Мамырдың 22-де Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы болып, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысты.
ШЫҰ-ның қазіргі төрағасы Өзбекстанның бас қаласы Ташкенттегі отырыста өзекті деген аймақтық және жаһандық проблемалар талқыға салынды. Олардың қатарында лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан трансұлттық қылмыстарға қарсы бірлесіп әрекет етуде өзара іс-қимылдарды кеңейту ниеті қуатталып, Ауғанстандағы тұрақсыздық пен Қырғызстанның ахуалы сынды қадау-қадау мәселелер алға шықты.
Егер байыбына жете үңілсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразия құрлығының басым бөлігін алып жатқан, халқының саны жағынан да әлем бойынша алға шығатын, байтақ кеңістікті қамтыған елдердің басын біріктіретін үлкен ұйым болып табылады. Сондықтан да мұнда көтерілген мәселелерді тек аймақтық тұрғыдан қарастырудың өзі шеңберді тарылтатыны мәлім. Әйткенмен, мұхиттың арғы жағындағы елдерден гөрі, аймақта жақын жатқан жұрттардың бір-бірінің тынысын сезінуі, соған бейімделе әбжіл қимыл танытуының маңызында шек жоқ. Міне, осы қарекет қапталдас жатқан ел – Қырғызстанда саяси тұрақсыздық орын алғанда көрінген.
Отырыста Қырғыз Республикасының ШЫҰ-дағы ұлттық үйлестірушісі Талант Мәкеев елдегі экономикалық жағдайды түзеудің сырттың көмегінсіз алға жылжуы мүлдем мүмкін еместігін назарға салып, оған ұйымға мүше елдер тарапынан қаржылық көмек сұраған. Тіпті қажетті соманың көлемі де айтылған. Ол 250 млн. АҚШ доллары мөлшерінде. Алқалы жиында кеңескен әріптестер Қырғызстандағы жағдай бойынша қақтығыстардың алдын алу мен олардың түйінін шешуде тиімді халықаралық тетіктердің қажеттілігіне тоқтады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қырғызстандағы істің жағдайына алаңдаушылық білдіре келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз жауапкершілігінің аясында осындай жағдайларды реттеу үшін саяси-дипломатиялық тетіктерді белсендірек қолдануы керек екенін атап көрсетті және бұл орайда ШЫҰ-ның басқа халықаралық құрылымдармен тығызырақ қарым-қатынас жасауы керектігіне мән берді. ШЫҰ өзіне мүше елдердің Бішкекке бірлескен гуманитарлық көмегін ұйымдастыруға бастамашы бола алады. Көмектің тек екіжақты негізде көрсетілуіне орай, оның жасалу тетіктері мен заңдылық негіздемелері бойынша консультация өткізу үшін төтенше жағдайлар министрліктері сарапшыларының кездесуін өткізуді ұсынамыз, – деді Қанат Саудабаев. Және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен бауырлас қырғыз еліндегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере келіп, екі елдің мемлекеттік шекарасында қойылған шектеудің алынып тасталғанын жеткізді. Ал ұйымға жаңа мүшелер қабылдау қажеттігі туғанда, жекелеген елдердің екіжақты проблемалары Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясындағы өзара іс-қимылдарға ешқандай әсер етпеуі керектігі мәселесін нақты шешіп алудың маңызына да тоқталып өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті бір-бірімен бәсеке құрылымдар деп қарастырудың реті жоқ. Екі ұйым бірін-бірі толықтырады. Сондықтан да оған қатысушы барлық мемлекеттердің ортақ мүддесі үшін ШЫҰ АӨСШК форумының алаңын белсендірек пайдаланғаны бәрімізге де қолайлы болар еді. Сондай-ақ ШЫҰ, аймақтық және халықаралық құрылымның маңызды факторы ретінде, көпжақты бірлестіктің серіктестік желісіндегі өз рөлін арттыруы қажет. Бұған қоса 1,5 млрд. халқы бар 57 мемлекет құрамына енген Ислам Конференциясы Ұйымымен ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де біздің сыртқы саясат ведомствосы басшысының айтқанын да қаперге сала кеткен жөн. Біздің еліміз деді осы орайда Қанат Бекмырзаұлы, Ташкент саммитінен кейін ЕҚЫҰ мен ШЫҰ-ның екеуіне де төрағалық қызметін атқарады. Сол себептен ШЫҰ-ның мақсат-міндеттерін кеңінен мәлім ету мүмкіндігі туады.
Соңынан, яғни кеңес мәжілісінің қорытындысы бойынша таратылған ақпараттық хабарламада министрлердің ұйымға жаңа мүшелерді қабылдаудың реті туралы ереженің жобасын мақұлдағаны айтылды. Ол маусымның 10-11-інде Ташкентте өтетін ШЫҰ елдері Мемлекет басшылары кеңесінің мәжілісінде бекітіледі деп күтілуде және бұл құжат ұйымның көкжиегін кеңейтуге жол ашпақ.
Кездесуден кейін өткен брифингте Өзбекстан Сыртқы істер министрі Владимир Норов Ташкенттегі ШЫҰ саммитінде бұл құжаттың бекітілуі ШЫҰ хартиясының қағидаларын ұстануды міндеттеріне алатын өзге мемлекеттердің қатарға қосылуының есебінен ұйымның құрамын кеңейту үшін нормативтік-құқықтық база жасау үдерісіне бастама болатынын атап көрсетті. Сондай ақ, Владимир Норов Ауғанстандағы күрделі жағдайға алаңдаушылық білдірілгенін жеткізіп, осыған байланысты ШЫҰ-ға мүше елдер ауған проблемасын тек әскери жолмен шешу мүмкін емес деп санайтынын және келіссөз үдерісі ауғандықтардың қатысуымен бейбіт және тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуға негізделген Ауғанстанның мүддесін негізге ала отырып БҰҰ аясында жүргізілуі дұрыс болатынын білдірді. ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың ұйымға мүше әрбір елдің, оның ішінде Қырғыз Республикасының да қауіпсіздігімен және тұрақтылығымен байланысты екенін атап көрсеткен Сыртқы істер министрі ШЫҰ бойынша серіктестер тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық қағидаларын ұстана отырып, республикаға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге әзір екендігін көлденең тартты.
Қанат Бекмырзаұлы өз сөзінде бірнеше күн ғана бұрын Ауғанстанда болғанын, ондағылардың да мәселені әскери жолмен, қолға қару алып шешу мүмкін емес деген түйінге ойысатынын алға тартып, ауған жерінде тұрақтылық тетіктерін ендіруге бастайды деген бірқатар ойларымен бөлісті. ШЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты мәселемен айналысуда жүйеліліктің кемшін түскендігін алға тарқан ол “ШЫҰ–Ауғанстан” түйісу тобы жұмысының тоқтап тұрғанын айтты. Сол себептен “ШЫҰ–Ауғанстан” түйісу тобының жұмысын жандандыру, Ауғанстан мәселесі бойынша Мәскеуде өткен халықаралық конференцияда қабылданған құжаттардың нақты орындалуын жүзеге асыру және тағы басқа бірқатар жұмыстарды қолға алудың маңызды екенін атады.
Мәжіліс барысында ШЫҰ елдері министрлері Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін үйлестірудегі БҰҰ-ның жетекшілік рөлін қуаттады.
Отырыс аяқталған соң Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшыларын қабылдады. Бас қосу барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өз әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.