Экономика • 28 Қыркүйек, 2022

Кәсіпкері көбейген елдің ырысы еселі

224 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы бұқараның 40 пайызы кәсіпкерліктен нәпақасын айырады. Соған сәйкес өңірде өндірілген өнімнің 40 пайызы – осы кәсіпкерлер­дің еншісінде. Қатары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы іске қосылғалы кәсіпке бет бұрғандар қатары одан сайын толыға түсіпті. Жыл басынан бері 166 шағын және орта бизнес ісін бастаған.

Кәсіпкері көбейген елдің ырысы еселі

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Негізі, ұлттық жоба 2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерліктің кең тыныс алып, қанат жаюына тікелей қозғаушы күш болуға тиіс. Жоба аясында бинесмендердің белсенділігін арттырып, кәсіпкерліктің өсуін жеделтету көзделгені мәлім. Бұған қоса елге нәсіп бұйыртар үр жаңа кәсіпті анықтап, бәсекелестікті барынша дамыта түсу – мақсат. Жобаның діттегені – бизнеске қолдау және жан-жақты дамуына ықпал ету. Осы орайда Қарағанды облысында ұлттық жоба аясында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға биыл 14 млрд теңге бөлінген екен. Өткен 8 айда 864 жаңа жоба қаржыландырылса, олардың жалпы құны – 21,1 млрд теңге. Ал бұл жоспарланғаннан 4 есе артық дейді құзырлы орындар. 8 айда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 9,5 пайызға өскен. Жалпы, кәсіпкерлер 85,8 мыңға жеткен.

166 жаңа нысан жұмысын бастады. Мұның ішінде 450 жаңа жоба субсидия­ланды. Оның несие көлемі – 16, 7 млрд теңге көлемінде. 414 жобаға кепілдік берілді. Кепілдік берілген жобалардың жалпы құны – 4,4 млрд теңге. Сонымен қатар 2021 жылдан ауысқан 2 мың жобаны субсидиялау жалғасуда», дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов.

Оның айтуынша, кепілдік беруде және субсидиялауда облыстың бар өңірі қамтылған. Қалыс қалғаны жоқ. Жыл соңына дейін 3 мыңнан аса жобаға кепілдік және субсидия беру – жоспарда.

Кеншілер аймағында кәсіпкерліктің жаңа нысандары да көптеп ашылуда. Айталық, 8 айда шағын және орта бизнестің 166 нысаны жұмысын бастаған. Мұнда құйылған инвестиция да қомақты – 15,9 млрд теңге. Нәтижесінде, 850 қарағандылыққа нәпақа табу мүмкіндігі бұйырды.

Аймақта кәсіпкерліктің тың көздерін тауып, жаңа бастамаларды қалып­тас­тыруда туризмнің өркендеуіне бағыт­талған бірқатар шара қолға алынып отыр. Онда ішкі және сырттан келетін туристердің санын арттырудың жай-жапсары әбден ежіктелген. Бұл орайда мұнда салынатын инвестицияны да ұлғайту міндеті белгіленді.

«Бірінші жарты жылда 118 мың туристке қызмет көрсетілді. Бұл – өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 15 пайызға артық. Сырттан келген туристер саны – 4 мың шамасында. Былтырғыдан 128,2 пайыз көп. Туризмге инвестиция құюдың да ма­ңызы зор. Құйылған инвестиция –4,6 млрд теңге», деді Н.Әлімжанов.

Сонымен қатар биыл тұңғыш рет республикалық бюджеттен туризм саласын ынталандыру үшін 5,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат кәсіпкерлердің санитарлық-гигиеналық шығындарының жартысын субсидиялауға жұмсала­ды. Бүгінде Осакаров және Бұқар жырау аудандарының екі нысанын қаржыландыру басталды.

Кәсіпкерлік саласының 8 айдағы өнімі аймақтағы өндірілген өнім үлесінің 32,2 пайызын құрайды екен. Яғни аймақтың бизнесмендері 439,8 млрд теңгенің өнімін шығарған. Шағын және орта бизнесте нәпақасын тауып жүргендердің үлесі 6,9 пайызға артып, 247 мың адамға жеткен. Бұл – облыстағы жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызы.

Кәсіпкерлікті дамытудағы ұлттық жобаның бір міндеті – нәтижелі жұмыс­пен қамту. Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламаларды үйлестіру басқар­масы­ның басшысы Әсем Жүнісбекова ұлттық жоба аясында биыл 31 мың адамды қамту көзделгенін жеткізді. 8 айда 22 мың адам жұмысқа орналастырылған. Мұнда 20 мыңға жуық адам жұмысқа тұрды.

«Былтырдан бастап жұмыс берушінің өтініші бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүзеге асуда. Мұндай оқудан өткендер 100 пайыз жұмысқа орналасады. Кәсіби жұмысшы мамандығына 570 адам жолдама алды. Бүгінде 168 адам оқуын аяқтап, оның 54 пайызы жұмысқа тұрды. Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жас­тар «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатысады. Өту мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды және жалақы 91 890 теңгені құрайды. Жобаға 201 адам қатысты. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бар. «Күміс жас» жобасы зейнеткерлік­ке шығуға аз уақыт қалған адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Бұл арқылы 129 адам жұмысқа орналас­ты», – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ биыл 510 грант беру жос­парда. Оның 270 гранты – жастарға, қалған 240-ы қоғамның әлжуаз топ өкілдеріне тапсырылады. Бүгінде 133 грант иесін тауып үлгерді. Жыл соңына дейін 377 грант берілмек. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курстары да сұранысқа ие.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша ай­мақтық филиал басшысы Әсет Тіле­місов банктермен келіссөздер жүргізіліп, мәселе талқыланып, бағдарлама іске қосылуға дайын екенін мәлімдеді.

«Шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында банктермен, қордың бас кеңсесімен келіссөз­дер жүргізілді. Онда 5 пайыз көле­міндегі түпкілікті ставка және бағдарлама­ның іске қосылуы туралы жан-жақты талқы­ланды. Белгіленген уақытта бағдарлама іске қосылады», деді Ә.Тілемісов.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіп­керлікті дамытудың ұлттық жобасында көрініс тапқан барлық жоспардың орындалуы керектігін құзырлы мекеме басшыларының есіне тағы бір салды.

«Кәсіпкерлікті дамытудың ұлт жобасындағы барлық жоспарланған шаралар іске асуға тиіс. Барша аудан-қала әкі­м­дері, кәсіпкерлік басқармасы оның жүзе­ге асуына мүдделі болуы керек», деді Ж.Қасымбек.

 

Қарағанды облысы