Пікір • 30 Қыркүйек, 2022

Мақсат – анық, бағдар – айқын

414 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2023-2024 жылдар Қазақстан үшін экономикалық өсу тұрғысынан қиын болатынын ескерсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешудің нақты бағдарламасы деп қабылдауға болады. Өйткені құжатта еліміздің әл-ауқатын арттыруды мақсат тұтқан нақты талап-міндеттер айтылады.

Мақсат – анық, бағдар – айқын

Жолдаудағы Қ.Тоқаевтың Пре­зидент сайлауы туралы шешімі орынды болғанын атап өткім келеді. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сон­дық­тан мен өкілеттік мер­зімін қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын. Мен де көп ойланып, президенттік мерзімдердің саны мен ұзақтығын қайта қарау керек деген қорытындыға келдім», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы эконо­микалық құлдырау ықти­малды­ғының алдын алуға негіздеген, бәрі алдын ала ескерген, екшелген дұрыс шешім екені анық. Егер Қазақстанда президенттік сайлау 2024 жылы өтетін болса, қазіргі билеуші партияның бұл жағдайдан лайықты түрде шыға алатынына сенім аз. Ал қазір мемлекетімізде мақсат та, бағдар да айқын.

Елімізде бірнеше жылдан бері төлем балансының теріс сальдосы байқалып жүр. Бұл Қазақстанның өз мүмкіндігінен тыс қарыз ала бастағанын көр­сетеді. Соңғы бірер аптада мұнай бағасы төмен­дей бастағанын көріп отырмыз. «2023 жылы шикі­зат бағасы төмендейді» деген әлемдік сарап­шылардың болжамдары дөп келіп тұр. Мұндай жағдайда төлем балансының теріс сальдосымен қоса, бізде сауда балансының теріс сальдосы да болуы мүм­кін. Ал қолға алған әлеуметтік бағдарламаларымыз орын­далмаса, әлеуметтік қақты­ғыс­тар туындау қаупі бар. Сон­дықтан Мемлекет басшысының кезек­тен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын жаңа реформаларды жүзеге асыруға бағытталған қадам деп қабылдаған жөн.

Президенттің 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аудару туралы ұсыны­сы да көптің көңілінен шық­ты. Экономистердің де бұл шешім туралы көзқарасы оң. Бұл қадамды Мемлекет басшы­сының сайлауалды уәдесі деп емес, осы күнге дейін орында­лу­ға тиіс мәселенің қолға алынуы деп қабылдауымыз керек.

Мемлекет басшысы «Қазақ­станның қазба байлық­тарында халықтың үлесі бар» дегенді жиі айтады. Мұндай ұсыныстар тәуел­сіз сарапшылар тарапынан жиі ай­тыл­ғанымен осы уақытқа дейін орын­далмай келгенін бәрі­міз біле­міз. Егер бұл ұсыныс­ты мұ­най дәурені жүріп тұрған 2000-жыл­дардан бастап қолға алған­да, қазір балалардың үлесі туралы анағұрлым жетіл­дірілген ұсыныстарды талқылап отыратын едік.

Бұл жолы текке айтылған жоқ, оның орындалу тетіктеріне дейін талданды. Алдағы уақытта 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін төлем мемлекеттің кірісіне қарай өсе береді деп үміттенемін. Шын мәнінде, бұл бастама – Ресейдегі аналық капиталдың аналогі. Қаражатты дұрыс бөлсе, кез келген жас жиналған қаржыны өз елінде білім алуға жұмсап, кәсіп ашуға мүмкіндік алады.

Елде мүлдем тиімсіз болып қалған мемлекеттік капитализм­нің үстемдік етіп келгенін біле­міз. Бұл ішкі нарықтағы заңды­лық­тардың сақталуына кері әсерін тигізді. Соның салдары­нан шенеуніктер де, халық та мем­­лекеттік патернализмге үйре­­ніп қалды, өйткені шын мәнін­­де соңғы жылдары елімізде бәсе­ке­­лестік болған жоқ. Нақты бір топ­тар 2008 жылдан бері кей­бір нарықтарды монополия­лап алды.

Мемлекет қант, жанар-жағар­май сияқты тауарлардың баға­­сын реттеуге тырысып жатыр. Бірақ халық үшін өте ма­ңыз­ды болып саналатын осындай мәселелерде биліктің қанша­лық­ты жетістікке жеткені маңызды. Сол себепті бұл мәселені популизмге айналдырмай, нақты іске асырған дұрыс. Қазіргі таңда тауарлардың қымбаттауы белгілі бір деңгейге жетті. Оның ендігі жерде көтеріле беруі мем­лекеттің имиджіне кері әсерін тигізеді. Алдағы уақытта тек мем­лекеттің мүмкіндігі мен үкі­меттің біліктілігі сынға түседі.

Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қорын инвесторға айналдыру керек деген пікірі де салмақты. Бірақ жеке басым «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ты трансформациялаудың пайдасы жоқ, қорды таратқан дұрыс деп санаймын. Қордың 2010 жылға дейін алға қойған мақсаттары орындалды, 2010 жылдан бергі мезгілде жақсы нәтижеге жетті деп айта алмаймын. Ел ішінде қор активтерін халықтық IPO-ға салып, қоғам­мен байланысын қайта жаңғырт­қысы келеді деген пікір бар. Бірақ бұл да мезгілінен ерте айтылған ұсыныс.

Қазақстанда бірде-бір халық­тық IPO сапалы деңгейде жүзе­ге асырылған жоқ. Өйткені ак­ция­лардың бір бөлігін инвес­тор­лардың белгілі бір тобы са­тып алған. Оған қоса қазір халық қар­жы нарығына сенбейді, өйт­кені бұрын тым көп нысандар мо­но­полияда болған. Ал оларды кері қайтару қиын жағдайда жү­ріп жатқанын білеміз. Сондай-ақ ха­лықтың қаржылық сауаты төмен, халықтық IPO акцияларын сатып алуға қаражаты да жоқ.

Президент Жолдауында «мүм­­­кін­дігіне қарай өмір сүру­ді үй­рену керек» деп атап өтті. Бюд­жеттік саясат моделі «бюд­жеттік басқарудан» «нәти­же­лерді басқаруға» көшу арқылы ре­­фор­­маланады. Сондай-ақ жаңа Бюджет кодексін қабылдау қа­жет­­тігі туындайды. Бұл ретте мына жайттарға назар аудару керек.

Аймақтар ережелер бойынша өмір сүруі керек: қанша табыс тапсаң, соны жұмсайсың. Қазір бізде 17 облыс, республикалық маңызы бар үш қала бар. Алматы, Астана, сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстары сияқты қалалар кейбір өңірлер үшін донор болса, басқа өңірлер мем­лекет­тік бюджеттен субсидия ала­ды. Бұл жағдайды Салық және Бюд­жет кодекстерін түзету арқы­лы өзгерту керек. Әйтпесе, өңір­лер салық түсімдерін артты­руға және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытуға мүдделі болмайды.

 

Мағбат СПАНОВ,

экономист

 

АЛМАТЫ