Әлем • 30 Қыркүйек, 2022

Мелони – Италия премьер-министрі

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Италияның билік басына алғаш рет әйел тағайындалмақ. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сайлауда жеңіске жеткен Джорджи Мелони Италия премьер-министрі қызметіне ресми түрде келесі айдан бастап кіріседі.

Мелони – Италия премьер-министрі

Ресми мәліметтер бойынша Джорджи Мелонидің «Ағайынды Италия» партиясы 26 пайыздан астам дауыс жинаса, Маттео Саль­ви­нидің Лигасы (немесе Солтүстік Лигасы) 8,78 пайыз дауысқа ие болды, Сильвио Берлусконидің «Алға, Италия!» партиясы оңшыл коалицияға тағы 8,12 пайыз дауыс қосты. Exit poll қорытындысы бойынша 26,14 пайыз ұпаймен солшыл орталық партиялар екінші орынға жайғасқан.

Джорджи Мелонидің сайлауалды науқаны «Италияны әйел бас­қа­ра­тын кез келді» ұранымен өткен. Ол Италия Республикасының үкіме­тін басқарған тарихтағы алғаш­қы әйел болмақ. Оның бағдар­ламасы «Құдай, Отбасы, Отан» триа­дасына арналған. Ал бұл «дәс­түрлі патриархалдық қоғамның құндылықтарымен сәйкес келеді», дейді сарапшылар. Мелонидің бағдарламасында әйелдердің еңбек нарығына қатысуын арттыруға бағыт­талған нақты шаралар туралы тікелей нұсқау жоқ. Алайда сарап­шы мамандар нәзік жандарды қол­даудың, ерлер мен әйелдердің жалақысындағы теңсіздікті жоюдың жалпы белгілері бар екенін айтады.

Сайлау қорытындысы бойынша билікке бірінші оңшыл коалициялық үкімет келуі керек. Алайда оның пайдасына шешілген дауыс беру нәтижелері бойынша коали­циядағы ережелерді Джорджи Мело­ни айқындайтын болады. «Ағайын­дылар» партиясының басшысы өзі басқаратын Италияның жаңа үкіметінің бүгінгі итальян қоғамын екіге бөліп тұрған негізгі мәселелерге қатысты ұстанымы қандай болмақ?

Қазіргі кезде Италияда заңсыз иммиграциямен күрес мәселесі өзекті болып тұр. Заңсыз иммиграция азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына қауіп төндірері сөзсіз. Ал Мелони болса халықаралық қауымдастық тарапынан айтылатын сыни пікірлердің алдын алу үшін сайлау науқаны кезінде ол туралы көп айтпауға тырысты. Ол теңіз блокадасын орнату қажеттігін ға­на алға тартты. Бұл тұрғыда сарап­шылар Мелониді «заңсыз имми­грациямен күресте жұмыс істемейтін тұлға» ретінде танып отыр.

Десе де, орталық оңшылдар елде біркелкі мөлшерлемеге негізделген пропорционалды салық жүйесін енгіземіз деп уәде беріп отыр. Оны негізі 1994 жылы Сильвио Бер­лускони профессор Антонио Мартиномен бірге енгізбек болған. Қазірде жаңа үкімет жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 23 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме енгізуді ұсынып отыр. Оған сәйкес жылдық табысы 65 мың еуродан төмен екі миллионға жуық салық төлеуші 15 пайыз мөлшерінде бір реттік салық төлей отырып, біркелкі мөлшерлеме режімін пайдаланады.

Ал Еуропалық одақтағы Ита­лияның ендігі ұстанымы қандай болмақ? Негізі Джорджи Мелони мен Маттео Сальвини Еуроодаққа қара­ғанда ұлттық басымдықты жақтай­тындардың қатарында. Берлускони болса Орталық оңшыл коалиция құрылғаннан бері одақтастары мен Еуроодақ арасындағы көпір ретінде жүрді. Дегенмен шындығында Мелони бастаған үкіметтің Еуропада өзін қалай ұстайтыны әлі белгісіз.

Сарапшылар Мелонидің Украинадағы қақтығыс туралы пікірі қандай екеніне де назар аударды. Олардың айтуынша, осы жылдар ішінде Джорджи Мелони Владимир Путин туралы оң көзқараста болып, оған өз елінің мүддесін табандылықпен қорғағаны үшін құрмет көрсетіп келген. Бірақ 24 ақпаннан кейін ол Украинаға әскери және экономикалық қолдау көрсетуге атсалысып, үнемі қолдап келеді. Осылайша, Киевке әскери және экономикалық көмек көрсетіп, сондай-ақ Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларын қолдау жақын болашақта жалғасын таппақ.

Жаңа шақырылымдағы пар­ламенттің бірінші сессиясы 13 қазанға белгіленген. Екі пала­таның спикерлері сайланады деп жос­парланып отыр. Басқару иерархия­сының екінші және үшінші орындарын кім алатыны анықталғаннан кейін мемлекет басшысымен консультациялар басталады. Олар 17-18 қазанға жоспарланады, деп хабарлайды Sky TG24 арнасы. Сарапшылардың айтуынша, жаңа билік ЕО белгілеген мерзімнен кейін бюджетті дереу бекітуі керек. Бұл жерде, Драги жақтаушылары Марио Драгидің бұрынғы үкіметінің жобасын негізге алуға болатынын алға тартады.

Саны үштен біріне қысқартылған болашақ парламенттің түпкілікті құрамы біршама күрделі пропор­ционалды-мажоритарлық жүйе бойынша белгіленеді, бірақ бір мандатты алып тастауға байланысты бірқатар белгілі саясаткерлердің тағдыры күмән тудыруда. Мәселен, соңғы үкіметтің Сыртқы істер министрі Луиджи Ди Майо жаңа шақырылымдағы парламентке кірмейді.

Джорджи Мелони 13 қазаннан кейін ел президенті Серджо Маттарелладан жаңа үкімет құру мандатын алады деп күтілуде, осылайша ол келесі айдың соңына таман қызметіне кіріспек.

Италияның бұрынғы премьер-министрі Марио Драги үкімет басында отырғанда 2021 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 10 млрд долларға жуықтаған. Соның 8,4 миллиард доллары біздің экспорт болса, 1,6 миллиар­ды импорттық тауарлар.

Қазақстанның сыртқы тауар айналымы бойынша үшінші орында тұрған мемлекет те – пицца мен пастаның отаны Италия. Қазақстан Апеннин түбегіне негізінен шикі мұнай, газ конденсаттарын, мұнай өнімдерін, мазут, мыс, алтын, мырыш секілді шикізат жібереді. Ал Италиядан көлік, құрал-жабдық және шарап алады екенбіз. Жалпы, Италия – Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі. Мәселен, тәуелсіздіктің 30 жылында Италия елімізге 6,7 миллиард доллар қаржы құйған екен.

Айтпақшы, тағы бір дерек. Ита­лия мен Қазақстан арасындағы дип­ло­матиялық қатынас тамыз айында ор­наған. Бұдан бөлек, мемлекет бас­шылары да бірнеше рет өзара рес­ми және жұмыс сапарымен барып қайтқан. Қысқасы, екі ел арасын­дағы байланыс жоғары дең­гейде деп айтсақ қателеспей­міз.