Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2022

Жанайқайға ұласқан жолдың «жыры»

251 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Жол қадірін жүрген біледі» дейді халқымыз. Елімізде кейінгі жылдары республикалық маңыздағы автожолдардың жай-күйі біршама жақсартылғанымен, жергілікті жолдардың жағдайы сын көтермейді. Осыған орай Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», деп Үкіметке тапсырма берді.

Жанайқайға ұласқан жолдың «жыры»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қызмет бабымен еліміздің барлық өңірін аралап, олардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін салыстыра зерделегенімізде көңілге түйгені­міз – Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңыздағы автожолдарының жай-күйі өте нашар екендігі.

Мұның бір себебі – Кеңес заманында Көкшетау облысын басқарған белгілі мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков әрбір ауылдық елді мекенге асфальт жол салдырған болса, көршілес Солтүстік Қазақстан облысында бұл мәселеге жете көңіл бөлінбеген. Әсіресе қазақтар көбірек қоныстанған Жамбыл ауданының көптеген елді мекендеріне, соның ішінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сынды көрнекті жазушылардың ауылдарына да асфальт жол бұйырмаған. Бұрынғы Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданына қарасты «Красная крепость» ұжымшарының 3 шақырымдай жердегі шошқа фермасына асфальт жол тартылғанымен, осы шаруашылықтың дәл сондай қашықтықта орналасқан бөлімшесі – Құралай ауылына дұрыс грейдер жол да салынбаған. Өкінішке қарай, Құралайға әлі күнге асфальт жол салынбай, ауыл тұрғындары қиыршық тас төселген грейдер жолға қанағат етіп отыр.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысына қосылған бұрынғы Көкшетау облысының бес ауданындағы асфальт жолдар да әбден тозғанымен, барар жеріңе өгізаяңмен әупірімдеп жете аласың. Ал Жамбыл ауданының бірқатар ауылының тұрғындары жазғы-күзгі лайсаңда, қысқы боранда жеңіл көлікпен грейдер жолға шыға алмай, ат-арба, трактор іздеп әуре болып, машақат шегіп жүр.

Солтүстік Қазақстан облысы авто­жолдарының нашарлығының тағы бір себебі осы өңір экономикасының бас­ты саласы – егіншілікпен байланысты. Күзде астық тиеген ауыр салмақты жүк автомобильдері жаңадан салынған автожолдарды да бір-екі жыл ішінде жаншып бүлдіріп, жеңіл көлік жүре алмайтын жағдайға жеткізгенін көріп жүрміз. Бұл мәселеде қатаң тәртіп орнату қажеттігі туралы қанша айтылып жатса да, «баяғы жартас, бір жартас» қалпында қалып, ешқандай пәрменді шара қолданылмай келеді. Солтүстікқазақстандықтар енді Мемлекет басшысының Жолдауына үлкен үміт артып отыр.

Шынтуайтында, солтүстік­қазақ­стан­дық­тар ондаған жыл бойы жақтары талмай айтып келе жатқан жолдың «жыры» бүгінде олардың жанайқайларына ұласқан. Тоз-тозы шыққан ауданішілік автожолдар, әсіресе науқастардың аудан орталықтарындағы ауруханаларға уақтылы барып емделуіне қиындық тудырып тұр. Ауданішілік жолдардың жай-күйін қадағалауға аудан әкімдіктері міндетті болғанымен, олар бүлінген жолдарға асфальт төсемек түгіл, қиыршық тас шашуға да мүмкіндік таба бермейді. Себебі аудандық бюджеттерде ішкі жолдарды жөндеуге қаржы жетіспейді.

Қызылжар өңірі – «ақ қайыңдар өлкесі» атанған, табиғаты сұлу, тарихи-мәдени орындары көп, еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден туристер ағылып келіп жататын өңір. Әсіресе Айыртау ауданының жөні бөлек. Мұнда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген әйгілі Ботай қонысы негізінде республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы құрылған, Айғаным қонысы, Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық музейі, Ақан серінің зираты, жағасына қырық шақты туристік объекті салынған Имантау, Шал­қар атты суы мөлдір айдын көлдер орна­ласқан. Осындай тарихи орындарды та­ма­шалауға, курортты аймақта демалуға келе­тін меймандар жол  машақатын көріп жүр.

– Айыртау ауданындағы республика­лық маңыздағы үш тарихи-мәдени объектіге сапар шегуші туристер көптен бері жол қиындығын көріп жүр.  Ботай қонысы орналасқан Никольское ауылына, Айғаным қонысына және Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этно­гра­фия­лық музей орналасқан Сырымбет ауылына баратын автокөлік жолдарының жағдайы өте нашар. Оның үстіне, туристердің Никольское ауылынан Ботай қонысына Иман Бұрлық өзені арқылы жеңіл автомобильмен өтуі де оңай емес. Себебі аталған өзеннен өтетін көпір салынбағандықтан, туристер рельстерден құрастырылған тар да қауіпті өткел жолмен кезектесіп өтуге мәжбүр, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейдің директоры Уәлихан Құлбаев.

Ол осы көкейкесті мәселені 2018 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттарына айтып, көмек көрсетуді сұраған екен. Олар сол кездегі Инвестициялар және даму министрінің атына арнайы хат жолдап, тиісті ұсыныстар енгізіпті. Нақты айтқанда, аудандық маңыздағы, ұзындығы 27 километр Саумалкөл – Сырымбет және ұзындығы 50,3 километр Каменный Брод – Никольское – Ботай қонысы жол учаскелерін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне қосу және оларға реконструкция жасау мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Өйткені «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 3-бабының 2-тармағының 2-тар­мақ­шасында: «Республикалық маңы­зы бар автомобиль жолдарына... респуб­ликаның және көршілес мемлекеттердің әкімшілік, мәдени және экономикалық орталықтары арасында көлік қатынасын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары, сондай-ақ қорғаныстық маңызы бар авто­мобиль жолдары жатады», деп  көрсе­тіл­ген. Ал Ботай қонысы, Айғаным қоны­сы және Шоқан Уәлиханов атындағы тари­хи-этнографиялық музей еліміздің мәде­ни орталықтары болып саналады. Сон­дай-ақ еліміздегі туризмді дамыту мақ­сатында Иман Бұрлық өзенінің үстінен Николь­ское ауылынан Ботай қонысына өтетін авто­к­өлік көпірін салу қажеттігі айтылған.

Аталған хатқа министрлік берген ресми жауапта: «Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі №562 қаулысының 33-тармағында жалпы ұзындығы 504 километр болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігінен республикалық меншікке беру көзделген.

Осыған байланысты, Саумалкөл – Сырымбет және Каменный Брод – Ни­кольское – Ботай автомобиль жолдарын республикалық меншікке қабылдау мә­селесі алдағы жылы Қазақстан Респуб­ликасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырылатын болады.

Сонымен қатар Никольское ауылынан Ботай қонысына дейінгі автомобиль жолында Иман Бұрлық өзені арқылы өтетін 2 көпір бар, олар қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлу көзделуде», делінген.

Алайда содан бері төрт жылдай уақыт өтсе де, министрлік берген уәде әлі орындалмаған болып шықты. Ботай қонысы мен Сырымбет ауылына баратын жолдардың жазда шаңы шығып, ойдым-ойдым тұстары автокөліктерді асау аттай «мөңкітіп», жолаушылар мен туристердің жүйкелерін жұқартып тұр. Иман Бұрлық өзенінің үстінен Ботай қонысына баратын көпір салу мәселесі де шешілмепті.

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Ақтас ауылы мен Айыртау ауданының Светлое ауылының арасындағы ұзындығы 6 шақырым жол бір кезде Солтүстік Қазақстан облысы мен бұрынғы Көкшетау облысын байланыстыру үшін салынған екен. Оны кезінде бір иманды басшы топырақ үйгізіп жасатыпты. Тек қысқы боранды күндері қар басып, жазғы жауынды-шашынды күндері мидай езіліп, автокөлік жүре алмай қалады.

Светлое ауылы өзі қарайтын Айыртау ауданымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының құрамына қосылғалы жиырма бес жылдан асты. Ширек ғасыр ішінде бұл жол бір дұрыс жөндеу көрген жоқ. Ал Айыртау ауданының Светлое, Қарақамыс, Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Шолақөзек сияқты ауылдарының тұрғындары әрқилы шаруамен облыс орталығы – Петропавлға әлі де осы жолмен барғанды құп көреді.

2018 жылы Дәуқара ауылының азаматтары облыс әкіміне хат жолдап, Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое жолын және Светлое – Ақтас жолын жөндеуге жәрдемдесуін сұрапты. Оған әкімнің жол саласына жетекшілік жасайтын орынбасары қол қойған жауапта Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое автомобиль жолын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасалып, 2019-2020 жылдары жөнделетін жолдар тізбесіне енгізілетіні, ал Светлое – Ақ­тас жолы бұған дейін ешкімнің иелі­гін­де болмағандықтан Айыртау ауданы әкім­дігінің балансына алынатыны хабарланған.

Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің уәдесі де қағаз жүзінде ғана қалған. Жуырда Дәуқара ауылында болғанымызда жергілікті тұрғындар елу шақырым жердегі аудан орталығы – Саумалкөл ауылына бару үшін шұрқ-тесік жолда екі-үш сағат уақыттарын шы­ғындайтынын, әрі жеңіл көліктерін мер­зімінен бұрын тоздырып жүргендерін ай­тып шағынды. Ақтас – Светлое жолы да еш жөн­деу көрмей, жылдан-жылға бүлініп барады.

Солтүстік Қазақстан облысында жер­гілікті жолдар ғана емес, республикалық маңыздағы жолдардың сапасы да оңып тұрған жоқ. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғындары Тоқсан би және Дружба ауылдарының арасындағы автомобиль жолының нашарлығынан қиындық көріп отыр. Бұл, ұзындығы 53 километр жол учаскесі апатты жағдайда болғандықтан, онда жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. Ал оған жүргізілген күтіп ұстау жұмыстары жөнді нәтиже бермей, бүгінде кәдімгі грейдерге айналған. Осы мәселе бойынша жазылған шағымға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі: Жезқазған – Петропавл авто­жолының сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы аясында атал­ған жолды толық реконструкциялау жос­парланып отыр. Оған дейін осы жол­дың техникалық жай-күйі күтіп ұстау жұмыс­тары арқылы сақталатын болады», деп жауап беріпті.

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы. Әйтпесе, ұзындығы 1100 километрден асатын республикалық маңыздағы Жезқазған – Петропавл автомобиль жолын түгелдей реконструкциялап шығу үшін ел қазынасынан ондаған миллиард қаржы бөлінуін күтіп, қол қусырып отыру қисынға келе ме? Осы асфальт жолдың көлік жүруге жарамды тұстарын жөндеуді кейінге қалдырып, алдымен Тоқсан би мен Дружба ауылдары арасындағы 53 километрлік жол учаскесін реконструкциядан өткізуге неге болмасын?!

 

Солтүстік Қазақстан облысы