екен. Мұның бәрі пандемия кезінде дайындалған жаңа қойылымдар болғандықтан, тұтас көрерменнің тамашалап үлгермегенін ескере отырып, балет труппасы бүгінде жанкешті дайындығын жандандыру үстінде.
Әйтсе де, балеттен эстетикалық ләззат алып, лықсып төгілген сезім жетегінде сахнадан би емес, бақыт көргендей, шалқып-шабыттанып шықпадық. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының драма өнеріне арналып жасалған қаракөлеңке сахнасының төбесінен сығырайып жанған жалғыз жарығының түбінде жан алып, жан беріп билеп жатқан әртістерге қарап отырып: «балет өзі қандай бекзат өнер болса, оны билейтін сахна да сондай сұлу, салтанатты, кең болуы керек екен-ау» деген ой арагідік ұшқындаған әлсіз әсерді басып тастап отырды. Адамға асқақ сезім сыйлайтын сұлу өнердің сүмірейген кейпін көргенше, көрмегеніміз дұрыс па еді? Әртістердің қызылды-жасылды әдемі костюмі, мәнерлі би, биден шашыраған шуақ, қысқасы, көрерменге жетуге тиіс рухты өнер сығырайған шамның көлеңкесіне жұтылып, жоқ болып жатты. 1967 жылы «Алматының жас балеті» деген атаумен Аюханов өз қолымен құрған театр «Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театры» деген атты арқалаған 55 жылда, ұлттық балет өнерін өрістетуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жарты ғасырда барлық жасау-жабдығы келіскен жарқыраған өз сахнасына қол жеткізе алмағаны кімнің кінәсінен? Балет – мәңгі жас өнер, жас буын бишілерді тәрбиелеп, жас өнерді дамыту үшін жасы 85-ке келген Аюхановтың бірде Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының, бірде Ғ.Мүсірепов театрының, енді бірде Жамбыл атындағы филармонияның сахнасын жалға алып, әр мекеменің босағасын жағалап жүргені жараса ма?
1988 жылы «Өнер» баспасынан Болат Аюхановтың «Мой балет» атты кітабы жарық көрген екен. Осы кітабында жоғары кәсіби ұжым құрып, қазақ топырағында балет өнерін өндіремін деп толағай мұрат арқалаған әрі көркемдік жетекші, әрі балетмейстер, педагог өз арманын былай айшықтайды: «Мен барлық жетістігіміз бен сәттілігіміздің негізінде «Қазақ ССР-нің Кіші балет театрын» ашуды армандаймын. Ол өз ғимараты бар балет труппасы болуға тиіс. Ансамбль құрылған күннен бастап жұмыс істейтін және өздері де тамаша педагог, тәлімгер, би шеберлері болып қалыптасқандар өз саламыз бойынша балет әртістерін оқыту мақсатында ашатын студияда мамандарды сәтті дайындап шығаруға әзір. Оқытып жүріп, біз өзіміз тәрбиелеген түлектеріміздің өнерін біртіндеп репертуарға енгізе бастаған болар едік. Олар алғашқы күннен бастап біздің жұмысымызды көріп, біздің талабымызды, шығармашылық қағидаларымызды білер еді. Театр 400 орынға есептелген көрермен залы бар, дайындық жүргізуге қолайлы, озық үлгіде жабдықталған сахнасы бар, сыртқы архитектуралық көрінісі жағынан заманауи болуға тиіс. Екі балет залы болса, күнұзақ талай жұмысты атқаруға мүмкіндік берер еді. Әртіс өмірінің едәуір бөлігі репетиция залында өтетінін ескере отырып, оларға мүмкіндігінше барлық жағдайдың жасалғанын жөн көремін: демалыс бөлмелері, өнер адамдарымен қызықты кездесу өткізетін дәрісхана, көрермендермен конференция ұйымдастыратын арнаулы орын қарастырылғаны дұрыс. Әйтпесе жұмыс уақытында біз өз терімізге шомылып, екі аяқтың үстінде тұмауратып жүре береміз. Мұндайда шағын хауызы бар фин моншасы болса да артық емес. Әртістің шығармашылық жасының ұзын болуы оның өмірінің салауатты ұйымдастырылуына тікелей байланысты, осы қажетті жағдай біздің жұмысымызды нәтижелі жасайды деп ойлаймын. Заманауи жарық техникасымен, залға моно және стереодыбысталатын дыбысты дұрыс жеткізетін радиоаппаратурамен жабдықталған мұндай театрда біз өзіміздің ең үздік қойылымдарымызды насихаттайтын боламыз». Кітапта балетті өмірінің мәніне айналдырған Болат Аюхановтың мұнан басқа да арманы тізбектеле тарқатылады. Әрине, «армандар орындалады», тоқсаныншы жылдары елдегі мүлік-мүкәммал түгел талан-таражға түсіп жатқанда, Болат Ғазизұлының типті балабақшаны театрға айналдыруға ғана шамасы жетті. Әр тиыны саналатын нарық кезеңінің өлшемімен қарауға үйренген қоғамда: «кеңестің кең заманында адам арманының ұшы қиыры жоқ еді ғой» деп балетмейстердің үлкен мұратына немкетті үкім кесе салуға да болар еді. Бірақ жұп-жұқа жауырынын ұлттық мәдениеттің ауыр жүгін көтерісуге төсеп, «Жасасын Қазақстан» тақырыбындағы концерттер мен кештерде алдыңғы сапта жүретін Болат Аюханов би театрының әртістері үшін дербес сахнаның қажет екені кешегі маусымашар концертте анық көрінді.
АЛМАТЫ