- Эпостық тегеурін
Дүкенбай Досжан – қазақ халқының елдік бітім-болмысын, салт-дәстүрін, ұлтқа тән дара ерекшелігін артқыға мирас еткен таңдаулы жазушы. Өткен өмір айнасы уақытпен өзгеріп, жер бетінде әр буын өз кезегімен алмасқан сайын қайталанбас этнографиялық кесек қазынаға айнала бермек. Жазушының қос үздік әңгімесі – «Қымыз» және «Көкпар» бұған айғақ. Ескіше айтса, «Уықты басқұр ұстайды, ұлтты дәстүр ұстайды». Дәстүрге берік дана халықтар жарық дүние тұрғанша тұрады, азып-тозбайды.
Қымыз – көшпелі аталы жұрт, ару елдің ұлттық сусыны. Ертеде түркілер күн күркіреуін «Көк айғыр кісінеді» деп мифтік санамен қабылдаған. Жүзім бақтары төгілген елдер шарап ішеді, мал өсірген қазақ, қырғыз, саха, башқұрт қымыз ішеді. Көшпелі нәсілде жылқы культі айнымайды: «Шалғынға жонын көмілтіп, / Құлынды қазақ байлауы» (Дулат Бабатайұлы), «Сабадан қымыз құйдырып», «Бай байғұсым десін деп, / Шақырып қымыз берсін деп» (Абай), «Қымыз иісті жібек жел» (Сәкен Сейфуллин). Генетикалық код кең даладан басталған: «Қырдың құла құланын/ Қымыз үшін байлады». (Абзал Бөкен). Қасымхан Бегманов Баян Өлгейде қазақ әлі күнге көшіп-қонып жүретін өмір салтына қызығудан жазған: «Қымызын ішкем үш рет, / еске алсам әлі шөлдеймін».
Поэзияда қымыз сарқылмайды, проза жанрында мәртебелі қымыздан лирикалық кейіпкер жасау Дүкенбай Досжанның үлесіне тиген. Ардақ тұтқан азаматқа бір торсық қымыз апара жатқанда Ақтәте Далабайға: «Шолпан туа қымызға қаздың бір түйір сүр майын жұтқыздым» деуі соның бұлтартпас нышаны. Автор жансыз торсық пен сұйыққа жан бітірген тәрізді болғаны неліктен? Мұнысы сүйген жүректің бұлқынысы, адами махаббаттың бұла күшін кейіптеуден туған әсірелеу.
Космос және эпос. Құс жолынан таралған табиғи тербелістен эпос туатын тәрізденеді. Ілияс Жансүгіровтің эпикалық жыраулық энергетикасы жойқын, өлмес тірі сөзге құйылған құдіретті жыр нөсері – экспрессивті табиғат лирикасында ғаламат сөз қорының қисапсыз қазынасынан әрі ертеден салса кешке озған, ылдиға салса төске озған үдемелі, жер мен көкті ораған жанды суреттеуден бас айналады. Самұрық құс Ер Төстікті арқасына отырғызып көк жүзінде ұшқандай. Талантты Құдай құлай берсе ақындық қуат теңдессіз асқақ болар ма! Ұлы ақын кіндігінен байланған туған өлкесі Жетісудың суын, тау-тасын, аң-құсын, өсімдіктерін көзге көрсеткендей қылып сөзбен бейнелеуінде қылдай жасандылық, тозаңдай мін жоқ. Ежелгі бақсының сарнауындай бейсаналы жыр толассыз атқылайды. Салтатты саятшы Ілияс, тауда қозы баққан бала ақын кезінен көзі көрген, жаны сүйген жаратылыс көріністерін қалт жібермей, мәжнүн жүрекпен ғарыштық ырғаққа бағынып, көркемдікке табынып, қымызға қатысты деректерді талмай жырлайды: «Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,/«Бәйгіге» қосад өзін таң асырып», «...Мың жылқы мыжырая жантайысқан», «...Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік, / Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен», «...Құзары Құдырғының құлдыр шұнақ, / Өрікті ол боз биедей желіндеген» («Тау суреті»); «...Үстіңнен аю тасты сылдырлатса, / Самайдан ішкен қымыз шығар шып-шып». («Жетісу жәндігі»); «...Биікте бітед шөптен сарыкүйік, / Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп. / Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп, / Албандар қоныстайды құстай биік», «...Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп», «...Қымыздық, қыз саумалдық дейтіндерге, / Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ» («Жер түгі»).
- Ақтық дәм
Дүкенбай Досжан қымызды ұшқыр жырдан алып, қалтарысы көп қара сөзге салды. «Қымыз» атты эпикалық әңгіменің түп сарыны аңыздағы махаббат жырынан еш кемдігі жоқ. Қазақ – санасы айқын халық. Жалған дүние, тумақ бар да, өлмек бар деуі соның дәлелі.
Әңгіме бірінші жақтан берілген. Далабай жаман ауру жабысқан ағасының тілегін орындап, аңыздағы әбілхаят сусынын іздеген жанша жайлауға салт аттанды. Полигон ауасын, суын, топырағын 40 жыл улаған біздің жақта ас батпайтын обыр ауруын қылтамақ деп атайды. «Көзіне көзім түсіп кетіп еді, шын қуандым, жаны нұрға толып жайнап жатыр екен. «Беті бері қараған, білем» деп ішімнен лүпілдей қуандым». Адам ажал алдында өңі ажарланып кетеді деген сөз бар. Автор физиологиялық процесс және психологиялық детальді дөп басқан. «Құланшының басында отырған Ақтәтеңнің қолынан бір торсық қымыз әкелші», дейді үзілуге таяу жатқан ағасы. Қымыз қат емес, дертті кісі базардан әкелген сатулы қымызды ішкісі жоқ. Далабай бір торсық қымыз үшін түнімен жол жүрді. Астындағы Ақтанкер сүрінбейді, үйреншікті жолы. «Алыстан нөсер гүрілі естілді, жарқылдатып шақпақ жағып, жонның үстімен келеді». Жазушы найзағайдың жарқылын мифтік-эпостық алтын тұяқты Шалқұйрық, Тайбурыл, сегіз аяқты Слейпнир, қанатты Пегас тәрізді қас тұлпарлардың шабысындай суреттесе, эпостан дарыған кесектік. Көктен құятын нөсер, жерде аққан су, кілең табиғат көрінісін бейнелеуі жанды: «...басын тасқа ұрып ағатын Құланшы өзені», бұлт күрк-күрк жөтелді. «Мен сол өзеннің жағасындағы ескі қыстауда туыппын». Дүкенбай Досжан өз кейіпкерін неліктен Далабай деп атағаны түсінікті болды. Әрі қарай бұл болжам айқындала түседі. Ақтәтесі оны туған қайнысындай қабылдап, оқымыстым деп елжірей атайды, оның қазымыр шалы Жарбима қазитшы деп сөзбен шымшып алады.
Тау арасының бедерін автор қара адыр, асу, жон, қия, шүңейт, жазық деп айқын белгілейді. Әңгімеде көкпар тақырыбы фрагмент болып түскен. (Жазушының «Көкпар» атты күрделі әңгімесі жеке талдауға бек лайық). Далабай ержүрек ағасының таласушылардан серкені тартып алғанын шүңейтте еске алады. Намысқой ағасы ат басын шүңейтке бұрғанда айнала андыздаған салтаттылар оны мойны үзіліп өледі деп қарадай шошиды. Тік қиядан жүйрікпен құйғытып түсу қатерлі, ақкөз ерлікпен тең. «Есіл аға сорғалаған бүркіттей етекке бір-ақ жеткен»; «Сол жолы Ақтәтенің отауына көкпар салыпты». Сүйіспеншілік нысанына байланысты бірен-саран сараң дерек астарлы баянға тұнып тұр. Бірақ әңгіменің энергетикасын беруге сол жеткілікті. Әйел махаббаты үшін ер жігіт қатерден аянып қалмағаны аңғарылады.
Әңгімедегі жанама тақырып соғыс басқа салған қилы тағдырлар. Соғысқа аттанарда табысқан бозбала мен одан жасы әлдеқайда үлкен көрікті келіншектің сезім құпиясы. Сол қимастық сезім араға ұзақ жылдар түссе де үзілмеген. Далабайдың ағасы соғыстан оралған соң жас қызға үйленіп, жарымен жарастықты өмір сүрсе де қайтыс боларында жүрегі сол қимасына бұрылды. Әу баста некелі әйелді қайдан алсын. Шын ғашықтар қосылмайды деген әулие сөз көне дүниеден бері жер бетін талмай кезіп жүр. Ер адам өлерінде өзі сүйген, өзін шын сүйген кәртең әйел баптаған бір жұтым қымызға шөліркейді. Оны жұрт басқарма, ферма бастығы десе, бір торсық қымыз үшін таудағы жылқышы ауылға түн қатып барған Далабай туған ағасының сүйіктісін Ақтәтем деп меншіктей атайды. Автор екеуінің есімін атап айтпайды. Ақтәте лақап есім, тегі. Қазақ ғұрпында ежелден бар құбылыс. «Салты бар бір адамға екі ат тақпақ» (Шәкәрім).
Көптің көзі көреген, жұрт бұрын қанды қырғын соғысқа, ажал аузына аттанып бара жатқан бозбалаға ересек келіншек бойтұмар берген деседі. Далабайдың білері сол ғана. Шамасы, жігіттен 10-13 жас үлкен әйел. Махаббат жасқа қарамайды. Бұл мезет, жас алшақтығы, дәлірегі, әйелдің үлкендігі оқиғаның драмалық қуатын зорайта түседі.
Далабай таудағы ауылға таң ағара жетті. Ағасы шын сүйген егделеу әйелдің қыңыр қисық сөйлейтін, кісі жақтырмайтын, пайдакүнем, жарбиған жаман шалы бар. Әлгінің Далабайды көрген бетте сүйек кемірген итті қарадай қарғап-сілеуі өз әйелін алыстағы ғашығынан қызғанған түрі.
Далабай үзілгелі жатқан ағасы қымызын сұраған, сымбатын жоғалтпаған ақ жаулықты сұлу әйелдің алпысқа тақаған жасын көріп, әлі көркем жан екеніне көңілі толды. Қаскүнем нашар шалы Ақтанкерді сауын биелерді қайырып келуге мініп алғанын көрген әйелі оны ұрсып түсіргенінен-ақ бұл шаңырақта кім қожа, кім би екені аян. Шалдың аттан түскен сәті оның сүйкімсіз ұсқынын таныта түседі. Соғысқа дейінгі, одан кейінгі уақыттың ащы шындығы, небір ару өз теңіне емес, жасы үлкен кәріге немесе ақын Сара қорланып жылайтын Жиенқұл тәрізді күйкі біреуге амалсыздың күнінен барған жазмыш. Жазушы нашар күйеуді Жарбима деп кемсіте атайды. Оның бар өнері бие сауу. Колхоз кезеңі, аспаз арбамен келіп шөпшілерге қымыз тиеп әкетеді.
Дүкенбай Досжан көзі көрген жерлестерін көркем әңгімеге эпизод ретінде салған. Дүниеден небір текті өтеді, мұны автор жақсылардың кемуі деп мұңая атайды. Аруақ сыйлау ежелден қазақ дәстүрі. Өндіріс технологиясы болмаған кешегі көшпелі қазақ қоғамы үшін ұсталықтың орны бөлек. Ақтәтенің үйіндегі қос қабатты биік сөрені Ақеділ ұста өрік ағашының өзегімен өрнектепті. Қос сабаны Түркістан ұсталары жасаған. Автор саба мен торсық жасау процесін аттап өтпейді. Қайың күбі, екпе қауақ, піспек, мес көшіп-қонып жүргенде қымыз құятын этноыдыстар. «Ақтәтенің қолында Нартай қымыз ішкен көзе бар деуші еді». Сал-сері, ақын, әншілер әдемілікке құштар, Ақтәтенің жасында айтулы сұлу болғаны осы детальдан көрінеді. Тобылғымен ысталған сабаның тері дәмін кетіріп, тобылғы дәмін қалдыру үшін сабаны саумалмен шая береді екен. «Торсықтың қымызы екі-үш аптаға дейін дәмін сақтайды».
Әңгімеде қымыз – тектілік символы. Қымыз Есіл ағаның жарық дүниемен қоштасу мезетін бейнелейді. Қымыз баптаудың былайғы жұртқа жұмбақ қат-қабат технологиясы энциклопедиялық біліктілікпен берілсе де әңгіменің түпкі астары екінің біріне бұйырмас ұлы махаббат баяны. Бас қаһарман – Ақтәте, Далабай мен оның ажал төсегінде жатқан ағасы емес. Ақтәте образы арқылы қазақ әйелінің ер азаматты қастер тұтқан, елдіктің ұйытқысы ұлттық құндылықты сақтаушы тектілік қасиеті терең бейнеленген. Дала академигі Жағда Бабалықұлы қазаққа біткен атақ-абырой, бақ-дәулет, сән-салтанаттың негізін салушы қыздар, қара шаңырағы мен тас ошағының иесі – қыздар, тілін, ділін, ұлттық рухын, ұлттық ой-арманын сақтаушы қыздар дейді. (Қасымхан Бегманов. «Этнографпен әңгіме», 225 бет).
Жылқышы ауылдың ескі тұрмысқа бейімделген келбеті бар. Ағасына деген асқан құрметін Ақтәтесі оның інісі жас Далабайға көрсетуі қазақ дәстүрін айшықтайды. Әбдіреден небір дәмді асты алып шықты, қадірлі мейманға арнап сыбаға сақтап қойыпты. Қымыздың қасиеті айдың әр кезеңіне байланысты екен. «Айдың жаңасында жайылған биенің қымызы қулық, емдік қасиеті аз, сусын ғана. Айдың ортасында жайылған биенің қымызы дәрі. Жылқы айдың жарығымен жайылып таңдаған шөбін теріп жейді, әсіресе ай сәулесімен ашылатын шашыратқы, өңіл деген шөптердің гүлі неткен қасиетті десеңші! Айдың аяғында жайылған биенің қымызы арақ қана деп атам айтып отырушы еді». Ақтәтесі айтқан деректе шөп сыры, ғарыш сыры, күн жады, жылқы баққан қазақтың малсақтығы, дара танымы қат-қабат берілген. Ақтәтесі бұрын кісінің қолын тигізбес алтын жалатқан зеренмен Далабайға қымыз құйып бергені уақыттың бұйрығы тәрізді. Егделікте енді дүниеге мастық жоқ. Уақыт әрнені көнертеді.
Ақтәте сүйіктісіне бір торсық қымыз алу үшін кәрі тіс биелерден аттап өтіп, жас биелерді теріп сауды, «...жан тері шығып жүріп, көп бейнетке батып жүріп түске дейін қос шелектей сүтті әрең сауды. Ағама бола өстіп жүргенін сездім»; «Неге биенің басын ұстатып саудырмадыңыз?» «Қарғам-ай, онда бие дірдектеп қорқып тұрады да сүттің маңызы тамырда қалып қояды. Жақсы қымызға биенің өз еркімен иіп берген сүті бап келеді». Осы диалогтан қазақтың ұлттық дүниетанымы, налыса туысынан безіп көшіп кететін бабалар азаттықты неліктен өлердей сүйгенінің сыры ашылады.
Ақтәте қымызды қандай ыждаһаттылықпен даярлауын Далабай сүйіне бақылайды. Әйел онсыз да таза шелекті ысқылап жуып, күнге кептіріп, торсықтың мүйізінде қалған сарқыншағы ашытқы болып, одан қымыз құйылған торсықты сызға салып, үстін текеметпен жауып батпағанын өз көзімен көрді. Таң асырып торсықты керегеге ілгенін, шала ұйқы болғанын білді. Бір торсық қымыз мәртебелі патшаға арналғандай болды. Дүкенбай ағаның суреттеуінде бие сауу, қымыз ашыту сәті Ахмет Жұбановтың ұлттық оркестрді құрғаны тәрізді әр детальға мұқият нақыш салған зергерлікпен берілген. Ақтәтенің қымыз туралы білмейтіні жоқ. Бұл – ұлттық зерде. Ақын-жазушылар – сөз қорын сақтаушы қуат көзі. «Ана тілім, /Сен – шұбатымсың / Шудалы інген исінген. / Сен – қуатымсың / Көңіліме күй сіңген. / Ана тілім, / Сен – қымызымсың /Шабыт беріп шалқытқан. / Сен – жұлдызымсың / Қиялымды қалқытқан» (Сейфолла Оспан).
Жазушы екі адамның асқан сүйіспеншілік жұмбағын қымыз дайындау процесі арқылы беруді мұрат көргені айдан анық. Тіке айту жоққа тән. Шын махаббат бір торсық қымызға аманат. Асығының көңілін сұрап баруға ұшарға қанаты болмай отырған Ақтәте Далабайға ере жүрді. Жолай қоржындағы торсықтың аузын ашып, қымызға ауа жұтқызуы, бір түйір май салдым демей, май жұтқыздым деуі, мұның бәрі жазушыға шабыт берген ұлттық идеяның күштілігін танытады. Шетелдік оқырман үшін бастан аяқ керемет экзотика. Ақтық дәм асыл ағаның таңдайына бұйырмауы әңгіменің лирикалық толқынын күшейте түскен. «Ақтәтем еңіреп тұрып торсық толы қымызды ағамның топырағына төкті». Жарты күншілік жерден үкілеп әкелген қымызды көр жұтса да жүректе сыз қалмайды, себебі шынайы махаббат жаны таза адамдарға бұйыратын бақыт.
Қазір қоғамда негатив, қара түс көп. Қазақ ақ ішпеген соң өкпесі қарая бастады ма екен. Абайлық ғалым Төлеуғазы Сейсенұлының «Қымыздан асқан дәм бар ма?!» атты ғылыми-көпшілік кітабында қымызға байланысты мол дерек қамтылған. Ол генін өзгерткен құнарсыз тағамдар молайған заманда ата сусын қымызға оралу ұлтты аман сақтайды деп жазады. Елінен безу, туған елін жемқорлықпен тонау тыйылмай кеткені, жағымпаз, екіжүзді, тойымсыздыққа ұрынғаны ұлттық астан қағылғанының кесірі ме екен. Ұлттық ас, негізгі қорек көзі сүттен жасалатын. Сәкен Сейфуллин «Жазғы далада» атты өлеңде жетім баланың портретін жасайды: «Қойшы жүр жалғыз қимылдап, / Әр қойды сауып идіріп. / ...Тақырда жанад кішкене от, /Сүт пісірмек «қорықтап». / ...Сүт пісірмек қой сауып, / От жағып өртеп «қорық тас». / ...Айдалада кішкене от, / Жалғыз қойшы... тас қорық...» Сәбит Мұқанов «Тіпті көне заманда су, сүт сияқты сұйық нәрсені «тас қорықпен» қайнатады екен. Ол тасты отқа қыздырып алып, сұйық құйылған ыдысқа тастаса, біраздан кейін сұйық бұрқылдап қайнайды. Бұл тәсілді ауылдың қойшылары соңғы кезге дейін қолданып, далада «тас қорықпен» сүт қайнатып ішкен. Осындай тәсілмен пісірілген дәмді сүтті өзіміз де ішіп көрдік» деп жазады («Халық мұрасы» атты кітабынан). Нұрлан Мәукенұлы көз алдында ескілікке айналып бара жатқан дүниені «Бойжеткенсің баурайда тобылғылы, / Торы жүзден төгілді көңіл мұңы. / Өкпеңді өзіме айтып тарқатпасаң, / Таңғы түс тәрізді ғой өмір мұңы. / ...Кей-кейде кезбе күндей саяқ кетем, / (Қорықтық ішкен қойшы тоятты екен...) / ...Дәруішің далада жүргенінде / Қорқыныш нешеме сан оятты екен...» деп жырға қосты. Саба ыстайтын тобылғы, тасты отқа қыздырып, қой-ешкіні сауып ішетін қорықтық, мұны қалада өскен қазақ баласы білмейді ғой. Жатжерлік небір зиянды қоспалардың атын жатқа біледі. Біртекті әлемге телміру ұлттық кодты бұзып жатыр. Тым құрыса, кітап оқымайтын яки аз оқитын ұрпаққа анимациялық фильм арқылы қорықтықты визуалды бейнелеп, киноның шапшаң тілімен осындай шедевр әңгімені экран арқылы шебер берсе тектік санасы жаңғырар еді-ау.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы